Жаңалық Редакция таңдауы

Қызыл кітап: қызғылт қоқиқаз бен бұйра лалагүл

«Қазақстанның Қызыл кітабы» айдарының бүгінгі саны жануарлар санатынан қызғылт қоқиқаз жайында, өсімдіктер санатынан бұйра лалагүл туралы болмақ.

Қызғылт қоқиқаз — ғажайып құс. Салмағы — 3-4 кг. Аяқтары мен мойны ұзын. Қазақ халқы оны «қызылқаз» деп те атайды, себебі оның жоғары және төменгі жабынды және қақпа қауырсындары ашық қызғылт, ал құс қазға ұқсайды. Басы кішкентай болғанмен, тұмсығы үлкен және ортасынан бөлінгендей — майысқандай болып көрінеді. Бұл құстар колониясымен тіршілік етеді. Олардың ұшқанда көтерілуі қиындау, алдымен олар ұзақ таяз су жағалауында қанаттарын қағып, жүгіріп барып көтеріледі. Тіршілігінің барлық дерлік уақытында аяғымен тік тұрады, тіпті ұйықтағанда да бір аяғын көтеріп ұйықтайды. Олардың тіршілігі үшін суы таяз әрі тұзды су айдындары өте қолайлы. Саны жылдан жылға азайып барады. Қазақстанда қоқиқазды қорғау мақсатында Қорғалжын қорығы ұйымдастырылған. Қоқиқазды атуға мүлде тыйым салынған. Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.

Бұйра лалагүл – Алтай, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар) Алатауында кездеседі. Орманды, таулы, шалғынды жерлерде өседі. Биіктігі 60 — 100 см, сабағы түкті. Жапырағы таспа, немесе қандауыр пішінді, ұзындығы 8 — 10 см, ені 1,5 — 2 см. Гүлдері ірі, жеке немесе шашақ гүл шоғырына топталған. Ашық қызыл, қызыл сары түсті қара дақтары бар, түкті, олар түтік немесе қоңырау пішінді, ұзындығы 13 — 15 см, хош иісті. Жемісі — қауашақ, көп тұқымды. Маусым — шілдеде гүлдейді. Лалагүл әсемдік үшін ерте заманнан бері қолдан өсіріледі. Одан медицинада дәрі жасалады, бояу алады, жуашығы тағамға жарамды, гүлінен ара бал жинайды, эфир майы алынады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button