Жаңалық

«Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асқан «Жезкиік» фестивалі

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, олардың насихатын арттыру сынды міндеттемелер алға қойылып келеді. «Рухани қазына» кіші бағыты аясында ұлттық өнердің кең етек жайып, өсіп-өркендеуіне қолдау көрсетілуде. Қарағандыда өткен «Жезкиік» фетивалі де осындай қолдаулар негізінде жүзеге асты.

2018 жылы шілде айының 11-15 күндері аралығында Қарағанды облысының Ұлытау ауданында І халықаралық «Жезкиік» музыка фестивалі өтті. Кең ауқымды аталмыш шара Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Фестивальге 11 елдің шығармашылық ұжымдары мен Қазақстанның «Қобыз сарыны» (Талдықорған қ.), «Арқа сазы» (Қ.Байжанов ат. Қарағанды КБ) этно топтары қатысты. Сонымен қатар, қазақ эстрадасының жұлдызы «Ұлытау» тобы өнер көрсетті.

Фестиваль күндері қонақтарға әр елдің тарихы мен мәдениетімен танысуға зор мүмкіндік туды. І халықаралық «Жезкиік» музыка фестивалінде Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапония, Қазақстан елдерінің өкілдері бас қосты.

Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов бастаған көптеген танымал тұлғалар фестивальдің құрметті қонағы болды. Фестивальге 92 музыка шеберлері қатысты. Әр топ өз елінің ұлттық аспаптарында халық әуендерін ойнап, елінің тарихы мен мәдениетінің түп тамырын паш етті.

«Ерте заманда қасиетті Ұлытау жері үш жүздің басын қосса, бұл күндері жер шарының үш бөлігінің халқын жинады. Бүгін біз төрткүл дүние елдерінің фольклор ұжымдары орындаған музыканы тыңдадық. Бұл фестиваль ұлтымыздың фольклор өнерінің әлемге танымал болуына септігін тигізеді», – деді өз сөзінде облыс әкімі Ерлан Қошанов.

І Халықаралық «Жезкиік» музыка фестивалі 14-шілде күні Жезқазған қаласының жазғы амфитеатрында өткен классикалық музыка кешімен аяқталды. Амфитеатрды Кеңгір су қоймасының жағалауына құрды. Халықаралық «Жезкиік» фестивалінің аясында бұл жерде тұңғыш рет классикалық музыка кеші өтті. Музыкалық шара барысында 10 елден (Қазақстан, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Австрия, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Молдова, Италия) келген 17 опера әншілері өнер көрсетті. Кеште сахнаға бірінші болып КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова көтерілді. Қазақтың аңыз адамы әрі бұлбұлы Б.Төлегенова Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін шырқады. Фестиваль соңында Кәкімбек Салықовтың сөзіне, Жақсыкелді Сейіловтың әніне жазылған «Жезкиік» әні орындалды. Бұл шығарма фестивальдің гимніне айналады.

Фестиваль Қазақстанның материалды емес мәдени мұрасын сақтау, классикалық музыканы насихаттау және қазақ фольклорын дамыту, туристік кластерді дамыту, ұлттық мәдениетті бар қырынан насихаттау үшін өткізілді. Классикалық музыка кешінің қатысушылары бұл ауқымды шараның ұйымдастырылуына ризашылықтарын білдірді, ал көрермендер аталмыш мерекеге зор қошемет көрсетіп, алғыс айтты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button