Жаңалық

ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚ СТУДЕНТ ӨҢІР ТАРИХЫН ЖАРНАМАЛАУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІН ТАПТЫ

Ол сакралды картаға енгізілген нысандардың бейнесін қалыпқа түсіріп, гипстен құяды. Қазір жас кәсіпкер өз өнімдерін жеткіншектерге таратып жүр, болашақта бұл істі бір жолға қойып, тұрақты кәсіпке айналдырмақ.

Өзіне қызықты істі бастаған жас адамның жанарында ізденістің, еңбекқорлықтың, қайырымдылықтың оты жанса, ісінің өрге басатынында сөз жоқ. Петропавлдық Жанат Кәкімов жеке кәсіпке қадам басқан өрелі жастардың бірі. Былтыр мектеп бітіріп, бүгінгі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде қаржыгер мамандығын меңгеріп жүрген студент оқумен қатар бизнесті қатар алып жүруге дайын.  Ойы жүйрік, еңбекке жақын Жанатты танитындар одан табысты кәсіпкер шығатынына күмән келтірмейді.

Кәсіпкерлік, іскерліктің қазанында қайнап, ата-анасына қаржылай көмек көрсету, болашағын қамтамасыз ету Жанаттың ойына кеше ғана қамшы салған арман емес. Мектеп қабырғасында жүріп ол кәсіпкер болуды мақсат етіп, кейін діттеген ойын жетілдіру үшін қаржыгер мамандығын таңдаған. Бастапқы кезде аяғынан тік тұрып кетуге демеу болатын жолдарды іздестіріп, кәсіпкерлікке көрсетілетін қолдау тетіктерін пысықтап барып, тың жобаны қолға алады. Оның бастамасы әзірге өңір тұрмақ, республика аумағында бірегей жоба. Жас кәсіпкер гипстен барельефтер жасауға арналған топтамалар жасаумен айналысады. Өнім – балаларды ойын мен өнерге баулудың құралы.

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің Бүниежүзілік банкпен бірге 2017 жылдан бері іске асырып келе жатқан «ZhasProject» әлеуметтік жобасына қатысқан жас кәсіпкер былтыр күзде 1 млн. теңге қайтарымсыз демеуқаржы ұтып алған. Бүгінде екі досымен бірге балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, ерекше күтуді қажет ететін жеткіншектерге арнап 500-ден астам топтама әзірлеп, сыйлыққа тартыпты. Бизнестің басын қайырымдылықтан бастаған жас кәсіпкердің бүгінде тілекшілері де, қолдаушылары да көп. Өнімдері тұтынушылардың көңілінен шығып, кәсіпке ауқымды жоспар құруға деген серпін де бар.

Жанат Кәкімов бастамасы ұтқыр жоба деп танылды. Сондай-ақ, тың идея елімізде қолға алынып жатқан бірқатар бағдарламамен сабақтас келеді. Мәселен, ол туризмді дамыту, өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, еңбекке баулу, өнерге үйрету сияқты мәселердің шешімін табуға үлес қосатын жоба.

Кәсіпкер үш тақырып бойынша, дәлірек айтсақ, еліміздің киелі жерлерінің,  ұлттық эпос жырлары кейіпкерлерінің, латын қарпін үйрену құралдарының гипс кескіндемелерін жасаумен бизнесін әрі қарай дамытамын деп отыр. Жанат солтүстіктің киелі жерлер картасына енген тарихи-мәдени орындарды арнайы компьютердің көмегімен кескіндеп, 18 нысан бойынша қалып жасап үлгірген. Кескіндеу, қалыпша жасау бизнесінің негізі. Тұтынушы дайын болған қалыпқа гипс қатырып, кейін бояса, өз қолымен жасалған туынды шыға келеді. Осындай әрекет үстінде бүлдіршіннің қандай шаттыққа бөлінетіндігін көз алдыңызға елестетсеңіз, кәсіптің үлкен бір пайдасына баға бересіз. Мұндай барельефтерді жасау кез-келген баланың демалысын мазмұнды етеді әрі олардың еңбек дағдыларын жетілдіріп, қиялын дамытады, қол-аяғын шынықтырады. Бүгінде Жанат қазақ халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің барельефтерінің макеттерін жасаумен айналысуда. Макет дайын болған соң фрезерлік станокта ағаш матрицаларды әзірлеп, пішіндер жасайды. Алдағы уақытта 3D форматын қолдану арқылы әр бұйымға деген қызығушылықты арттыра түсемін деп отыр. Әзірге қалып құятын құрылғыны жалға алып отырған кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының қаржылай демеуімен бизнесін кеңейтуге мүкіндік алып, өз станогін иемденсем деген арманның жетегінде.

Жанат Кәкімовтің жобасы Жастар корпусын дамыту жобасындағы үздік бизнес жоспарлардың бірі деп танылды. Оның жұмыстары үстіміздегі жылдың ақпан айында Астана қаласында өткен республикалық үздік тәжірибелер форумының көрмесіне қойылды.

Айнұр Нұрманғалиева,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button