РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖАҢҒЫРЫҒЫ: «МІНСІЗ ҰРПАҚ» БОЛМЫСЫН ЖАСАУ СТРАТЕГИЯСЫ
Елбасымыз: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Жолдауында «жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық, яғни этнотәрбиеге баса көңіл аударуымызды мегзеп, бағытымызды белгілеп, мақсатымызды айқындап берді.
Ұлттық сананы бойына қалыптастырған, білімі озық, мәдениеті қалыпты жастарды тәрбиелеп шығару арқылы біз мемлекетіміздің іргесін нығайтып «Мәңгілік Ел» болуға кепілдік аламыз. Мектеп қабырғасынан санаға құйылған тәрбие оқушының өмір атты ашық айдынға шыққан кезінде табан тірер бекеті бола алары сөзсіз. Ұлттық сана аса қатты айналған ақпаратты ағымға түскен жастарды адастырмай, ішкі жан дүниесін қаңырап қалудан сақтап, өзіне сенім, Отанына деген сүйіспеншілік береді. Мұндай үлкен істе ұсақ-түйек, кішігірім немесе мән беруге тұрарлық емес ойлар мен әрекеттер жарамайды. Жіберілген немесе мән берілмеген кез-келген ұсақ дүние болашақта үлкен қауіп туғызуы мүмкін.
Жаңаны жатырқайтын ересектермен керісінше, оған құмартатын жастардың көзқарастары көбіне бір жерден шықпайды. Сондықтанда тәрбие мен білім саясатында ересектер мен жастар арасындағы конфликтті ситуациялардың алдын-алу, мүмкіндігінше болдырмау мақсаты көзделуі тиіс. Бала дүниеге келген соң оның әлеуметтену, яғни қоғамға мүше болу процесі басталып кетеді. Бұл процесте қоғамдық тәрбие мен стандартты білім алу үшін міндетті түрде өту қажет тұрақты сатылар бар. Осы сатылар ішіндегі ең ұзақ мерзімге ие болу құқығы мектепке берілген. Сондықтанда мектеп табалдырығында берілген тәрбие мен білім қоғам мүшесінің негізгі іргетасын қалайды.
Мемлекеттік саясатты насихаттау, халықтың тарихи тәжірибесін тарату, ұлттық сана-сезімді нығайту арқылы «мінсіз ұрпақ» болмысын жасау мүмкін бе? Еліміз басынан өткерген қиындықтар мен еңсерген ерліктерді, жеткен жетістіктерді негізге ала отырып, мұндай амбициозды болмысты қоюға қақымыз бар ма? Мемлекетіміздің астанасы да, стратегиясы да асқақ арманнан, орындалуы мүмкін емес болып көрінетін мақсаттан тұрған. Қазір мұның барлығы шындық. Елбасымыздың «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялары бойынша болашақ ұрпақ абсолютті жаңа ұрпақ. Ол еліміз ұстанған мемлекеттің жаңа саяси бағыты жедел өзгермелі тарихи жағдайларға тез бейімделе алатын, заманауи озық біліммен қаруланған, өз кәсібінің қыр-сырына машықтанған, ұлттық мүдделерді ілгерілетуге бейім, патриот, көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда өмір сүруге дағдыланған мемлекет мүшесін дайындау мақсатынан туындаған.
Небір зұлмат замандарды бастан кешкен, талай рет тарих сахнасынан жойылып кете жаздаған, тарихи тағдыры ауыр қазақ халқының өміршең болуына үміт болған жалғыз фактор – «болашақ ұрпақтың бақыты» болған. Бүгінде бұл арман толғымен шындыққа айналды. Бүгінгі ұрпақтың мүмкіндіктері мол. Олай болса, осы күн үшін құрбан болғандардың «өтемі» ретінде жастар мінсіз болуы тиіс. Тек «мінсіз ұрпақ» ғана адамзат арманына айналған, сонау Аристотель, Платон, әл-Фараби, Абай тілеген, армандаған «мінсіз мемлекетті» қалыптастыра алады және онда өмір сүре алады. Сонымен болашақ «мінсіз ұрпақ» сипаты қандай, оның басты критерийлері нендей болуы тиіс. Он екі критерийге негізделген төмендегі «Мінсіз ұрпақ» болмысының сипаты жоғарыдағы сауалдарға жауап беруі мүмкін:
1. Олар өздерінің «қазақ» екендігін мақтан тұтады, қаны таза, генетикалық мутацияға ұшырамаған текті ұрпақ жалғасы екенін жақсы түсінеді, жершілдік, рушылдық, жүзшілдік, яғни тройболизмнен аулақ, керісінше «әр қазақ менің жалғызым!» принципін ұстанады;
2. Олар қазақша ойланатын, төл тілін жетік білетін,сауатты жаза алатын, оны әр салада (іскерлік, көркем әдеби, тұрмыстық т.б.) еркін пайдалана алатын, «менің ана тілім!» деп құрметтейтін, өз өмірінде, қоғамдық орындарда, білім алу процесі мен қызметінде күнделікті қолданып отыратын азаматтар. Олар орыс, ағылшын тілдерін де біледі, қажетіне пайдалана алады, өзге де тілдерді меңгеруге қауқарлы;
