Қызылорда филармониясы «ТҮРІКСОЙ» фестиваліне қатысты
«ТҮРІКСОЙ» Халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Балқан түбегіндегі Босня және Герцоговина мемлекетінде камералық оркестрлер фестивалі өтті. Түркі тілдес елдердің қатысуымен болған шараға Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қызылорда облыстық филармониясының камералық оркестрі қатысып, өнер көрсетті.
Қазақтың мәдени мұрасын дәріптеуші өнер ұжымы Сыр өңірінің аймақтық классикалық-музыкалық өнері мен орындаушылық дәстүрін әлемдік деңгейде насихаттады. Өнерпаздар концерттік бағдарлама аясында түркі халықтарының дәстүрлі әндерін, қазақтың танымал композиторы А.Серкебаевтың шығармаларын және А.Шнитке, И.Бах, П.Чайковский,А.Вивальди, Б.Кырвер сынды туындылары әлем халқының ортақ мұрасына айналып кеткен композиторлардың туындыларын орындады.
Сыр өңірінің өнерпаздары ұлттық төл өнерімізді түркі тілдес қаймана жұрттың алдында шарықтатып, көк байрағымызды биіктен желбіретіп оралды.
Гауһарай АМАНҒАЛИҚЫЗЫ