Жаңалық

«Qyzyljar» арт-орталығы ашылды

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Петропавл қаласында тағы бір мәдени ошақ бой көтерді.

Нысанның эскиздік жобасын осы өңірдің тумасы, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Болат Асербеков әзірледі. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан ашылған «Қызылжар» арт-орталығының құрылысы 2020 жылдың күзінде басталған. Оған облыстық бюджеттен 120 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтарға жергілікті суретшілердің туындыларын тамашалауға, түрлі қолөнер бұйымдарын өз қолдарымен жасап үйренуіне жасалған мүмкіндік. Орталық күн сайын кешкі сағат 23.00-ге дейін жұмыс істейді.

Ашық аспан астында орын тепкен орталықтың жұмысы көктем-жаз мезгілінде жанданып, өнерсүйер жұртшылықтың қызықты демалыс орнына айналып үлгерді. Онда түрлі көрмелер ұйымдастырылып, жергілікті қолданбалы өнер шеберлері мен суретшілердің басы қосылып, келушілерге арналған шеберлік сағаттары өткізіледі.

«Демалушылар мұнда келіп түрлі тақырыпта көркем фильмдер де көре алады. Және зергерлік бұйымдар, суреттер немесе шебердің қолынан шыққан бұйымдарды сыйлыққа сатып алу мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, дәмханалар да қонақтарға өздерінің ерекше тағамдарын ұсынады. Жалпы біздің мақсатымыз тұрғындарға демалыс үшін жайлы жағдай жасау», дейді СҚО  музей бірлестігінің директоры Гүлнәр Мұқышева.

Мәдени-шығармашылық орталықтың аумағы үш аймақтан тұрады. Біріншісінде, өңірдің қолөнершілері бас қосып, өздерінің бұйымдарын халыққа қолжетімді бағамен сатады. Екіншісінде түрлі көрмелер ұйымдастырылып, шағын кинозалда фильм көрсетіледі. Үшіншісінде қолөнершілерге арналған шағын шеберханалар жұмыс істейді.

Арт орталықта жергілікті суретшілердің және «Қызыл-Оба құпиясы» көрмелері де жұмыс істеуде. Сондай-ақ, балалар мұнда робототехникамен айналысып, папперкрафт, қағазды модельдеуге үйрене алады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button