Рухы биік тұлғалар
Премьер-министрдің бірінші орынбасары мен көрнекті жазушы арасындағы адамгершілік пен ұлтқа қызметтері туралы естелік.

Оқырмандарымызды елім дегенде егіздей болып айтылатын осынау ерен есімді тау тұлғалармен таныстырып алайық. Олардың өмірбаяндарымен танысып, мемлекет және қоғам қайраткерлері туралы жазылған естеліктерден түйгеніміз біздің кейіпкерлердің аузы дуалы, сөзі уәлі, жұрт құрметтеген ақылгөй ақсақалдар екенін танимыз. Олар өз өмірін туған елінің өсу, өркендеу, одан тәуелсіз ел ретінде қалыптасу, іргесін бекіту жолында сарп еткені қазір тарихқа айналған құнды кітаптар мен газет-журналдар беттерінде сайрап жатыр. Әрине, барлық адамдар да өз деңгейінде елге қызмет етеді, жасампаздыққа жақсы үлесін қосуға тырысады. Рухы биік бұл тұлғалар ұлтқа қызметте ақыл мен қайратпен бірге жалындаған жүректері мен бар ғұмырларын арнады. Өз тарапымнан асыл ағалардың қарым-қатынасындағы қазіргілерге өсиетті өнеге болар өрелі бір сәт, бір мезетін жазар алдында олардың өмірбаяндары мен атқарған істері туралы аздап таныстырып өтсем деп едім.
1991-1992 жылдары Қазақстан республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары болған Қаратай Тұрысов пен көрнекті әдебиеттанушы, прозашы, аудармашы Немат Келімбетовтің кездесуі туралы өз ауыздарынан естіген естелік форматындағы жазба.
Оқырмандарды зеріктіріп алмас үшін бірден Үкіметбасшысы мен Жазушы арасындағы кездесу сәтінен үзінді ұсынайық. Бұл Немат Келімбетовтың өз жазбасы.
«Бұл кезде Қарекең Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары еді. Ал мен дәл осы үкімет аппаратында көп жылдар жауапты қызметтерде болып, денсаулығыма байланысты құрметтi демалысқа шыққан болатынмын.
Күндердің бір күнінде Қарекеңнің қабылдауында болдым.
– Е, Немат Келімбетович, бiздер таныспыз ғой, – деп Қарекең күлімсіреп, орнынан тұрып келіп, қасындағы креслоға отыруыма өзі көмектесті. Ол кезде мен жұлын-омыртқаға жасалған нейро-хирургиялық операциядан кейiн қос балдақты қолтықтап, әрең козғалушы едім. Мен келген шаруамды бiрден айттым:
– Қареке! Жақында бiр романым шықты. Мақтанды деп ойламаңыз, әжептәуір қаламақы алдым. Соған бір жеңіл машина алуыма көмектесіңіз. Маған жүріп-тұру қиын. Өзіңіз көріп тұрсыз ғой», – дедім.
Ол кезде қолдағы нақты ақшаның өзіне машина сатып алу қиынның қиыны, нағыз ақырет еді. Жеңіл машина тек қана үлкен бастықтардың рұқсатымен ғана сатылатын.
Сол жолы Қарекең менi жақсы қабылдап, машина сатып алуыма көмектесетін болып, өзі де көңiлдi отырды. Менің де табанда мерейім өсіп, төбем көкке жеткендей болды. Жүрегім тайдай тулап, Қарекеңе бір сәт қалайша ағымнан жарылып, сөйлеп кеткенімді өзім де байқамай қалдым:
– Қареке! Осы жакында ғана бiлдiм, бiздер тiптi аталас туыс адамдар екенбіз ғой. Менің әкем жас кезiнде сiздiң атаңыздың пәлен жайлаудағы үйіне барып қонақ болып қайтқанын айтты. Ол кезде сіз әлі жалаңаш жүгіріп жүрген бала екенсiз. Кейінірек сiз Шымкенттегі балалар үйінде тәрбиеленіпсіз, – дедім.
Бір қызығы – мен туыстығымызды айтқан сайын Қарекең тұнжырап, өңі өзгеріп, қабағы қарс жабылып, қарайып кетті. Жаңа ғана жүзі жайнап отырған адам әп-сәтте нiлдей бұзылды. Мен қапелімде не болғанын түсінбей, аңырайып отыра беріппін.
Арамыздағы бір сәттік ауыр тыныштықты Қарекең өзі бұзды:
– Мен бұл жерде өз туыстарыма машина таратып беру үшін отырғаным жоқ. Өтінішіңізді тастап кетіңіз. Жағдайға қарап көрерміз, деді ол зілді дауыспен.
Содан кейін “әңгіме бітті” дегендей орнынан тұрып барып, кабинетінің есігін ашты. Мен мұнысын “кет” дегенi шығар деп ұқтым. Ол өзі менен бұрын кабинетінен шығып кетті.
Мен әрең жүріп есіктің табалдырығынан зорға аттап өтіп, әйтеуір, қабылдау бөлмесіне жеттім-ау. Сол арада әйелім мені күтіп отыр еді. Бір қарасам Қарекең менің әйелім Куанышпен кызу әңгімелесіп тұр. Менi көре салып Қарекең өз әйелімді өзіме мақтай жөнелді:
– Келiнiмiз жылы жүздi жан екен. “Түрi жақсыдан түңілме” дейді ғой.
