Жаңалық

«Рухани жаңғыру» жас ұрпақты елжандылыққа бағыттайды

Ғасырға жуық уақыт бодандық қамытын киіп, ұлттық санасы езгіге ұшыраған қазақ халқының шындап ес жия бастаған уақыты елуінші жылдардың орта шеніне тура келеді. Одақ көлемінде «Сауатсыздықты жою» науқанының толыққанды нәтиже көрсеткен мезгілі қарсаңында қазақ даласында да кітап шығару өндірісі, баспалық қызмет, қоғамдық пікір қалыптаса бастады. Фольклорлық жанрда ғана сауат ашып келген қараңғы халық сол уақытта қалаған дүниесін оқып, өздерін тұлға ретінде шыңдауға шындап бет қойды.

Бала күнінен ата-әжеден немесе ауылдың «әу» дейтін қара домбырасын қалақтай етіп ұстап, бабалардың батырлығын бар шама-шарқынша жеткізуге тырысатын азаматтарынан «Батырлар жырын» тыңдап өскен жас балалар сол уақта ат жалын тартып мінетін, алды елге ақыл айтатын жасқа жетіп қалған еді. Қазіргі қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай алыптарының балалық шағындағы естеліктеріне көз жүгіртсең, сығырайған білте шамымен әріп танымайтын кәрі ата-әжесіне талай мәрте «Батырлар жырын» оқып бергені туралы әңгімелер шыға келеді. Атадан балаға рухани мұра болып, ұмытылмай келген жырлардың құны сол уақытта қаншалықты жоғары болғанын осыдан кейін-ақ байқай беріңіз. Бүгінде сол «Батырлар жырын» арнайы мемлекеттік тапсырыспен баспадан шығарып, топ-топ күйінде республика көлеміндегі барша кітапхананың сөресіне жөнелтті. Ашып қалсаң, о тоба, сол бала күніңде үйдегі кітап сөресінде жыртық-жамау күйінде тұратын «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» секілді жырлар сол қалпында тамаша мұқабада жарқырап тұрады. Осындай руханиятты қолдау шараларының барлығы «Рухани жаңғыру» аясында өтіп жатқанын көре жүріп, Тәңіріне сан мәрте шүкіршілік һәм мадақ айтасың.

Цифрлы дәуір туып, адамзат атаулы сан мыңдаған ақпаратты игере бастаған кезде, түрлі анимациялық-фантастикалық туындылар жарыққа шықты. Шетелдік мульттуындылардың кез-келгенін тілі шыға қоймаған сәбилердің өзі көретін болды. «Бэтмэн», «Супермен», «Өрмекші адам» секілді адам иланбайтын әрі адамзат қабілетінен тысқары іс-әрекеттерді жасайтын заманауи батырлардың болмысын өскелең ұрпақ бет түзейтін бағыты етіп алғанын байқамай да қалдық. Әттең-ай, осындайлардың орынын өз батырларымызға бастырар күн туар ма екен деп іштей мүжілдік. Дегенмен, «Қазақфильм» жасап отырған қазақ батырларын бас кейіпкер етіп алып, тәлім-тәрбиесі мол, жасөспірімдерді азаматтыққа тәрбиелейтін туындыларын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бірнеше ғасыр бұрын сайын даланың қасиетті төсін жат табанға бастырмаймын деп жан аямай соғысқан батыр бабалардың бүгінгі қоғамда лайық насихат ала алмай жүргеніне көз жеткізіп, бәрінің көкейінде бір қынжылыс жүретіні жалған емес.

Міне, руханиятты қолдау бағытында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ақтөбе қалалық ішкі саясат басқармасының арнайы тапсырысымен «Қос шынар» қазақтың батыр қыздары Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен «Батырлар жыры – жастардың үні» атты мектеп оқушылары арасындағы байқауды жариялар кезде жоғарыда айтылған жайттар негізге алынған еді. Тағы да толықтыра кеткен жөн, қазіргі қоғамда өсіп келе жатқан жаңа буынның өкілдері үшін «Батырлар жырының» кейіпкерлері күндіз-түні есінен шықпайтын, ауызының суы құрып тыңдайтын немесе тамашалайтын қаһармандары емес екені әмбеге аян. Осы олқылықтың орынын толықтыру үшін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі мақсатына орайластырып, Ақтөбе басшылығы үлкен азаматтық іс жасады. Бұл байқауды өткізудегі негізгі мақсат – балаларды «Батырлар жырына» қайта оралту, қазақтың фольклорлық өнерін насихаттау әрі руханиятты ұлттық кодпен байланыстыру бағытында кішігірім болса да өнегелі шара өткізу.

Осындай үлкен мақсатты алға қойған қос батыр қыздың атындағы қоғамдық бірлестік «Батырлар жыры – жастардың үні» деп аталатын үлкен байқауды жариялады. Байқаудың ережелерін қала мектептеріне таратқан кезде зор қуанышқа кенелтетін жағдай, расында ешкім күтпеген жағдай орын алды. Мектеп оқушыларының қатарынан 60-тан астам оқушы бәйгеде бақ сынағысы келіп, өтініш білдірген. Айта кету керек, байқаудың ең басты шарты – халық ауызында кең тараған жырларды жатқа айту.

