Республика күні қарсаңында жастар арасында «Үздік аспаз-2023» байқауы өтті
Астанада Республика күні мерекесі қарсаңында Сервис және туризм колледжінің базасында «Үздік аспаз-2023» байқауы өтті. Оған елорда колледждерінің студенттері және аспаз мамандар қатысты, деп хабарлайды Ruh.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фото: Астана әкімдігі
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған :
20 қазан – Халықаралық аспаздар күніне орай ұйымдастырылған байқаудың мән-маңызы туралы колледж директоры Салтанат Басығараева айтты.
Біріншіден, қатысушы студенттер практикалық қабілетін шыңдайды. Екіншіден, үміткерлер өзара тәжірибе алмасып, тағам пісіруде қиял мен сезімді ұштастырады. Біздің колледжде 12 мамандық бойынша 1206 студент білім алады. Оның 395-і аспаз мамандығы бойынша білімін шыңдап отыр. Соңғы үш жылда 356 аспаз диплом алып, түрлі мейрамхана мен асханаға жұмысқа орналасты. Шыны керек, аспаз мамандығы бойынша білім алғандар жұмыссыз қалған емес, – деді ол.
Биыл сервис және туризм колледжінде гүл өсіруші-флорист, ландшафт дизайнері сынды жаңа мамандыққа лицензия алып, тәлімгерлерге терең білім беруді жолға қойыпты.
«Үздік маман» жобасының үйлестірушісі Олжас Ғамитовтің сөзінше, аспаздан бөлек, тігінші, ағаш шебері, дөңгелек ауыстырушы, сантехник, дәнекерлеуші, шаштараз, бариста, флорист сынды мамандардың жарысы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
«Үздік аспаз-2023» байқауына 15 қатысушы келіпті. Олар 11 критерий бойынша сараланады. Бірінші тапсырма кезінде 40 минут ішінде салқын тағам дайындайды. Екінші тапсырма бойынша 1 сағат 20 минутта ыстық тағам дайындап, оны безендіруі мен ұсынуы есепке алынады.
Дәмді ас дайындауда адамның талғамы биік, өз-өзіне жоғары талап қоя білуі керек. Аспаздың тұздық пен дәмдеуіш мөлшерін қолдануы да маңызды. Ас пісіруге қажетті құралдарды өз орнымен пайдалану керек. Біз қатысушылар арасында үздікті анықтағанда осындай жайттарды бағалаймыз, – деді әділ-қазы алқасының мүшесі Әлия Боранбаева.
World Skills ережесі бойынша өткен байқауда Кирилл Махов үздік аспаз атанды.