Алматы қаласы

Райымбек батыр кесенесі

1994 жылы «Райымбек» тарихи-этнографиялық бірлестігінің бастамасымен арқалы батырдың басына үлкен кесене тұрғызылды. Кесене Алматы қаласының орталық көшесінде орналасқан мәрмәр тастан орнатылған тарихи ескерткіш

болып табылады. 1991 жылы батыр жатқан көшенің атауы «Райымбек даңғылы» болып өзгертілді.

Биік кесененің алдында киелі ақ бураның шөгіп жатқан мүсіні бар. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, бұл мүсіннің мәнісі де жоқ емес. Райымбек батыр дүниеден озар алдында ұрпақтарына: «Денемді ақ түйеге артып, басын бос жіберіңдер. Сол қай жерге шөксе, сол жерге мені жерлеңдер» деген екен. Аманатқа қиянат жасамайтын халқымыз батырдың сол тілегін орындап, мәйіті артылған ақ бураның соңынан еріп отырады. Ұзақ жолдарды басып өткен бура осы күнгі кесене тұрған жерге келіп шөккен екен.

Райымбек Түкеұлы (1705-1785 кейбір деректерде 1730-1805) – қолбасшы, батыр, көзінің тірісінде-ақ «көріпкел», «әулие» атанған адам. Райымбек батыр жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп қана қоймай, елшілік қызметін атқарған. Көрегенділігімен тиімді мәмілелерге келіп, өз заманына сай саясаткер бола білген. Атасы Хангелді батыр XVIII ғасырдың 1-жартысында жоңғарларға қарсы күресте аты шығып, 1733 жылы Төле, Қодар билер, Сатай, Бөлек батырлармен бірге Ұлы жүз қазақтары атынан орыс патшасымен Анна Иоановнаға елші жіберген. Оның ішінде  Райымбек те бар еді. Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанды. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер, т. б. хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасағандардың бірі болған. Торайғыр және Сөгеті таулары аралығындағы «Ойрантөбе» деген жерде өткен шайқаста көзге түсті.

Райымбек батыр жайлы ел ішінде аңыз-әңгіме, жырлар өте көп. Райымбек заманында ұйымдастыру қабілеті жоғары, сарбаздарын жеңіске жігерлендіре білген қазақтың білікті қолбасшыларының бірі болған. Жан беріп, жан алысқан жаугершілікті заманда аяқ астынан күтпеген қиындықтар пайда болып, қалың қол тығырыққа тіреліп, не істеу керектігін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің қиналмай жол тауып, әскерді аман алып шыққан талай ерліктері ел есінде сақталып қалған. Солардың бірі қамалып келіп қалған қалмақ қолынан ығысып барып, жауынгерлері буырқанып тасып жатқан Ілеге тіреліп, не істерін білмей тұрғанда қолбасшы Райымбектің көзсіз ерлікке барып, әскерін өзінен аман өткізуі. Ол талай рет шағын топпен жау шебіне барып, тосыннан тиісіп, қарсы жақты ойран-топан етіп отырған.

Айырлы асуына таяу Торайғыр тауында Райымбек бастауы бар. Алматы облысының бір ауданы Райымбек есімінде және ауылға аты берілген.

Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/kz/attraction/view?id=6

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button