Қызылордада облыстағы киелі жерлер туралы арнайы зал ашылды
Зал экспозициясынан Қызылорда облысы бойынша жалпы ұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 12 тарихи-мәдени ескерткіш, өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген 35 тарихи-мәдени ескерткіштер туралы материалдар орналастырылды.
“Рухани қазына” кіші бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы аясында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде “Қасиетті Қазақстан және Археология” залы ашылды. Зал экспозициясынан Қызылорда облысы бойынша жалпы ұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 12 тарихи-мәдени ескерткіш, өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген 35 тарихи-мәдени ескерткіштер туралы материалдар орналастырылды.
Сонымен қатар, тарихшылар мен өлкетанушылардың облыстық форумы ұйымдастырылды. Осы орайда келушілер назарына музейдің қорындағы құнды археологиялық және этнографиялық экспонаттарынан “Өлкетану – мәңгілік ел мұрасы”тақырыбында көрме ұсынылды.
Бұдан басқа, тарихшылар мен өлкетанушылардың облыстық форумы жұмыстарының нәтижесінде тарихшы ғалымдар тарапынан ұсыныс пікірлер берілді. Сонымен бірге облыстық және аудандық мәдениет мекемелеріне “Қасиетті Қазақстан” базалық бағыты аясында аудандық тарихи-өлкетану музейлерінде “Қасиетті Қазақстан” залдарын, өлкетанушылар үйірмелері, клубтарын ашу, БАҚ-да қасиетті жерлерді насихаттау жұмыстарын үздіксіз жүргізу, жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандар арқылы сыртқы және ішкі туризмді дамытуды қолға алу туралы нақты тапсырмалар берілді.