Жаңалық «Рухани жаңғыру» аймақтарда

«Руханият шаңырағы» мәдени-рухани журналы жарық көрді

27 мамыр күні Павлодар қаласының Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында мәдениет және өнер қызметкерлерінің форумы барысында облысымызда алғаш рет жарық көрген «Руханият шаңырағы» мәдени-рухани журналының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.

Журналдың тұсауын Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинова және «Jebe» ҚБ төрағасы, белгілі журналист, журналдың редакторы Данияр Жұмаділ кесті.

Бұл журнал — аймақтың мәдениет саласының тыныс-тіршілігінен, мәдениет майталмандарының өнері мен өмірінен сыр шертетін басылым болады.

«Руханият шаңырағы» мәдени-рухани журналының алғашқы санында облысымыздағы іргелі мәдениет ошақтарының тыныс-тіршіліктері, атқарған ілкімді істері мен алдағы жоспарлары жайында жекелей мақалалар берілді. Олардың қатарында облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы, Бұхар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театры, А.П.Чехов атындағы драма театры сияқты мекемелердің жұмысына шолу жасалды.

Биыл бұл аймақтың музей саласында бірнеше айтулы күндер бар. Атап айтсақ, Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейні 80 жыл, ал Қ.И.Сәтпаев мемориалды музейнің құрылғанына 55 жыл толып отыр. Журнал ұжымы бұл мекемелерді назардан тыс қалдырмағаны айтпаса да түсінікті.

Мәдениет мекемелерінен бөлек жекелей өнер ұжымдары мен мәдениет майталмандары жайында да сөз қозғалды. Бүгінде облыс намысын халықаралық байқауларда қорғап жүрген, мультиинструменталистерден құралған «Qagan» этно-фьюжн тобының жетістіктері, «Желдірме» ақындар мектебінің бағындырған асулары туралы толыққанды ақпарат берілді. Сондай-ақ, 60 жасты алқымдаған ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының актеры Бейбіт Шәнімнің мерейтойына жеке мақала арналды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button