Жаңалық

«Рухани жаңғыруда» Семей қаласының орыны ерекше

ШҚО Семей қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссиясы Орталық сараптама кеңесінің көшпелі мәжілісі өтті.

Сараптама кеңесінің көшпелі мәжілісі өңірлік жобалау кеңселері мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы өзара байланысты жақсартуға, Шығыс Қазақстан облысындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының орындалуын терең талдауға, алда іске асырылатын жобалардың сапасын арттыру бойынша ұсыныстарды қалыптастыруға, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» міндеттерінің орындалуы, өлкетану бойынша оқулықтар әзірлеу, баспадан шығару, материалдық және материалдық емес мәдени ескерткіштер реестрін қалыптастыру тәжірбиесін қолданысқа енгізуге бағытталды.

Қазақ елінің «рухани жаңғыруына» бағытталған жиынның еліміздің рухани өміріндегі ең өзекті мәселелерді қозғады.

Көшпелі мәжіліске арнайы келген ШҚО облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының орындалу барысы туралы «Алаш астанасы» атанған Семей төрінде еліміздің руханияты туралы баяндама жасады.

Жиынға ЕҰУ проректорлары Дихан Қамзабекұлы, Серікжан Қанаев пен Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай, Саяси ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ гуманитарлық-инновациялық заң университетінің ректоры Шырын Құрманбаева және тағы басқа сарапшы-ғалымдар, өңірдің ғылыми-педагогикалық қауымы қатысты.

Отырыстың тізгінін ұстаған ЕҰУ-дің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы зиялылар алдында Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың атынан құттықтау сөз сөйледі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруда Семей өңірі ең бір маңызды өлке. Өйткені әлімсақтан әруақ қонып, нар шөккен жерлер бар. Оның сыртында, Абай мен Мұхтарды, Шәкәрімді дүниеге әкелген жер. Осының барлығы «рухани жаңғыру», соның ішінде «Туған жер» бағытын сәйкес келеді. Соған байланысты әлі де көп зерттеулер жүргізуіміз қажет. Себебі, ұрпақ ауысады, жаңа толқын, жас ұрпақ келеді, солардың санасын жаңғыртып отыруымыз керек» – дейді Дихан Қамзабекұлы.

«Рухани жаңғыру» міндеттерінің іске асырылуы туралы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров пен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің оқу және әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры Сәуле Рахметуллинаның баяндамасы тыңдалды.

Баяндамаларды талқылау барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мазмұнына сәйкес келетін жобаларды ғана іріктеудің қажеттілігін айтып, өңірдің іс-шаралар жоспарына сай «Абай» институтын ашу және «Абай» журналын халықаралық деңгейге көтеру мәселесі қозғалды. Сондай-ақ, өңірден шыққан тарихи тұлғаларға мавзолей кешендерін жасау сынды жобалармен күшейтуді және білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін көтеретін жобаларды енгізуге мән беруді, еліміздің білім беру саласын оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етудің тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынды.

Баяндамаларды талқылау барысында сарапшылар сапалы жобаларды іріктеу бойынша бірнеше ұсыныстар мен ұсынымдар берді. Олардың ішінде белгілі ғалым Арап Еспенбетовтың Абайдың әкесі Құнанбайдың есімі «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» республикалық және өңірлік жобаларының тізіміне енгізілмей қалғанын қынжыла тұрып айтты. Құнанбай туралы фильм Мемлекеттік сыйлыққа ие болғанын тағы бір еске салып өтті. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Арын, ЕҰУ ғалымдары Серікзат Дүйсенғазы мен Ерлан Сайлаубай айтқан құнды ойлар мен маңызды мәселелер де көпшіліктің көңілінен шықты.

Мәселен, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Ерлан Сайлаубай:

– Облыс орталығында Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш ашу;

– Би Боранбай кесенелік кешенінің құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтау;

– Берелдегі археологиялық ескерткіштер кешеніне «Патшалар алқабы» ұлттық мәдени-тарихи парк статусын беру жөніндегі ұсыныс жасаса, аталған кеңес мүшесі, ақын, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Серікзат Дүйсенғазы:

– «Алаш қозғалысының» дербес музейін ашу;

– Семейдегі Әуезов атындағы педагогикалық колледжге республикалық статус беру;

– «Алтай-Ертіс» кітапханасы сериясын «Алтай-Тарбағатай» деп атап, шығыста туған қаламгерлердің шығармашылығын толық басып шығару қажеттігін ұсынды.

Жиын соңында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Шәкәрім атындағы мелекеттік университеті, Қазақ инновациялық заң гумантарлық университеттері арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді бірге жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды.

Тағы бір айта кетер жәйт, көшпелі мәжіліс аясында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков Қазақ инновациялық заң гуманитарлық университетіне Елтаңбаның жаңа нұсқасын табыс етті.

Кеңес отырысы кезінде «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша жарық көрген кітаптардың және «Жаңа гуманитарлық бібім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың» баспадан шыққан нұсқаларының көрмесі ұйымдастырылды.

ЕҰУ-дің сапары алға жылжыды. Алда көк құраққа көмілген Көкпекті, қазақтың құтты мекені Қалбатау, бетегесі белден келер Барқытбел, азаматы арда туған Ақсуат күтіп тұр бізді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button