Менің ашу-ызадан жарылып кете жаздап, тiсiмдi тiсiме қойып кіжініп тұрғанымды көрді де Қарекең сөзін ұштай түсті:
– Мынадай әйелi бар жiгiт бақытты ғой. Сіз не болса соған ренжи бермей сабыр сақтаңыз. Тәйiрi, сол машина да сөз болып па?! Аласыз, Нәке. Бiрiншi топтағы мүгедекке бермегенде сол темір-терсектi кiмге беремiз?! Бiрақ тәртіп бар. Заңды айналып өтпейік. Сiз қазiр тура Ұзекеңе (Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ұзақбай Қарамановты айтып отыр. (Н.К.) барыңыз. Сізді кабылдайды. Көмектеседі. Сiздер жеткенше мен ол кiсiге жағдайды түсіндіріп айтамын, – деді.
Мен содан кейін ғана Қарекеңнің маған әдейі дөңайбат көрсетіп, әзілдесiп сынап тұрғанын пайымдадым.
Бiз содан кейін Қуаныш екеуiмiз ұзындығы бiр шақырымдай көрінген кілем төселген дәлізбен жарты сағаттай жүріп, ақыры бастықтың кабинетіне де жеттік-ау.
Бiздi есік алдында бір жап-жас жігіт күтіп алды. Ол Ұзақбай Қарамановтың көмекшісі екен. Кабинетіне кіргенiмiзде Ұзекең отырған орнынан тұрып келіп, бізбен кол беріп амандасты да, екеумiздi терезе түбіндегі үлкен диванға қолтықтап апарып отырғызды. Сосын өзі де жанымызға келіп, бiрден сөйлеп кетті:
– Нәке! Сiз туралы бәрін білем. Кітап жазыпсыз. Жұрт мақтап жүр. Тағы да жаза беруіңізге тілектеспін. Ал өтінішіңізді біздің жігіттер табанда орындап қойды. Құжаттарыңыз дайын. Дәл қазір барып-ақ базадан таңдаған “Жигули” машинаңызды алып кетуіңізге болады, – деді.
Біз әйеліміз екеумiз бұл сөзге сенерiмiздi де, сенбесімізді де білмей, бір-бірімізге жалтақтап қарай бердік. Сол бір куанышты сәтте машинаны бізге Ұзекеңнің өзі беріп тұрса да, көз алдымда Қаратай Тұрысов тұрды.
Иә, сол күнi бiз судай жаңа “Жигули” машинасына отырып, үйге келдік. Міне содан бері он бес жылдай уақыт зымырап етіп те кетіпті. Әйтсе де, күні бүгінге дейін жеңіл мәшиненің есігін аша бергенімде менiң көз алдыма марқұм Қарекеңнің күлімсіреген бейнесі жалт етіп келе қалады. Кейбір адамдар осындай бiр iсiмен-ақ екінші бір адамның өмірінде ғұмыр бойы өшпестей iз қалдырып кетеді екен. “Жақсыдан – шарапат” дегенiмiз осы шығар»…
Енді қадірлі оқырман осы кейіпкерлерімізді сіздерге таныстырып кетуді жөн көрдім. Қазіргідей ақпараттар ағыны толласыз уақытта, кешегі өткен тұлғалар емес, кеше ғана естігеніңді есте сақтап қалудың өзі қиын. Ендеше бүгінгі Әділетті Қазақстанды құруға бет алған бетбұрыс кезіндегі қажетті қағидаларды осы екі азаматтың өмірбаянынан нақты көріп қана қоймай, соны зерделеп оқып-өнегелі өрелі істерін өсиет етсек те артықтық етпейді. Кешегі өткендердің ұлағатты ісі, бүгінгілерге үйрену тәжірибесіне айналып, келешек ұрпақтың өмір мектебіне бет алғанда оқып-тоқитын бағдаршамы болса дейміз. Ендеше бастайық.
Қаратай Тұрысов 1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысының бір түкпіріндегі Талас өзенінің бойындағы қырғыздармен шекаралас «Жас өркен» деген кішкентай ғана ауылда дүниеге келген. Жастық шағы өмір үшін күрестің жансебілдік азабымен өтті. Бұлар бүйірі шығып ас ішіп көрмеген, иығы бүтін киім киіп көрмеген, көңілі толып, мәз-мейрам болып күліп көрмеген ұрпақ еді. Үнемі жоқшылық пен таршылық оларды төмен тұқыртып, еңселерін езіп тұратын. Қолдан жасалған аштық халықтың жартысын қырып, біраз бөлігін қаңғыртып жіберген. Бұлар дүние есігін ашқанда оның зардабы әлі тарқамаған. Әлі де ашқұрсақ жүретін халық тоя тамақ жеудің не екенін білмей, азға қанағат етіп қана жүре беретін. Аяқты апыл-тапыл басқан шақтарында халықтың еркін әбден жаншып, жігерін жасытатын жаңа тәсіл табылып, «халық жауы» деген пәле шығады. Әне шауып кетті, міне, тиіп кетті деп жаппай тиген үрей үлкендерді сыбырлап сөйлейтін, жас баланы дауысын көтеріп жылай да алмайтын халге жеткізді. Одан соғыс келді. Елдегі қара жұмыстың бар ауыртпалығы әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Сен жас екенсің, бұғанаң әлі қатпаған екен деп аяған ешкім жоқ, аяқ-қолың сау болса болды, жұдырықтай қалпымен ала таңнан қара кешке дейін соқа сүйрейтін әбден қажыған арық өгіздің басына қонжитып қоя береді. Шабан өгіздің бас жібін