Жаңалық

«Рухани жаңғыру» аясында антропология ғылымының ауқымы кеңейді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты үстіміздегі жылдың сәуір айында алғашқы нәтижелерін көрсетті. Қазақ тілінде аударылған кітаптардың ішінде Гарвард және Оксфорд университеттері секілді беделді білім ордаларының оқу бағдарламасына енгізілген Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» (Alan Barnard «History and Theory in Anthropology Theory») кітабы да бар. Он бір тараудан тұратын кітап антропология ғылымының қалыптасуы мен дамуына, оның теориясы мен мектептерінің пайда болу тарихына арналған.

Кітапта антропология ғылымының негізгі төрт тармағының бірі – мәдени антропологияға баса назар аударылып, осы саланың Солтүстік Америка және Англиядағы даму өзгешеліктеріне талдау жасалынған. Сонымен қатар, антрополияға дейінгі ғылыми түсінікке тарихи шолу, эволюционизм, диффузионизм және мәдени аймақтар теориясы, функционализм және құрылымдық функционализм, әрекеттік бағдар теориясы, марксизм, релятивизм, постмодернизм сұрақтары қарастырылған.

Алан Барнардтың жазу үлгісі барынша қарапайым және оқуға жеңіл, соған қарамастан мәтін кешенді үдерістер туралы толық және егжей-тегжейлі мәлімет береді. Оның мәселені баяндауы үлкен ғылыми пікірталастардың тарихи мәнін, антропология теориясының қалыптасуы мен академиялық мектептердің дамуы сұрақтарын жеңіл қабылдауға мүмкіндік береді.

Жалпы батыстық антропологиядағы мәдениетті зерттеу мәселелері бұрынғы кеңестік кеңістіктегі мәдениеттанудан біршама өзгеше болып келеді. Батыстық антропологиямен айналысу және зерттеу жүргізу биология, археология, филология, лингвистика, философия және тағы да басқа пәндерді игеруді және зерттеуді пәнаралық деңгейде жүргізуді талап етеді.

Қазақстандық қоғамның жаңғыруы үрдісінде, отандық ғылым мен білімнің әлемдік ортаға кірігуі аясында жас ғалымдардың антропология ғылымы бойынша білім алуы мен зерттеуші ретінде қалыптасуына Алан Барнард секілді танымал ғалымдардың еңбектерінің берері көп.

Атақты антрополог ғалым Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» (Alan Barnard «History and Theory in Anthropology Theory») еңбегінен бөлек «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты аясында 17 кітап қазақ тіліне тәржімаланды.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін қазақ тілінде жарық көрген әлемдік маңызы бар оқулықтар

1) Энтони Кенни, «Антика философиясы»

2) Энтони Кенни, «Орта ғасыр философиясы»

3) Дерек Джонстон, «Философияның қысқаша тарихы»

4) Реми Хесс, Философияның таңдаулы 25 кітабы»

5) Карен Армстронг, «Құдайтану баяны»

6) Дэвид Бринкерхофф, «Әлеуметтану негіздері»

7) Джордж Ритцер, Джеффри Степницки, «Әлеуметтану теориясы»

8) Эллиот Аронсон, «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе»

9) Дуэйн және Сидней Шульцтер, «Қазіргі психология тарихы»

10) Дэвид Майерс, «Әлеуметтік психология»

11) Грегори Менкью, «Экономикс»

12) Дональд Куратко, «Кәсіпкерлік: теория, практика, процесс»

13) Рикки Гриффин, «Менеджмент»

14) Ли Энн Пек, Гай А. Рил, «Медиаэтика»

15) Виктория Фромкин, «Тіл біліміне кіріспе»

16) Светлана Тер-Минасова, «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»

17) Клаус Шваб, «Төртінші индустриялық революция».

«Рухани жаңғыру» аясындағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты көлемінде аударылған оқулықтардың бірқатары еліміздегі жоғары оқу орындарының білім беру үдерісіне еніп үлгерген. Университеттерде оқытылып жатқан жаңа оқулықтардың дені жоғарыда көрсетілген тізімде кездеседі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button