Жаңалық

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында мешіт ашылды

Мамлют ауданындағы Андреевка ауылдық округінің орталығында Ораза айтының екінші күні Сұлтанғазы атындағы жаңа мешіт пайдалануға берілді. Алланың жердегі үйі “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясында ағайынды Біләловтердің қаражатына салынып, жергілікті тұрғындарға салтанатты түрде тарту етілді.

Осынау игі шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Байкемелұлы, Мамлют және Қызылжар аудандарының басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысып, ауыл азаматтарының қуанышына ортақтасты.

Мешіт ғимараты ауылдың бас көшесінде бой көтерген. Айналасы қоршалып, қарағай мен қайың ағаштары егілген, ауласына, кіреберіс жолға асфальт төселген. Биік мұнаралы ғимарат ауылға ерекше сән береді.

– Бүгін біз мұсылман қауымы үшін тамаша бір игі істің куәсі болып отырмыз. Осы ауылда, бұрынғы “Андреев” кеңшарының орталығы болған елді мекенде Біләловтер әулеті Ораза айтының екінші күні Алланың жердегі үйін пайдалануға беруді, оны әкелері Сұлтанғазы ағамыздың есімімен атауды жөн көріпті. Бұл – қуанышты оқиға, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров салтанатты шараға жиналған қауымды Ораза айтымен және ауыл өміріндегі айтулы оқиғамен құттықтады.

Жаңа мешітке есімі беріліп отырған Сұлтанғазы Біләлов – осы округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азамат. Ол “Андреев” кеңшарында 20 жылдай бас есепші болып еңбек еткен. Сол жылдары кеңшар орталығында сауда кешені, Бостандық ауылында екіқабатты мектеп, еңселі клуб пайдалануға берілген, үш бөлімшеде 200-дей заманауи тұрғын үй, бірнеше өндірістік нысан салынған. Биыл 125 жылдығы тойланып жатқан Мағжан Жұмабаевтың тікелей туысы болып келетін Сұлтанғазы Біләлов ақын ақталған кезде туған ауылы Сарытомарға барып, халқымыздың ұлы перзентіне арнап ең алғаш ас берген екен. Әкесі Біләл қуғын-сүргінге ұшырап, еліне қайтып оралмаған.

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Байкемелұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Серікбай қажы Ораздың қолы қойылған тіркеу құжат пен жаңа нысанның молдасы Зұлқайнар Ергашевке арнайы әзірліктен өткендігі жөніндегі сертификатты табыс етіп, жергілікті тұрғындарды имандылыққа бастайтын мешіттің ашылуымен құттықтады. Жаңа мешіттің имамы – Өзбекстаннан қоныс аударған қандасымыз .

Имандылық үйінің ашылуына арнайы келген меймандар: Болат Сағындықов, Құдайберген Қалиев, Сапура Тәшенова, Зейнолла Олжабаев жиналған жамағатқа игі тілектерін арнады. Салтанатты шарадан кейін мешіттің асханасында ас беріліп, аруақтарға Құран бағышталды.

Ауыл тұрғындары азаматтардың бұл ісіне разы болып, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы осындай зор мүмкіндіктерге жол ашып бергендігін айтты. Ауылдың қалталы азаматтары алдағы уақытта бұдан да қзге игі істерді жүзеге асыруға ниетті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button