әлсіз қолдарымен тартқылап, күні бойы шу-шүулеумен дауыстары қарлығып, шыбық үйірумен екі қолы салдырап қалатын балалар оның үстінен түскенде, екі аяғы қалтырап, сұйық көжеге зорға жетіп, сылқ түсетін… Өмірдің барлық қиыншылығымен тайталаса туып, жағаласып өскен солар бәрібір мықты болды. Қайсысы болсын ештеңеден қайтпайтын шетінен өжет, табанды, оның үстіне алымды да, шалымды жігіттер еді. Өжеттігі сол емес пе, Қазақстанның бір түкпірінде туып, қазақ мектеп-интернатын бітіріп, ештеңеден қорғалақтамай, анау-мынау емес жер түбі Мәскеуге оқу іздеп барғандары. Тараздағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатын 1950 жылы бітірген бір топ бала, ішінде Қаратай Тұрысовтан басқа Шерхан Мұртаза мен Шота Уәлиханов бар, жері суық, алыс әрі жат Мәскеуіңнің төрінен бір-ақ шығып, бәрі де оқуға түседі. Ол кездің қиыншылығы түгіл бертін, жаймашуақ жылдар болғанда да бұлай топталып барып, Мәскеудің оқуына тоғытылып түсу деген сирек оқиға болатын. Ал қайсар ұрпақ соғыстан кейінгі қиыншылықтарды, жоқшылықты көзге ілмей, бұрын ауылдан шығып көрмесе де астананың төрінен бір-ақ шығады. Сол жылдары Қазақстанның басқа түкпірлерінен «Мәскеуді бағындырғандар» арасында қазақтың белгілі ақыны Кәкімбек Салықов та болып, ол астананың Түсті металл және алтын институтынан бірақ шығыпты. Ал Қаратай Тұрысов Серго Орджоникидзе атындағы геологиялық-барлау институтына түседі. Осы институт қабырғасында Қаратай Тұрысовтың болашақ өміріне көзқарасы бекем қалыптасты. Ол өз мамандығын сүйіп қана қойған жоқ, осы саланың білікті мамандарының бірі болды. Өзін оқытқан Алексей Богданов, Петр Захаров, Михаил Муратов сынды профессор-ұстаздарын ол өмір бойы ұмытпай, есімдерін ілтипатпен еске алып жүрді. «Соғыстан кейінгі ұрпақтың геологияға бет алуы – әлемдік масштабтағы академик Қаныш Сәтбаевтың Қазақстандағы жер асты қазба байлықтарын дүниежүзілік аренаға шығарған еңбегіне тікелей байланысты» деп өзінің бір сұхбатында Қарекең геологияға келу себебін ашумен қатар, Сәтбаевтың өлшеусіз еңбегіне де бас иетіндігін айтып кетеді. («Арай» журналы, №№3-4, 1994 жыл). Осы сұхбатында әрқашанда тура сөйлейтін, ойын ашық та бүкпесіз айта білетін Қаракең: «Геолог болу – қияметтің қияметі. Дүниеде 3 мың түрлі минералдар бар. Әрбір тастың құрамындағы минералдарды «оқып» зерттеп, жер қойнында қандай кен жасырынып жатқанын дәл білу керек… Арқаңда дорбаң… қолыңда балға-қайлаң… дорбаң толы тас. Қу даланы кезіп бара жатқан геолог осындай күн кешеді. Күні бойы тастармен сөйлеседі. Қазір де тау жоталарын, тау мен тасты көрсем болды, солай қарай бұрылып кеткім келеді», дейді Қарекең. Қаратай Тұрысов Орталық Қазақстанның кенді аймақтарының геологиялық картасын жасау ісіне сегіз жыл бойы үлес қосты. Көктасжал кен орнын алғашқы ашушылардың бірі болды. Одан Қаражол, Қарағайлы, Жәйрем, Бетпақдаланың тау-тасын кезіп, жаңа кен орындарын іздеді. Осы еңбегі ескеріліп, «Қазақстанның құрметті кен барлаушысы» атағын да алды. Геофизикалық экспедицияның партия бастығы болған ол осы жылдары басқару жұмысына икемді, халықпен тіл табыса алатын қабілеті де зор екенін көрсетті. Қызығы мен қиыны көп бұл жылдарды артынан ол үнемі сағынышпен еске алатын. Хрущевтің тұсында партияның басқару құрылымын өнеркәсіптік және ауыл шаруашылықтық деп екіге бөліп тастаған еді. Қарекеңдердің Ағадыр экспедициясы Ақшатау өнеркәсіптік аукомына қарайтын. Ұзатпай геолог Қаратай Тұрысовты аудандық партиялық бақылау комитетінің төрағалығына сайлады. Бірақ оның бойына сыймаған қуаты кеңседе отырып, қағаз төңкерістіруге қанағаттанбай, қиын да күрделі істерге ұмтылатын.
Сол жылдарды еске алғанда Қ.Тұрысов ағамыз партиялық басқару қызметіне ұзақ уақыт барғысы келмегенін айтады. Оның да себептері бар еді. Біріншісі өз мамандығы бойынша еңбек етіп, сол жұмыстарының арқасында есімі Қазақстан ғана емес, Мәскеуге жетіп жатқан. Және де бір ауыл туған-туыстардың қамқоршысна айналған ол сол геолог болып жүріп алған жалақысы Қаражал қалалық парткомының бірінші хатшылығы қызметіндегі жалақыдан 3-4 есе көп болатын.