Байрақты бәсекеге бел буып келген мектеп оқушылары «Батырлар жырындағы» Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыс, Қамбар, Өтеген батыр секілді қазақтың бетке ұстар ерлерінің батылдығы, күштік тұрғыдан басымдығы суреттелетін жырларды тыңғылықты жаттаған. Бұл жырларға қоса, қарт Алатауды тел емген көрші қырғыз елінің «Манас» жыры мен Үмбетей жыраудың «Батырым өлді Бөгенбай», Махамбет Өтемісұлының «Мұңайма» толғаулары орындалды. Тек қана фольклорлық әдебиет қазынасы емес, шара барысында лирик ақын Сағи Жиенбаевтың «Әлия» поэмасынан да үзінді оқыған оқушылар болды. Атақты батыр, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлына арналған Сәбит Мұқановтың «Бауыржанға», Мұқағали Мақатаевтың «Бауыржан Момышұлына», Қасым Аманжоловтың «Бауыржан» секілді жас ұрпақтың рухын асқақтататын әрі ұлтты, елді сүюге итермелейтін туындылар көпшілік алдында орындалып жатты.

Ақтөбе қаласының шәкірттері басты назарды Кеңесс Одағының батыры Әлия Молдағұлова туралы туындыларға аударыпты. Олардың қатарына Жұбан Молдағалиевтің «Әлия», Фариза Оңғарсынованың «Әлия мен Мәншүк», Сырбай Мәуленовтің «Әлия мектебінде», Тұманбай Молдағалиевтің «Батыр қыз» және Жекен Жұмахановтың «Қобданың жағасында біздің ауыл» атты шығармалары кіреді.

Бұл байқауды өткізуге атсалысқан Ақтөбе қаласындағы №64 мектеп ұжымы тыңғылықты дайындалыпты. Байқау ылғи әскери киім киген ұлдар мен қыздардың беташар хорымен басталып, шараның өне-бойы патриоттық мазмұндағы әндермен әдіптеліп отырылды. Кең әрі шамдардың жарығы жарқыраған, сәулетті акт залында талапкерлер ертеден келе жатқан ұзақ жырлардан алынған үзінділер мен өлеңдерді өз мәнеріне келтіре оқыды.

Ұлттық киім киген, сондай-ақ дулығалы, сауытты, оған қару-жарағы сай кейіпте немесе әскери киім киген оқушылар да біршама болды. Олардың әрқайсысы-ақ өздері оқыған шығармаларға тән әрқилы кескін бейнелер жасауға тырысты. Міне, осы ізденістердің барлығы қазақтың төмен етектілер арасынан шығып, отанын қорғауға атсалысқан «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев, Ақтөбе қалалық білім бөлімі ғылыми-әдістемелік орталығының қызметкері Ғазиз Қаламов, Ақтөбе теміржол колледжінің оқытушысы Бекзат Қаумешов қазылық еткен алқаның да, залға жиналған жас көрермендердің де көңілінен шықты. Зал толы көремендер шара бітсе де, біраз уақытқа дейін қол шапалақтап тұрды.

Байқауға қатысушылардың жыр оқу мәнері, актерлік шеберлігі мен сахна мәдениеті, киім үлгісі тәрізді талаптар жан-жақты таразыланып, қазылар алқасының ортақ ұйғарымымен Бас жүлдеге Ақтөбе қаласындағы №39 орта мектептің 10-сынып оқушысы Ақбаян Атапкелова лайық деп табылып, оған «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің дипломы және көпфункциялы бейнекамера табыс етілді. Ал бірінші орынға ие болған Благодар орта мектебінің оқушысы Рамазан Көлбаевқа дипломмен қоса түрлі-түсті принтер берілді.

Екінші орынды екі үміткерге табыстауды ұйғарыпты қазылар төралқасы. №64 орта мектептің оқушысы Әмина Молдағалиева мен №41 орта мектептің оқушысы Сәнім Аманғазы ІІ дәрежелі диплом мен үй кинотеатрының және компьютердің колонкаларына ие болды. ІІІ дәрежелі диплом мен көпфункциялы блитузы бар құлаққап үшінші орын алған үш оқушыға берілді: №24 орта мектептің оқушысы Ғазиза Ырғызбаева, №47 орта мектептің оқушысы Тұрлан Серікқалиев және Ақжар орта мектебінің оқушысы Жансұлу Алиева. Және бір қуантарлығы, байқауға қатысушылардың ешқайсысы да ескерусіз қалған жоқ, оқушылардың барлығына да бірлестіктің Алғыс хаттары тапсырылды.

Осылайша Ақтөбе қаласының ішкі саясат бөлімінің арнайы бастамасымен өз дәрежесінде тойланған Жеңіс күнінен кейін ежелгі батырлармен қоса, қазақ жерінен шыққан Кеңес Одағының батырларының да ерлік істері насихаттан ада қалған жоқ. Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жас ұрпақты патриоттыққа, ел мен ұлтты сүйе білуге тәрбиелейтінін айқын көрсетті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button