Жаңалық Редакция таңдауы

Қызыл кітап: Сабаншы мен шолпаншаш сүмбілі

Қызыл кітап – сирек кездесетін түрлердің санының қазіргі жай- күйін көрсететін құжат. «Қызыл кітапқа» жойылып кету қаупі төнген, сирек кездесетін, ғылыми тұрғыдан әлі толық зерттелмеген, жылдан-жылға саны күрт азайып бара жатқан, қорғауды қажет ететін өсімдіктер мен жануарлардың түрлері тіркеледі. «Қазақстанның қызыл кітабы» айдарында жойылып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктерге тоқталатын боламыз.

Ең алдымен «Қызыл кітап» жайлы айтып өтсек, «Қазақстанның Қызыл кітабы»  1978 жылдан шығарыла бастады. Оның омыртқалы жануарларға арналған бірінші бөлімі жеке кітап болып 1978 жылы жарық көрді. «Қазақстанның Қызыл кітабының» екінші бөлімі 1981 жылы өсімдіктерге арналып шығарылды.

Бірінші басылым. «Қазақстанның Қызыл кітабының» бірінші басылымына тіркелген өсімдіктер мен жануарлар түрлері екі категория бойынша: А категориясы – жойылып кету қаупі төнген түрлер; Б категориясы – сирек кездесетін түрлер деп берілді. «Қазақстанның Қызыл кітабының» жануарларға арналған бірінші басылымында омыртқалы жануарлардың 87 түрі: балықтың 4, қосмекенділердің 1, бауырымен жорғалаушылардың 8, құстардың 43, сүтқоректілердің 31 түрі тіркелді.

Екінші басылым. «Қазақстанның Қызыл кітабының» толықтырылған екінші басылымы шықты. Кітаптың екінші басылымына омыртқалы жануарлардың 129 түрі мен түр тармақтары тіркелді. Онда балықтардың 16, қосмекенділердің 3, бауырымен жорғалаушылардың 10, құстардың 58, сүтқоректілердің 42 түрі мен түр тармақтары туралы мәліметтер берілген. «Қазақстанның Қызыл кітабының» екінші басылымында алғаш рет омыртқасыз жануарлардың 105 түрі берілді, онда жәндіктердің 96, шаянтәрізділердің 1, ұлулардың 6, құрттардың 2 түрі туралы деректер тіркелген.

Үшінші басылым. «Қазақстанның Қызыл кітабының» үшінші басылымы қайта өңделіп, әрі толықтырылып, қазақ тілінде шықты. Бұл үшінші басылымның бірінші томы «Жануарлар», оның бірінші бөлімі «Омыртқалылар» деп аталды. Онда омыртқалы жануарлардың 125 түрі мен түр тармағы туралы деректер берілген. «Қазақстанның Қызыл кітабының» үшінші басылымында тіркелген жануарлар түрлері 5 категория бойынша:

1-категория – жойылып бара жатқан;
2-категория – саны жылдан-жылға күрт азайып бара жатқан;
3-категория – сирек кездесетін;
4-категория – ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген;
5-категория – қалпына келтірілген түрлер деп берілген. «Қазақстанның Қызыл кітабының» үшінші басылымында тіркелген омыртқалы жануарлар түрінің қандай отрядқа, қандай тұқымдасқа жататыны және әрбір жеке түрге қысқаша қазақша, ағылшынша деректер берілген. Сонымен бірге әрбір тіркелген түрдің суреті, Қазақстан аумағында таралуын көрсететін карта және сол жануардың түріне қатысты ақпарат көздері (кітаптар, мақалалар) көрсетілген. «Қазақстанның Қызыл кітабының» өсімдіктерге арналған бірінші басылымында өсімдіктердің 307 түрі тіркелген. Онда жабықтұқымдылардың 288, ашықтұқымдылардың 2, қырыққұлақ тәрізділердің 3, мүктердің 3, саңырауқұлақтардың 10, қыналардың – 1 түрі берілген.

Айдарымыздың бірінші саны сабаншы (манул) мен шолпаншаш сүмбілі жайлы болмақ.

Сабаншы (Otocolobus manul немесе Felis manul) – жыртқыштар отрядының мысықтәрізділер тұқымдасына жататын аң. Қазақстанда Маңғыстауда, Үстіртте, Мұғалжар жотасында, Қаратауда, Тянь-Шаньда, Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауларында, Тарбағатайда, Оңтүстік Алтайда, Сарыарқада тараған.  Дене мөлшері үй мысығындай, тұрқы 52-65 см, салм. 4-5 келі. Үлпілдек жүні ашық сұр, қоңырқай түсті, арқасында көлденең жіңішке 6-7 қара жолағы болады. Құйрығы келте, арқасындағы 8 қара жолағы анық көрінеді. Құлақ қалқандары өте кішкентай, самайында шоқша сақалы бар. Шөл далада тіршілік етеді. Інін жартас арасына салады, ірі кеміргіштердің індерін де мекендейді. Ақпан-наурыз айларында мауығып, сәуір-мамырда мысықтайды (2 — 8 аралығында). Қорегі — кемірушілер (тоқалтістер, шақылдақтар), торғайтәрізді құстар. Жемін ымыртта, түнде аулайды. Сабаның кәсіптік маңызы шамалы болғанымен ғылыми мәні құнды. Саны өте аз, сондықтан қорғауға алынған.

Шолпаншаш сүмбілі – Қазақстанда өте сирек кездесетін өсімдік түрі. Жекелеген оқшау популяциялары Жоңғар Алатауы, Солтүстік және Батыс Тянь-Шаньда кездеседі. Жалпы Орта Азиядан басқа Оңтүстік Еуропада, Қырымда, Кіші Азияда кең таралған. Тіршілік ету ортасының өзіндік ерекшелігімен сипатталады, яғни көлеңкелі ылғалды ізбесті және сарқырамаға жақын, жылғалар жағалауындағы тау жыныстары шатқалдарында өседі. Өте әдемі, әсем де нәзік қырыққұлақ. Қыстайтын жапырақтарының қалемшелері жіңішке жылтыр қара қоңыр түсті. Олар шашқа ұқсас, сондықтан «шолпаншаш» деген атқа ие болған. Мәдени түрде кең өсіріледі, көбіне төселе өсетін тамырсабақ кесінділері арқылы, сирек споралары арқылы көбейеді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button