Париялық басқару қызметіне кіріскен соң Қарекең сол аудан тұрғындарының проблемаларын зерттеді. Қабылдауына келген халықпен ашық-жарқын сөйлесті. Қаражалда темір-марганец комбинаты бар. Міне сол комбинаттың бар залалды қалдықтары сумен шайылып, қаладағы адамдар тұтынатын ауыз сумен араласып кеткен. Содан да қаражалдықтар тамақ жасаса метал дәмін ижою үшін тұзды көп қосуды үйренген. Ал шәй ішкенде сүтті қоюлатып аямай қосып амалдап отырған. Бірінші хатшы, қазіргіше өндірісті қаланың әкімі болып сайланған Қаратай Тұрыслов осы мәселені толық шешеді. Әрине ол үшін тапқан пайдалары толықтай орталық Мәскеудің нұсқауымен сыртқа кетіп жатқан қаржының біраз бөлігін жергілікті жерде қалдыруға қол жеткізді. Бұл қазіргі өзін-өзі басқару жүйесі қолдынысқа енген кезде ауыл-аудан әкімдері үшін тәжірибелік сабақ. Өйткені ауыз су мәселесі шешілген соң Қаражалға ауыл жастары келе бастады. Жұмысшы мамандығын игерді. Ата- бабалары білмеген кәсіпті қолға алды. Соңынан әйгілі Жәйрем полиметалл кен орны ашылды. Бұл Қратайдай білгір басшының бір мәселені реттесе, келесі игілікке жол ашылады деген көрегендігі еді. Қаражал дамыды, өркендеді. Біртіндеп қаладағы балабақшалар, мәдениет үйі, мектеп, жазғы парк, бірнеше тұрғын үйлер Қарекеңнің кезінде көтерілген құрылыстар болып жұрт жадында сақталып қалды. Көп батасын алды. Қызметі ары қарай ілгерілеп өсті. 1971 жылы Қарекең Қазақстан КП Орталық комитетіне қызметке алынады. Осының өзінен оның республикалық көлемде көзге түсіп, іскерлік қабілетін, кісілік, кішілік келбетін танытқандығын тануға болады. Қалай десе де ол кездегі билік адамның қасиеті мен қабілетіне үлкен көңіл бөлетін еді ғой. 1974 жылы Қаратай Тұрысов жаңадан ашылған Торғай облысының партком хатшыларының бірі болады. Орталық комитеттің кадр мәселесіне қатты көңіл бөліп, олардың қабілеттерін орынды пайдалана білуінің бір мысалы осы Торғай облысынан көрінді. Онда барып облысты ашқан және оның экономикасын көтерген азаматтардың бәрі де артынан «Торғайдың топжарғандары» атанып, елімізге аты шыққан тұлғалар болды. Сол Сақан Құсайынов, Мақтай Сағдиев, Өзбекәлі Жәнібеков, Евгений Башмаковтардың қатарында жарық жұлдыздай болып Қаратай Тұрысов та жүрген еді. Торғайдың сол жылдардағы өскенін тек тәуелсіздік жылдарындағы Астананың өсуімен ғана салыстыруға болатын шығар. 1970 жылы 13 мың ғана тұрғыны бар Арқалық қаласы аздаған жылда 80 мыңға жуық тұрғыны бар ірі қалаға айналды. 1971-80 жылдардағы Торғайдағы ауыл шаруашылығының даму қарқыны республикалық орташа көрсеткіштен екі есе артық болды. Ал тау-кен өндірісінде боксит қорының жаңа көздерін ашу, қоңыр көмірдің негізінде электр стансаларын салу, темір кендерін игеру үшін Есілде металлургия зауытын тұрғызу сияқты алып жұмыстардың ұйытқысы болып Қаратай Тұрысов жүрді. Торғайдағы толымды еңбек қызу жүріп жатқан бір тұста, 1978 жылы Қарекеңді өкімет КСРО Министрлер Кеңесінің жанынан бұрынғы білім жетілдіру институтының негізінде жаңадан ашылған 2 жылдық Халық шаруашылығы академиясына оқуға жіберді. Бұл шаруашылық басшыларының ең жоғарғы буыны үшін арнайы ашылған оқу орны болатын. Онда нарықтық қатынастардың негізгі қағидаттары да таныстырылып, кәсіпорын басшыларының еркіндігін кеңейту мәселелері түбегейлі қарастырылатын еді. Сабақтарда жоспарлы-нарықтық экономиканың ұтымды тұстары ашып көрсетілді. Бұл артынан КСРО аумағында әлеуметтік-экономикалық үлкен дағдарысқа ұшыратқан стихиялы рынок пен мемлекеттің экономиканы басқарудан мүлде ығыстырылуына жол берген неолибералдық реформаларға қарағанда, әлдеқайда тиімді әдістер еді. Осы жолмен нарықты енгізген Қытай мен Вьетнамда ол өзінің артықшылықтарын іс жүзінде көрсетті. Академияға теориялық экономикадан есімдері бүкіл әлемге танымал болған А.Аганбегян, Н.Мельников, Н.Некрасов секілді академиктер сабақ берді. Қарекең олармен тығыз қарым-қатынасын ешқашан үзбеген. Осында алған білімді ол артынан, Тәуелсіз Қазақстандағы Үкімет басшысының орынбасары болғандағы қызметінде орынды пайдалана білді. Осы қызметінде жүріп елді нарыққа өткізудің жолдарын жасаған Экономикалық реформалар жөніндегі республикалық комиссияны басқарғанда мәскеулік ұстаздарының ақыл-кеңесін алып отырған. Академияны аяқтаған соң Қ.Тұрысов КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында кандидаттық диссертациясын қорғап, елге оралды. Алдын ала айта кетейік, 1993 жылы ол докторлық диссертациясын қорғағанда да академиядағы ұстаздары ғылыми жетекшілік жасаған. Академиядан соң аз уақыт тау-кен жұмыстарындағы техникалық қауіпсіздікті сақтау жөніндегі республикалық комитеттің төрағасы болып тағайындалған Қ.Тұрысов 1981 жылы Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің төрағасы қызметіне сайланды. Жаңа орын, жаңа қызмет болса да бұл сала Қарекеңе әлмисақтан таныс еді. Өйткені, ол қарапайым еңбек адамының мүддесін қорғауға ежелден бейіл болатын. Бірақ партия 1984 жылы оны қайтадан өзіне тартып, ОК өнеркәсіп саласын бақылайтын хатшысы етіп сайлайды. Бұл – Горбачевтың өкімет басына келуімен КСРО қоластында туындаған ұлы өзгерістердің тууына дөп келген шақ болатын. Оның бір ерекшелігі – республикалардың өзін-өзі басқаруына молырақ ерік берумен қатар, биліктің барлық орталық аппараттарына республика өкілдерін жаппай тарту қолға алынып жатқан. Осы үрдістің әсерімен Кәсіподақтардың бүкілодақтық Орталық кеңесіне (КБОК) ұлттық республикалардың бірінен хатшы сайлау керек болғанда, таңдау Қаратай Тұрысовқа түседі. Сөйтіп, ол 1986 жылдың көктемінде үшінші рет Мәскеуге оралады. Кәсіподақ қайта құрудың кезінде барлық салаға батыл араласып, бұрынғыдай партияның көлеңкесінде емес, белсенді әрекет еткен қоғамдық ұйым болды. Қарекең КСРО Министрлер Кеңесі төралқасының Н.Рыжков өткізген барлық отырыстарына қатысып, ұлы державаның үлкен саясатының қалай жасалатынын көзіммен көрдім деп еске алады. «1989 жылы мұндай отырыстар күнде өткізілетін, бірақ елдегі экономикалық жағдайды оңалту мүмкін болмады. Әлеуметтік кикілжіңдер барлық салада, соның ішінде көмір өнеркәсібінде жиі бұрқ етіп тұрды. Маған елдің барлық аймақтарында болып тұратын сондай кикілжіңдерді реттеу комиссияларына қатысуға тура келді» дейді ол. Осы қызметте жүргенде ол А.Громыко, С.Шалаев, Г.Янаев, Л.Абалкин, В.Павлов, Г.Явлинский, В.Черномырдин секілді белгілі тұлғалармен тығыз араласқан. АҚШ, Йемен, Бразилия, Куба және т.б. ондаған шетелдерде болған. 1987 жылы КСРО делегациясын бастап барып, БҰҰ Бас Ассамблеясының 42 сессиясының мінберіне де көтеріліп, халықаралық бейбітшілік жылының аяқталуына орай сөз сөйлегені де бар. 1991 жылы Қаратай Тұрысов елге оралып, Үкімет басшысының орынбасары қызметіне тағайындалады. Мұнда ол, жоғарыда айтқанымыздай экономикалық саланы бақылап, жаңа реформалар енгізудің басында болды. Одан кейін Қарекең Туризм және спорт министрі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы секілді қызметтер де атқарды. Елге сіңірген еселі еңбегі үшін оннан астам медальдармен, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Барыс» орденімен марапатталды.
Қаратай Тұрысовтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына сіңірген зор еңбегі – 1995 жылы сайланып, өмірінің соңына дейін 9 жыл бойы атқарған Мәжіліс депутаты қызметінде де айқын көрінді. Мұнда ол Бюджет және қаржы комитетінің үзіліссіз төрағасы болды. Депутаттардың алдында елімізді экономикалық тығырықтан шығаруға және одан әрі дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын қабылдау міндеті тұрды. Осы жерде Қаратай Тұрысовтың биліктің барлық басқару сатыларынан өткен өмірлік мол тәжірибесі, зор білімі, сонымен қатар болашақты болжай білетін көрегендігі өзінің пайдасын көрсетті. Қарекең депутат болған тоғыз жылда Мәжіліс мыңнан астам заң қабылдаған екен, соның 60 пайыздан астамы экономика саласына қатысты болған. Бюджет экономикалық саясаттың дұрыс-бұрыстығын, орындалу тетігін қалыптастырады. «Қарекең маман әрі мемлекеттік тұрғыдан қарайтын азамат ретінде жылда қабылданатын бюджеттің мүмкіндіктерін әр саланың дамуына дұрыс пайдаланып, экономиканың шешуші бағыттарына жұмсалу керектігін қатаң қадағалаушы еді» деп еске алады әріптесі, артынан оның орнына комитет төрағасы болған академик Кенжеғали Сағадиев. Үкіметтің бір қайнауы ішінде болған заң жобалары да Қ.Тұрысовтың сүзгісінен өтпей, Парламенттен талай рет қайтарылған. Сондықтан «Үкімет мүшелері: «басқалары аңғармаса да Қаратай Тұрысұлы аңғарып отыр ғой» деп қобалжитындары айқын байқалып тұратын еді» дейді тағы бір әріптесі Ә.Кекілбайұлы. Бірде Парламенттің бірлескен отырысында Қарекең: «Мы и наши дети пьем воду, лечение от последствий употребления которой ни один бюджет не выдержит» деген екен. Осы сөз қамшы болып көп ұзамай «Таза ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады. Мұндай, бүкіл ел үшін шешуші маңызы болған мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады. 2004 жылы 70-тен жаңа ғана асқан шағында Қаратай Тұрысов өмірден өткенде қайғырмаған қазақ баласы жоқ шығар. «Жаман адам кетсе – дүние кеңіп қалады, жақсы адам өтсе – дүние кеміп қалады» дегендей, исі қазақтың еңсесі бір сәт түсіп, есіл ерін өлдіге қимай езіліп тұрды. Артында қалған жары Әскергүл Жамбайқызы мен балаларына бәрі де өзегі өртенген көңілмен қайғыларына ортақтастық білдірді. Қарекеңнің ел-жұрты оның есімін мәңгі есте қалдырудың шараларын да жасады. Тұрған үйіне мемориалдық ескерткіш-тақта орнатылды. Тау-кен ғылыми-зерттеу институтына, Алматыдағы техникалық университеттің факультетіне Тұрысов есімі берілді. «Ғибратты ғұмыр» айдарымен Жандар Кәрібайұлы мен Төлен Қаупынбаев «Тұлға» атты кітап шығарды. 2009 жылы марқұмның 75 жылдығына арнап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзімен Сауытбек Абдрахманов замандастары, әріптестері, шәкірттері, туыстарының естеліктерінен тұратын «Азамат» атты жинақ құрастырып шығарды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сол. Елімізге танымал журналист Жақсыбай САМРАТ рухты тұлға туралы жазылған естеліктерді қортындылай келе осылай ой сабақтаған еді…
Немат КЕЛІМБЕТОВ туралы айтатын болсақ, ол кісі ұзақ жылдар сал дертіне ұшырап соны жеңіп шыққан рухы мықты азамат. Жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Өмір жасының тең жартысындай бөлігінде ауыр дертпен арпалыса жүріп, рух ерлігінің ерен үлгісін көрсеткен үлкен жүректі қаламгер. Немат Келімбетов 1937 жылы туған. 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес өңіріндегі Абай селосында орта мектеп бітірген соң алдымен Ташкент қаржы-экономика институтын (1959), одан кейін Қазақ ұлттық университетін (1966) аяқтаған. Еңбек жолын өзінің әуелгі мамандығы бойынша бастаған Н.Келімбетов кейіннен журналистика, әдебиет саласына ауысады. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, одан кейін республика Министрлер Кеңесінде референт, Әдебиет, өнер және сәулетшілік салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы, «Қазақстан» бапасында редактор қызметтерін атқарған. Филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Келімбетов көптеген жылдар бойы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасында ұстаздық еткен. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі жайында жазылған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Орда бұзар отызында омыртқадан ауыр дертке ұшырап, ұзақ жылдар бойы төсекке таңылған Немат Келімбетовтің өмірге құштарлықтың өнегесіндей, тағдырмен тартыстың тағылымындай «Үміт үзгім келмейді» атты монолог-хикаяты оның қаламгерлік қуатын да, күрескерлік күшін де келісті көрсетеді. Кітапты арқау етіп жазылған пьеса бойынша қойылған спектакль М.Әуезов атындағы академиялық театрсахнасында табыспен жүрді. «Үміт үзгім келмейді» монологы әсіресе шетелдегі қандастарымыздың сүйіп оқитын шығармасына айналды. Қытай Халық республикасындағы радио мен телевизия осы кітаптың желісімен спектакль қойды. Кітаптың аудионұсқасы жасалып, атамекен отанын аңсап-сағынған қандастарымыздың үміттерін үзбейтін аманат сеніміне айналды.
Өмірінің соңғы жылдарында жарық көрген «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» сияқты эсселері Немат Келімбетовті ойшыл суреткер ретінде де танытты. «Үміт үзгім келмейді» кітабы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, оның авторына ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі – Еуропаның Франц Кафка қоғамының наградасымен марапатталды. Немат Келімбетовтің қазақ әдебиетінің байырғы бастау-бұлақтарын зерттеудегі еңбегі де ересен. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» (1998), «Қазақ әдебиеті бастаулары» (1998), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (2005) сияқты көптеген кітаптары ұлттық сөз өнерінің түп-тамыры тереңде жатқандғын даусыз дәлелдеді. Ғалымның бұл бағыттағы ізденістері оны Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты атандырды, осы тақырыптағы кітаптары бірнеше шетел тілдеріне аударылды. Л.Гурунцтың «Шіркін біздің Шушикент», В.Козаченконың «Найзағай», С.Ахмадтың «Көкжиек», П.Қадыровтың «Жұлдызды түндер» романдарын төгілте тәржімалаған Немат Келімбетовтің көркем аударма саласына қосқан үлесі де үлкен. Көрнекті ғалым, тамаша прозашы, өнімді аудармашы, ұлағатты ұстаз. Бүгінде Немат Келімбетовты көз көргендер осылай деп еске алып, естеліктерін жалғастырады
Академик Сейіт ҚАСҚАБАСОВ:
Мен оған Кипрге барғанымды, оның түрік тілінде жарық көрген кітабының тұсаукесеріне қатысқанымды, баяндама жасағанымды айтып, түрік ғалымдарының да кітапты жоғары бағалағанын әңгімелеп бердім. Немат ризашылығын айтып, қуанышын білдірді. Одан соң Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен жиынға да қатыстым. Онда Нематтың «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасының қытай, түрік, неміс тілдеріндегі нұсқалары туралы сыр шерткен болатынбыз. Немат екеуміз 1970-ші жылдардан аралас-құралас едік. Бізді табыстырған әдеби шығармашылық. Ол қызыл империяның қаны шығып тұрғанда Шәді төре Жәңгіров мұрасы туралы кандидаттық диссертация қорғап, бәрімізді таңғалдырып еді, өйткені ол заманда Абылайдың тікелей ұрпағының шығармашылығы жабық тақырып болатын. Сол шақтаақ Немат әдебиет тарихына, рухани мұраға мойнын бұрып, бірте-бірте бұл тақырыптарға дендеп ене бастаған-ды. Немат Келімбетов сонау 1980 жылдардан бастап ежелгі әдебиетіміздің тарихын үңіле де, тереңдей де зерттеген айтулы ғалым болды. Ол әдебиетіміздің ерте дәуірін тәңірлік және исламдық деп үлкен екі кезеңге бөліп, қазақ сахарасында исламға дейін де жоғары дамыған мәдениет болғанын көрсетті. Сол замандағы әдеби-мәдени дәстүр ислам келгеннен кейін өрлей дамығанын, сөйтіп рухани жалғастық болғанын иландыра дәлелдеді. Бұрын жай ғана аталып жүрген сақ-ғұн, үйсін дәуірлеріндегі, көне түрік пен Алтын Орда тұсындағы әдеби туындыларды талдап, ғылымға енгізді. Оның осы саладағы еңбектері 10 томдық «Қазақ әдебиеті тарихына» да игі әсерін тигізді. Үлкен ғалым Немат Келімбетов ежелгі және орта ғасыр әдебиетіне арналған 2-3 томдардың жалпы редакциясын басқарып, іргелі еңбекке сүбелі үлес қосты.
Жазушы Смағұл ЕЛУБАЙ:
Немат аға! Қос кітабыңыз «Үміт үзгім келмейді» хикаятыңыз бен «Ежелгі дәуір әдебиеті» зерттеуіңіздің Ыстамбұлда түрік тілінде, Пекинде қытай тілінде және Венада неміс тілінде шыққан жаңа басылымдарының тұсаукесерін жасадыңыз. Сіздің дос-жарандарыңыз, жалпы кітап сүйер қауым бұл оқиғаны ұлттық сөз өнеріміздің, әдебиеттану ғылымымыздың халықаралық дәрежедегі танылуы, жеңісі деп білді. Сізбен бірге қуандық. Сіздің бір неміс оқушыңыз «Үміт үзгім келмейді» хикаятын оқып шыққаннан кейін төсекке таңылып, мүгедек болып жатып қалған ерін жүнжіп кетуден, құрып кетуден аман алып қалған қазақ әйелі Гауһардың ерлігін тек шығыс әйелдеріне ғана тән ерлік деп бағалаған екен. Сонда біз өмірде сол Гауһардың прототипі болған, Сіздің басыңызға небары 35 жасыңызда тағдырдың тауқыметі түсіп төсекке таңылғаныңызда шиеттей екі бала, үшеуіңіз үшін басқа түскен тағдырдың таудай тауқыметімен жалғыз майдандасқан және сол айлапат күресте қазақы имани тәрбиесінің арқасында жеңіске жеткен ғазиз жан марқұм Қуаныш жеңгеміздің рухы алдында және осы Қуаныш жеңгеміздей алаштың әулие аналары рухының алдында тағы бір тағзым етіп бас иген едік. Иә, аға, Сізді тағдыр ауыр сынаққа салды. 35-тен кейінгі 40 жылдай өміріңіз төсекке таңылып, арбаға байланып өтті. Бірақ, Сіз қатыгез тағдырдың тәлкегіне қайтпас қайсар рухты қарсы қойдыңыз. Төсекте жатып өмір үшін, өнер үшін, ғылым үшін күрестіңіз. Төсекте жатып-ақ «Үміт үзгім келмейді» атты өмірбаяндық кітап жаздыңыз. Бұл кітап шыққан күннен бастап қолдан-қолға тимей оқылатын, оқыған сайын оқырманның қайратын қайрап, жігерін жанитын рухани тәрбие құралына айналды. Сондықтан да Сіздің бір неміс оқырманыңыз бұл кітап кім-кім үшін де өте құнды кітап, әсіресе, әлемдегі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін таптырмас рухани тірек деп жазды. Ал қытайлық оқырманыңыз болса кітапты оқи отырып, көз жасын тыя алмағанын айтып, бұл шығарма бір ұлт үшін ғана емес, барша ұлттар үшін де ортақ рухани құндылық депті. Түрік зиялылары болса Сіздің сонау сақ заманындағы Алып Ер Тоңғадан бері тартылған жалпы түрікке ортақ әдеби жәдігерліктерді түгендеп шыққан «Ежелгі дәуір әдебиеті» зерттеуіңізді түбі бір түріктің басын қосатын кітап деп бағалады. Сіз сөйтіп төсекке таңылып жатып-ақ докторлық диссертация қорғадыңыз. Академик атағына ие болдыңыз. Кітаптарыңыз ұрпақ санасын тарихи-патриоттық сезімге баулитын баға жетпес оқу құралына айналды. Немат аға! Жоғарыға көтеріліп кеткен рухыңыз алдында айтарым: Сіз нағыз өр рухты қазаққа тән ғұмыр кештіңіз. Сіз, сөз жоқ, бұл Жер бетіндегі тірлікте адам сенгісіз азапты бастан кештіңіз. Бірақ Сіз Алла шарапатынан үміт үзбедіңіз. Алла тілеуіңізді берді. Ұлдарыңыз азамат болып, немерелеріңіздің қызығын көрдіңіз. Сізді және Қуаныш жеңгейді жылатқан тағдыр, Алланың әмірімен, жұбата да білді. Соңыңызға қомақты әдеби, ғылыми мұра қалырдыңыз. Сол кітаптар Сіздің ендігі жердегі өзіңіздің өлмес тіліңіз, солмас санаңыз. Ендігі жерде сол халқыңызбен тоқтаусыз сырласа бермек. Өзіңіз бізден кетсеңіз де сөзіңіз кетпек емес. Бізбен, халқыңызбен бірге болмақ.
