Рахман қайнарының қасиеті жайлы не білесіз?
Құметті оқырман, порталымыз «Open Qazaqstan» айдары бойынша ақпараттық-танымдық материал жариялауды жалғастырады. Кезекті тақырыбымыз – «Рахман қайнары» мемлекеттік қорықшасы.
«Рахман қайнары» мемлекеттік қорықшасы Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданында етек жайған.
Көркем табиғатымен талайларды тамсандыратын қорықша емдік қасиетімен де әйгілі. Ондағы Рахман көлі қорықшаның символы іспеттес. Шипалы жылы су көзі асқазан, ревматизм, омыртқа сүйектері, жүйке, тыныс, улану, гинекологиялық аурулар, буындардың ауруы, және де теріге шығатын жараларды емдеуге қолданылады. Себебі арасан суының құрамында гидрокарбонаттар, натрий, кальций, радон, гранит секілді бірқатар химиялық элементтер бар. Сондай-ақ көлдің суы тұщы және көмір қышқылына аса бай.
Рахман қайнарының суы өлі. Көлде балық не жануар секілді ешқандай тіршілік көзі жоқ. Қайнардың суы тек дәрілік мақсатта қолданылады.
«Рахман қайнары» атауы қандай мағынаны білдіреді?
Қайнар жайында халық арасында түрлі аңыз-әңгімелер тараған.
Жылы су көзінің емдік қасиетін 1763 жылы Рахманов деген аңшы ашқан көрінеді. Аңшы саясатшылық құрып жүріп мылтығымен маралды жарақаттайды. Жануардың соңынан ергенде, әлгі марал осында тоқтайды. Күш-жігерін жоғалтқан асылтұқымды жануар сәлден соң әл жинап, қайнардан секіріп өтеді. Ғажайыпты көзімен көрген аңшы көлдің ерекше қасиеті бар екендігін сезінген деседі.
Келесі бір аңызда былай делінеді:
Ерте кезде Алтай тауларының бөктерінде Әбдірахман деген аңшы өмір сүреді. Бір күні жалғыз баласын ертіп, аңға шығады. Алдарынан лағын ерткен сыңар мүйізді марал кезігеді. Сонда бала лаққа көздеп, оқ атады. Маралдың лағы жер сүзіп құлағанда, бала оның аяғынан аққан қанды көріп шошынады. Сөйтеді де есінен танып қалады. Жақын маңнан судың сылдырын естіген Әбдірахман баласының есін жиғызу үшін су әкелуге кетеді. Бұлақ басынан жаңағы марал мен лаққа тап болады. Бұлақ суы ішіндегі жаралы лақтың аяғындағы қанының тоқтап, жарасы жазылғанын көрген ол ерекше таңданады. Бұлақтан аққан қасиетті суды құйып алып, баласына апарады. Суды ішкен бала есін жиған екен. Әбдірахман ауылына су әкеліп, ауру-сырқауларға береді. Оcыдан кейін бұлақ «Әбдірахман қайнары», кейіннен «Рахман қайнары» деп аталып кеткен көрінеді. Сол уақыттан бастап Рахман қайнарын емдік мақсатта пайдаланып келеді
Табиғаты мен қызметі
Рахман қайнары мемлекеттік табиғи қорықшасы, ондағы «Рахман қайнарлары» шипажайы тек Қазақстанда ғана емес, шет елдердерде де кең танымалдылыққа ие. Ол орында 1925-1936 жылдары курорт жұмыс істеген. Шипажай 1960-дан бастап қайтадан халық игілігіне беріліп, туристер мен тынығушыларға қызмет көрсетуде.
Мемлекеттік табиғи қорықшаға көбіне денсаулығын емдеуге және тынығу үшін барады. Ғажайыпқа толы таулы өлкенің таза ауасы мен мөлдір суы адам ағзасына пайдалы.
Шипажай қонақтарға көптеген қызмет түрлерін ұсынады: экскурсиялар, төрт мезгіл тамақтану, емдеу. Жаз мезгілінде моторлы қайықпен, тау велосипедімен және катамаранмен серуендеп, ал қыста қар үстінде жүріп, шаңғы тебе аласыз.
Келушілер эконом үлгісінде ғана емес, стандартты, сәнді бөлмеде тұрып, термалды радонның көздеріне терапевтикалық ванналарды қабылдауларына болады.
Шипажай 2 медициналық ғимараттан тұрады. Онда емдеудің келесі түрлері ұсынылады: радон ванналары, массаж, гинекологиялық ауруларды емдеу, гидромассаж ванналары, гидроколонотерапия, су астында омыртқаны түзету, терапевтік душ, фитобар, ванналар, балшықпен емдеу, тұзбен емдеу (Өлі теңіз балшығы мен тұзын пайдалану), радон суын ішу арқылы ем алу.
Шипажайдың сыйымдылығы: 80 орын. Демалыс орнында болудың бір күндік бағасы: 7000-11 000-ның аралығы.
Рахман қайнарына апаратын жол картасы
Рахман қайнары Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай секілді төрт мемлекеттің шекасының қиылысқан жерінде орналасқан. Рахман қайнарына аяқ баспас бұрын алдымен Өскемен қаласына баруыңыз қажет. Нұр-Сұлтан қаласы мен Өскемен қаласының арақашықтығы – 1038 км. Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан Өскеменге дейін күнделікті әуе рейстері қатынайды. Елордадан ұшақпен 1 сағат 25 минут ұшып (Air Astana), пойызбен шамамен 17 сағатта жете аласыз. Өскемен мен қорықшаның арасы 450 шақырымды құрайды. Қайнарға автобус немесе жеке көлікпен жетуге болады. Жол жүру уақыты: 10 сағат.
Дайын болыңыз: Рахман қайнарына апаратын жол нашар келгендіктен, сапардың тек басында ғана ұйықтауыңызға мүміндігіңіз бар. Сәтті сапар тілейміз, сүйікті оқырман!