3. Олар қайда жүрсе де туған жер, туған елін сағынады, қастерлейді, негізгі ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, салт-дәстүрлерді құрметтеп, қажеттісін орынды пайдаланады;
4. Олар жердің алыстығына, оқудың қиындығына қарамастан білім мен ғылымға ден қойған, жан-жақты, жаңалыққа жаны құмар, креативті, кітапсүйер, ғылымға ғашық, зиялы азаматтар. Олар необілімді өз халқының, қала берді әлемнің игілігі үшін қажетке жаратуға дайын;
5. Олар жеті атасын жетік біледі, ағайын-туыс, құда-жекжат, көрші-көлеммен араласады. Үйінің төргі бөлмесінде ұлттық жәдігерлерді (домбыра, қамшы, сандық, астау т.б.) сақтайды, өз ата-бабасының көзін (жеке заттарын) қадірлеп, балалары, немерелері мен шөберелеріне өнеге етіп, мирас етуге, үлгілі отбасы болуға мүдделі. Киіз үйден бесікке дейінгі жәдігерлерді құны жойылмайтын, уақыт өзгерте алмайтын, әрі қайталанбайтын дара мәдениеттер деп түсінеді;
6. Олар мемлекеттің ұстанған саясатын қолдайтын, мемлекет иелігі мен мүлкін қорғайтын, ешқашан қол сұқпайтын, мемлекет қауіпсіздігін күшейтуге ат салысатын, адалдықты ту еткен, әділет пен заңды берік ұстанатын, өтірік пен өсекті іс қылмайтын ар-ожданы биік, ынсапты, парасатты, патриот тұлғалар;
7. Олар көбіне шариғатпен сәйкес келетін халықтың тұрмыстық философиясы мен ұлттық құндылықтарын ескере келе діні мен діліне берік азаматтар;
8. Олар өз саласындағы кәсіпті жақсы меңгерген майталман маман, еңбекқор, адал еңбегімен отбасын асырап, халыққа қызмет етуді ойлайтын қарапайым жандар. Жаңа кәсіптерді, қолөнерді игеруге де мүдделі. Отандық өнімнің саны мен сапасын арттыруға үлес қосатын табыскер, ұқыпты салықтөлеуші және табысының бір бөлігін қайрымдылыққа жұмсайтын жомарт жандар;
9. Олар қазақтың қара домбырасының құлағында ойнайтын, сонымен қатар өзге де ұлттық және әлемдік музыкалық аспаптарды тыңдайтын, кейбірін пайдалана алатын дәрежеде. Жалпы өнерді сүйетін, құрметтейтін, мәдениетті адамдар;
10. Олар өз және өзге денсаулығына күтіммен қарайтын, салауатты өмір салтын ұстанатын, адам ағзасына зиян (ішімдік, шылым, кальян, наркотик т.б.) заттарды тұтынбайтын, адал, әрі пайдалы ас ішетін, спортқа, табиғатқа жақын жүретіндер.
11. Олар малдарды түліктерге бөле отырып, олардың тіршілік ету ыңғайларын табиғат жағдайымен орайластыру, көбейту, асылдандыру, есебін алу, табиғаттың тосын апаттарынан аман сақтау, тұрмыстық азыққа, киімге, айырбас тауарға айналдыру және тағы да басқа мәселелерін игерген, сонымен қатар, осы аталғандарды жүзеге асыру барысында қисынды ой, далалық білім, аса талғампаздық, сыншылдық, саналы және шұғыл шешім қабылдауға дағдылану, табиғатқа төселу сынды мінез-құлыққа ие болып, жалпы айтқанда дала философиясын тұрмыстық философияға айналдырған азаматтар. Олар мал шаруашылығын негізге ала отырып, егіншілік, қол өнершілік, кәсіпшілікпен де айналысып, өздерінің ұлттық мәдениетін қалыптастырған, дала өркениетін, оның ішінде қазақ өркениеті мен тұрмыс мәдениетін ең жоғарғы деңгейде дамытқан ұрпақтар.
12. Олар өз отбасын «орманым» деп қорғайтын, балаларын жақсы көретін, үйде жақсылық пен адалдық, тыныштық пен сүйіспеншілікті орнататын, шыншылдық пен әділетті, еңбекқорлық пен ұқыптылықты, тазалық пен тиімділікті өмірлік принциптеріне айналдыратын азаматтар. Олар өз отбасында ұрлық, өтірік, өсек, мақтаншақ, жалқаулық сияқты қылықтардан жат иманды балаларды тәрбиелейді. Этникалық тәрбие жүйесіндегі ата-әже, әке-шеше, бала-шаға рөлдерінің босаңсымауын қатаң қадағалайды, себебі жоғарыда аталғандардың барлығы отбасынан басталатынын жақсы түсінеді.
Тарих беттеріне көз жүгіртсек, қазақ халықы тек Тәуке хан тұсында ғана «алтын ғасырда» тіршілік еткен. Сол «алтын ғасыр» басқа кейіпте дәл қазір қайта келіп отыр. Бүгінде Қазақстан армандарды шындыққа, мүмкіндіктерді жүзеге асыруға қолайлы ортаға айналып отыр. Дұрыс бағыт, анық мақсат қойып, бал арасы секілді еңбек еткен адам ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады. Олай болса, рухани жаңғыру халық, әсіресе зиялы қауым тарапынан қолдауға лайық. «Мінсіз ұрпақты» тәрбиелеуші, өсіріп жетілдіруші мықты буын екенімізді дәлелдейтін кез келді.
Нұрадин Г. Б. ф.ғ.к., доцент
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті