Жаңалық

«Рухани жаңғыру» аясында Қимақ дәуірінің насихаты артты

Әлемге танымал археолог, реставратор және антрополог-ғалымдар Ертіс өңіріне ағылды. Басты мақсат – ІХ-ХІ ғасырларға тиесілі артефактілерді зерделеп, жаһандық ғылыми жаңалық ашу. Археологиялық зерттеу жұмыстары «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта Павлодар облысында Қимақ дәуіріне жататын қорымдарда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Бірегей қорымдардың бірі Павлодар-1 орны облыс орталығының маңынан табылды. Болашақ тарихшылар жердің бірінші қабатын аршып, кейін ежелгі молаларды қазуға кіріседі. Бір ғажабы, мың жыл бойы жер астында жатқан жәдігерлер жақсы сақталған.

«Бұл құбылыс топырақтың органикалық қасиеттеріне байланысты деп білеміз, себебі, дәл осы жерден ағаш, қыш бұйымдары көптеп табылды. Қазіргі уақытта 30-ға жуық студент қазба жұмыстарына атсалысып жатыр. Әзірге бірнеше моланың іздерін анықтадық. Осы тектес қорымдар Ертіс өзенінің бойынан табылуда», – дейді экспедиция жетекшісі Әлібек Қабылдинов.

Екі жыл бұрын Долгое ауылының маңынан ат арба табылған болады. Бұл жәдігерлер де Қимақ дәуіріне, яғни ІХ-ХІ ғасырларға тиесілі. Осы тектес артефактілер Қазақстанның өзге өңірлерінде бұрын-соңды кездеспеген. Қазір ғалымдар тоналмаған көне молаларда жатқан адам қорымдарын цифрлық технологияның көмегімен зерттеп жатыр. Жәдігерлер топыраққа айналып кетпес үшін реставратор-маман Крым Алтанбеков рентген және томографтың көмегіне жүгінді. Бұл әдіс арқылы қорым топырақпен бірге алынып, артефактілерді қазып алмай-ақ тереңнен зерттеуге мүмкіндік береді.

«Бұл – ғажап құбылыс. Тазалап жатқан кезде артефактілер топырақ құсап кетіп қалады ғой. Шүберек болсын, қола болсын. Бұл заттар көбінесе сақталмай қалады, себебі, археологтар қазып алады. Алтын, күміс, қола мен кермикалық бұйымдарды қазып аламыз да, органикалық заттарға мән бермейміз. Ал органика негізгі ақпарат беруші, бар жаңалық сонда жатыр», – дейді реставратор-маман Крым Алтанбеков.

Бұл адамдар кезінде жауынгер болды деген гипотеза бар. Себебі, жатқан жерлерінен пышақ, қылыш қарулары табылған.

Ғалымдар бұл олжалар Қимақ қағанатының Ертіс өңірінде шоғырланғанын айғақтайды деген пікірде. Тіпті, Ертіс өңірі Қимақ қағанатының астанасы болған деген болжам бар. Қазақ даласындағы өркениеттің болғанын аса күрелі әдіспен әзірленген жібек маталар дәлелдейді. 20 жылдық тәжірибесі бар археолог Татьяна Крупа Украинадан арнайы келген. Бүгінде матаның 120-дан астам микроүлгісін зерттеген.

«Бұл – аса күрделі әдіспен жасалған тоқыма бұйымдар. Мыңдаған жыл бойы сақталып, біздің заманымызға жетті. Жібек қалдықтарын 15 есе үлкейтін қарағанда, алтын жіптермен зерленіп тігілгені көрінеді. Қытайлық технологиямен жасалған маталар сол кезде алтыннан үш есе қымбат болған. Бұған қарағанда осындай қымбат затты Қазақ даласының ақсүйектері сатып алған деген болжам бар. Бұл – көшпелі халықтың дамыған өркениеті болды деген сөз. ІХ-ХІ ғасырларда Еуропа халықтары моншаның не екенін білмегенде, Ертіс өңірінде маңызды саяси, сауда-саттық, мәдени-рухани үрдістер болып жатты», – дейді Татьяна Крупа.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button