Академик, профессор-шәкірті Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:
Немат Келімбетов шәкірттері үшін кім еді? Қайыспас қара нардай әрі адам, әрі тұлға еді. Ол кісінің сабағында шыбынның ызыңы ғана естілетін. Бірінші күннен талапты өте қатаң қоятын. Содан «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» басталды да кетті. Дәрісте Күлтегін күркіреп, Қорқыт күңіреніп, Фараби дүрілдеп, Ясауи толғап, Бабыр сыр шертіп жататын. Дұрысы, ауыр науқас ұстаздың жамалын жасқағанымен, ашық, анық, қоңыр, әуезді үні түрік даналарының сөзі мен ойын, даңқы мен дабысын білімге шөлдеген шәкірттердің санасына құя беретін, сіңірте беретін. Содан кейінгі оқу кезеңдерінде «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет» курсы басталатын. Оқытушымыз – тағы да Немат ағай. Түрік тамырының аруақты кезеңінен рух алған студенттер білік-білімі енді Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Ақтамберді, Үмбетей, Марғасқа, Тәтіқара, Бұқар толғауларымен толығатын. Ұстазымыздың артықша қасиеті – мемлекетшілдіктің ұстыны болған жыраулардың тау тұлғасын көз алдымызға елестете алатын. Содан біздің құйқамыз шымырлайтын, арқамыз қозатын, намысымыз артатын, жігеріміз шыңдалатын. Немат ағайдың әр дәрісі үстінде және сол дәрістен шыққан сайын «Қиыннан айла табаын, Дұшпаннан кекті алатын» нөкер ерткен хандар мен шүлеңгір мырзалардың соңынан еріп, ХV-ХVІІ ғасырға еніп кеткіміз келіп тұратын. Әлбетте, Немат Келімбетұлының алдын көрген бар шәкірт ол кісінің «Үміт үзгім келмейді» повесін оқитын. Бұл – тосыннан мүгедек болған жанның сезім мен мұң, жігер мен күрес күнделігі болатын. Шығармада терең, нәзік, қайғылы сәттер көп-ақ. Соларды оқып, қалай жанарыңызды жас жауып кеткенін байқамай қалатынбыз. Мүгедек жан да тіршілік етеді. Кейіпкер бала-шағасын асырау үшін аударма жасау керек. Сонда сал боп қалған адам кітап бетін тілімен ашады… Алланың бұйрығымен кейіпкердің анасы қайтады. Сал адам жаназаға қалай бармақ? Ниет деген қандай күшті десеңізші, ақыры барады. Қоштасар сәтте ана табыт ағашында, бала таңылған арбада шалқасынан жатады… Кейіпкер дегеніміз – Немат ағайдың өзі. Бұл суреттерді елестету түгіл, ойлаудың өзі қиын. Күні кешегідей жадымызда: аяқ-буыны әлсіз Немат ағайды әр дәрісіне Қуаныш апаймыз сүйемелдеп әкелетін. Ол кісі сабырлы, мейірімді, сүйкімді көрінетін. Тағдырдың қиын сәттерінде жарына серік, сырлас болған әйелдің жасымаған өр бейнесін біз күнде көретінбіз…
Қадірлі оқырман! Өздеріңіз байқағандай ұлтымыздың рухы биік екі тұлғасының өмірбаяндарына қысқаша мәлімет бердік. Егер де осы мәліметтерді оқып, тағы да осы азаматтар туралы білгілеріңіз келсе кітапханалардан асыл ағаларымыз туралы жазылған естеліктерді оқи аласыздар. Ал, өз еңбектерімен танысқаларыңыз келсе, тағы да көпшілік кітапхана қызметін пайдалануды ұсынамыз…
Енді бір сәт, Қаратай Тұрысовтан кейін 7 жыл өткен соң қайтыс болған Немат Келімбетовтың Қарекең туралы өз аузынан айтылған сөздермен бөліскім келеді. Бұл Қаратай Тұрысовпен Ұлттық арнада ұыймдастырылған тікелей эфирдегі сұхбат кезінде, эфирге қонақ болып келген замандас інісі Немат Келімбетовтың тікелей эфирдегі сөзінің жазбаша нұсқасы. Өзі жазып кеткен естелік.
«Бiр жолы теледидар тілшілері Қаратай Тұрысовтың тұлғасына арналған орыс тілінде хабар беретін болды. Телестудияға Қарекеңнің жора-жолдастары, қызметтес болған достары, туған-туысқандары шакырылды. Солардың арасында мен де болдым.
Тiлшi орыс жігіт екен. Ол маған ойламаған жерден тосын сұрақ койды:
– Қаратай Тұрысовты бәріңіз “аксақал, аксақал” дейсiздер. Ал, жастарыңыз болса шамалас. Сонда қалай? Бiрiңiз”ақсақал”, ал қалғандарыңыз “қарасақал” боласыздар ма? – деді.
Әрине, қазақ қауымына ” аксақал” сөзiн түсiндiрiп жатудың өзі артық шығар. Ал, орыс аудиториясына дәл осы сөздiн мән-мағынасын, түп-төркінін жеткізу керек еді. Сол үшін мен тілші жігітке әзіл-шынын араластырып, жауап беруге мәжбүр болдым:
– Қазақтар барлық қарттарды үш топқа бөледi. Бiрiншiсiн “шал” деп атайды. Бұл – өзінің отбасына, бала-шағасына қолынан келгенше қамқорлық жасайтын қарт адам. Жақсы адам.
Екіншісін – “қария” деп атаймыз. Қария өз үйіне ғана емес, өзі тұрған бүкіл ауылға қамқорлық жасайтын қарт кісі екенін білгеніміз жөн. “Қария” деген сөздің түп-төркінінде қасиетті, акылгөй, қамқоршы деген мағына жатыр. Үшіншісі – “аксақал”. “Ақсақал” деген сөздің жөні бөлек. Ақсақал – тек өз үйiне немесе өз ауылына ғана емес, бүкіл еліне, тұтас мемлекетке қамкорлық жасауға ұмтылып тұратын адам. Ақсақалдың деңгейі биік. Ол өз халқының қамқоршысы. Ешқашан төмендемейді. Пендешілікке бармайды. Асырып айтқаным емес, әулие адамдар ғана ақсақал атанады. Міне, Қаратай Тұрысов осындай ақсақал. Киелі жан. Елiмiздiң егемендігіне сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. Мұндай жандар өз ұлтының сан ғасырлық тарихында мәңгілік сақталатыны даусыз, – дедім».
Байқап отырғандарыңыздай ұлттың биік тұлғалары осындай азаматтар еді. Әңгімені әрмен қарай созбай осы жерден тоқтатсам деймін. Өйткені бұл тұлғалар туралы күнді түнге созып айта беруге болады. Осы жазылғандарды оқып, әрбіріміз өзімізге қажеттісін тоқуымызға да болады…
Махат Садық
Журналист