Республикалық балалар байқауының жамбылдық жеңімпаздары анықталды
Жамбыл облыстық білім басқармасы «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Туған елің – Қазақстанды жақсы білесің бе?» атты республикалық байқаудың екінші облыстық кезеңі аяқталды.
Тараз қаласындағы Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатында онлайн форматта өткен байқауға бірінші аудандық кезеңде жеңімпаз атанған 5-7 сынып оқушыларынан құралған 15 команда қатысты. Байқау қатысушылары ZOOM платформасы арқылы сұрақтарға жауап берді.
Байқау қорытындысы бойынша Жамбыл ауданы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің оқушыларынан құралған «Жамбыл ұландары» командасы I орынды жеңіп алды. II орынды Қордай ауданы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының «Оқырман ұрпақ» командасы мен Жамбыл ауданы А.Макаренко атындағы орта мектептің «Ұлы дала ұрпақтары» командасы иеленді. Меркі ауданы В.Савва атындағы №9 мектеп-лицейінің «Великая степь» командасы, Т.Рысқұлов ауданы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің «Шамшырақ» командасы және Шу ауданы М.Мәметова атындағы орта мектептің «Тәуелсіздік ұландары» командасы III орынға жайғасты.
Айта кетейік, байқаудың мақсаты –балалардың кітап оқуға деген құштарлығын қалыптастыру, оларды еліміздің тарихы, географиясы, астрономиясы және мәдени дәстүрлерімен тәрбиелеу. Сонымен қатар еліне деген мақтаныш сезімін арттырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеяларын жас ұрпақ бойына сіңіру.