Жаңалық

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ»: ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАЙТЫН ІСТЕР

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарыққа шыққанына тура екі жыл болды. 11 сәуірде Ақтөбедегі Жастар сарайында өткен «Рухани жаңғыру — тарлан тарих, жасампаз бүгінгі күн, жарқын болашақ» атты облыстық конференцияда осы уақыт ішінде атқарылған істер жөнінде баяндалып, бағдарламаны іске асыру барысындағы өзекті мәселелер талқыланды және алдағы жоспарлар жайлы да айтылды.

Конференцияда бағдарламаны жүзеге асыруға зор үлес қосып жүрген азаматтарға марапаттар табысталды. Атап айтқанда, қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков, ҚР мәдениет қайраткері, Әйтеке би атындағы мейірімділік қорының төрағасы Еркін Құрманбеков, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекарыстан Мырзабай және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Сәдуақас облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов төрағалық етті. Қатысушылар қатарында зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері, соның ішінде аудандардан келген журналистер, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, мәдениет саласының қызметкерлері болды.

Жиналғандар алдымен облыстық басқармалар, Ақтөбе қаласы мен аудандар әкімдері ұйымдастырған, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобалар бойынша жасалып жатқан жұмыстарға арналған көрмені аралап көрді. Көрмеге нақты деректер мен фотосуреттерден бөлек, көптеген кітаптар да қойылыпты. Соның ішінде «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған оқулықтар және осы жобаны қолдау мақсатындағы «Жұбанов кітапханасы» сериясымен жарыққа шыққан ақтөбелік ғалымдардың еңбектері бар.

Жиынға қатысушы көпшілік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында істелген жұмыстарды талқылау барысында: «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтің; латын әліпбиіне көшу бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде осы университеттің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Садуақастың, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Аслан Мәмедовтің, «Туған жер» жобасы бойынша  меценат, «Ер Бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаевтың, «Заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиевтің, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша осы жобаның жеңімпазы, кәсіпкер, бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы атанған спортшы Шахан Жолдасбаевтың баяндамаларын тыңдады.

Өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі жыл мерзім ішінде жасалған жұмыстар өте ауқымды, мысалы, Ақтөбе топырағынан шыққан кәсіпкерлер күшімен, яғни «Атамекен» кіші бағдарламасын жүзеге асыруда тек өткен жылы ғана 786 жоба қолға алынып, 5 мектеп күрделі жөндеуден өткізілсе, 4 балабақша, мәдениет ошақтары, басқа да түрлі нысандар, спорт алаңдары, көпір, т.б. салынған. Екі жылда 20 мыңнан астам бала Қазақстанның киелі жерлеріне экскурсия жасап, саяхатқа барған.

Осы уақыт ішінде, әсіресе, халқымыздың аяулы перзенттері есімдерін ұлықтау мақсатында көптеген жұмыстар жасалған. Соның ішінде, жер-жерлерде Есет батыр, Қобыланды батыр, Ұзақбай Құлымбетов, Шығанақ Берсиев және өзге де әйгілі тұлғалар ескерткіштері көптеп ашылыпты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде аудиториялар мен кабинеттерге Мұхтар Арын, Нұрпейіс Байғанин, Бек Сүлейменов, Қаныш Сәтбаев, Роза Жаманова, Нұрсұлу Тапалова, т.б. есімдері берілген.

Облыс орталығында бой көтерген жаңа облыстық музей ғимараты, «Анаға тағзым» орталығы, Шығармашылық академиясы, Жекпе-жек сарайы сынды әсем ғимараттар да «Рухани жаңғыру» бағдарламасын құрайтын кіші бағдарламалар аясында бой көтерген. «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» біздің өңір бойынша республикалық маңызы бар — 10, жергілікті маңызы бар 34 нысан енген. Бұл жұмыстар жөнінде біз екі жыл бойы жүйелі түрде жариялағандықтан,  бұдан әрі тізбелемеуді жөн көрдік.

Жиында айтылған ұсыныс-пікірлерге келсек, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының директоры Аслан Мәмедов бүгінде өңірдегі бірқатар көне ескерткіштерге қамқорлық керектігін баса айтты. Оның айтуынша, Абат-Байтақ қорымындағы Қыз әулие күмбезі жылдан-жылға шөгіп, тастары үгітіліп, көз алдымызда мүлде жойылып кетуге айналыпты. Бұл ескерткішке тез арада консервация жұмыстары қажет. Сондай-ақ, киелі жерлер тізіміне енген қорымдар айналасын қоршау да күн тәртібінде өткір тұрған мәселелердің бірі. Далада жайылған мал Хан моласы, Асан қожа, Мәулімберді қорымдарындағы зираттарды таптап, көлеңкелеп барып, кесенелерге сүйкеніп, бүлдіріп жатыр. Ойыл ауданындағы көне Көкжар жәрмеңкесінің сауда қатарлары да жөндеуді қажет етеді, қазіргі күні олар апаттық жағдайда тұр.

Ал облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекарыстан Мырзабай Шалқар жеріндегі Балғасын қорымы мүлде ұмыт қалып бара ма деп алаңдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл — Ноғай Ордасы билеушілерінің ордасы болған, батырлық жыр-дастандардағы Орақ батырдың ізі қалған мекен. «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес оқу орындарында «Әлиятану» пәні сабақтарының қысқарып қалғанына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, көпшілік тарапынан латын әліпбиін енгізуге қатысты түрлі сауалдар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қорытындылап, бұл жұмыстардың алда да жалғаса беретінін жеткізді.

Айта кетелік, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 196 ауқымды іс-шара жоспарланған. «Туған жерге тағзым» акциясының аясында 556 жоба іске асырылмақ. Сонымен бірге, көне мұраны қорғау бағытында Әбілқайыр хан жерленген Хан моласы қорымын қоршау, Жаманшың метеориттік кратеріне ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастыру, т.б. жұмыстар көзделіп отыр. Демеушілердің қолдауымен Ақтөбе қаласында Едіге батыр, Жалаңтөс баһадүр, Есет батыр мен Бауыржан Момышұлы ескерткіштері бой көтермек.

Ақтөбе облысының “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button