Жаңалық

«Рухани жаңғыру» жобаcының мамандары өзара тәжірибе алмасты

Заманауи Қазақстан кеңістігінде ұлттық нақыштарды дәріптеп, құндылықтарымызды насихаттау – қоғам дамуының басты талабы. Осы мақсатты көздеген мемлекеттік Бағдарлама қазақстандық дамудың басты тетігіне айналып, нарық пен экономикалық дамумен қатар келеді.

Облысымыздағы «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығы Тұңғыш Президентіміздің сананы жаңғырту бағдарламасын жергілікті жерде насихаттаудың басты институты болып отыр. Жақын күндері Орталықтың ұйымдастыруымен аудан және қалалармен онлайн режимінде «Рухани жаңғыру» кабинеттерінің миссиясы тақырыбында кеңейтілген семинар өткізілді. Ұтымды ойлар мен идеялар ортаға салынып, жобалық штаб мамандары өзара тәжірибе алмасты. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша, облыста кабинеттер саны 83-ке жетіп отыр. Олардың сипаты қандай? Кабинеттер жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарының жанынан ашылған, қазақи салт-дәстүрге тән құнды жәдігерлермен жабдықталған, ұлттық ғұрыпқа қажет әдістемелік әдебиетке толы, қазақи иіс аңғыған тарихи бөлмелер. Яғни, оқушылар мен студент жастар ғұрыпқа жақын болып өседі.

Кабинеттерді ашудағы басты мақсатымыз – ұмыт бола бастаған құндылықтарымызды жаңғырту, насихаттау. Заманауи мектептер қазақи әдет-ғұрыптан алшақтамай, жастарымызды сусындатсын деген оймен жүзеге асырылып отыр. Облысымыздағы ашылған әрбір кабинет өзіндік стилімен, мазмұнымен ерекшеленеді. Яғни, бекітілген бір ереже жоқ. Бүгінгі семинарға қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, үздік деп танылған кабинеттердің мамандары өз ойларымен бөлісті. Жастар тәрбиесінде бұл «Рухани жаңғыру» кабинеттерінің алар орны зор болады деген ойдамыз, – дейді Өңірлік орталық басшысының міндетін атқарушы, ұйымдастырушылар алқасының төрағасы Қарлығаш Шерьязданова.

Семинар барысында өткен жылы кабинеттер арасында жарияланған облыстық байқауда жеңімпаздар атанған Семей қаласы «Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейімді гимназия», Аягөз қаласы «№5 жалпы білім беретін орта мектеп» КММ және Ұлан ауданы «Қасым Қайсенов атындағы негізгі мектеп» КММ өз кабинеттерін онлайн режимінде көрсетіп, қызықты әрі құнды материалдарымен тәнті етті. Атап айтсақ, Ұлан ауданындағы мектепте «Рухани жаңғыру» кабинеті бір бөлек жоба ретінде қабылданып, ауқымды танымдық, тарихи жұмыс атқарып келеді.

Біздің мектептің басты міндеті – жастарды ұлттық дәстүрде білім нәрімен сусындату. Яғни кабинет пен мектептің ортақ идеясы бір арнаға ұласып отыр, – дейді мектеп директоры Архат Рахымбердинов.

Семинар қорытындысы бойынша, алдағы уақытта да бұл жұмыс өз жалғасын тауып, Бағдарлама аясында таныстырылымдық, әдістемелік құжаттармен толықтыру.

Кабинетті тамашалаған әрбір азамат Қазақстанның рухани құндылығын, киелі жерлерін, белгілі тұлғалары мен салтын, ғұрпын біліп, тарихи мағлұматтарымен сусындау керек, – деді сөз соңында Қарлығаш Маушанқызы.

Қала және аудандық жобалық штаб мамандары бір ауыздан ризашылықтарын білдіріп, осы іспеттес семинарлар қатарын көбейтуді ұсынды.

Шығыс Қазақстан облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button