Жаңалық

Рүстем Қайыртайұлы: «Алтын домбырамның» бір құлағын қазағыма беремін»

Ruh.kz: Рүстем аға, ең алдымен Ruh.kz порталына сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Алған жүлдеңіз, Алтын домбыраңыз құтты болсын! Әлеуметтік желілерде: «Айтыс қалай өтіпті?», «Кім не біледі?» деп жатқан әлеумет бар. Осы жолғы Алтын домбыраның ерекшелігі неде?

Рүстем Қайыртайұлы: Еліміздегі ең мықты, ең жүйрік ақындардың басын қосқан аламан айтыс Нұр-Сұлтан мен Алматыдан қашық жатқан Орал қаласында өтті. Батыс Қазақстандық тыңдарман талғамының биіктігі сондай, ақындарға дәл осы дода оңайға түскен жоқ. Бұрынғыдан әлдеқайда сапалы, салмақты, өтімді сөз айтуға барымызды салдық. Өнерпаздар бірінен бірі өтеді. Суық тиген болар, екі күн бойы тамағым ауырып, біраз әбігерге түстім. Бірақ ел алдындағы жауапкершілік бар. Барлық ақынға да оңай түспеді. Десе де, шалғайдағы шаһар болса да, айтыс өте жоғары деңгейде өтті. Ең үлкен ерекшелігі осы.

Ruh.kz: Кешегі айтыста айтыстың Ақтаңгері атанып, бірінші орын алған Мұхтар Ниязов оңай қарсылас емес. Бірақ әділқазылар солай шешкен екен, демек оның да өз мәнісі бар. Қай жерде басым түстіңіз, қай жерде есеңіз кетті?

Рүстем Қайыртайұлы: Сахнада Жүрсін Ерман ағамыз Мұхтарды көрсетіп тұрып: «Қазіргі айтыскер ақындардың алдын бастап келе жатқан ең жүйрік ақын осы Мұхтар!» деп баса айтты. Меніңше, бұл ең үлкен баға. Мұхтармен 50 минут шаппа-шап айтысу менің өзіме де үлкен абырой. Себебі осыған дейін Мұхтар досымның дарынын, өнерін мойындағанмын. Екі рет осы Алтын домбыраны алған ақын. Дәл осы жолы алса да ешкім ренжімейтін еді. Залдағы халықтың Мұхтарға деген сүйіспеншілігін көзбен көріп, құлақпен естідік. 2020 жылдан бастап барлық айтыстар жеребе арқылы өтеді. Дәл осы жолы екеуміз жаңа тәртіпке сай жұп болып шықтық. Дәл мына жерде басым түстім, мына жерде есем кетті деп айта алмаймын. Бірақ бір-бірімізді демеп отырған сәттеріміз бар. Тартысқан жеріміз де жоқ емес. Ең бастысы халықтың көңілінен шығатын айтыс жасай алдық деген сенімдемін. Оны 8 сағат тапжылмай отырып айтыс көрген жұрттың ықыласынан байқасам керек.

Ruh.kz: Дұрыс екен. Рүстем аға, реті келгенде сұрап қалайын. Жұрт арасында: «Бүгінгінің айтысы бұрынғыдай емес. Жалықтырады», – деген пікірлер айтылып жүр. Бұған не дейсіз?

Рүстем Қайыртайұлы: Рас, елдің ішінде ондай пікір бар. Енді оған түрлі себептер де жоқ емес. Жоғарыда айтып өттім, алдағы жылдан бастап барлық айтыс жеребе арқылы өтеді. Меніңше дәл осы тәртіп төл өнеріміздің кемшін тұстарының түзелуіне көп септігін тигізеді. Бір жағынан айтыстың деңгейі асқақтай түсуі үшін ақындар да көп ізденіп, көп оқуы керек. Кітапханаға барып, архив ақтаруы керек. Құжаттармен жұмыс жасап, шаң жұтуы керек шығар. Міне, сонда сөз өнерінің салмағы артып, айтыстың көркі қыза түседі. Бірақ «Айтыс өлді», – деген бос сөз. Мынадай 8 сағат бір орнынан қозғалмай отырып айтыс көретін халық барда айтыстың өлуі мүмкін емес. Керісінше айтыс тек дами береді. Уақыт өткен сайын оның қадірі арта береді.

Ruh.kz: Түсінікті. Рүстем аға, соңғы сұрақ. Тек маған емес, жалпы жұртшылыққа қызық сұрақ деп ойлаймын. Жеңіп алған жүлдеңізді не істейсіз?

Рүстем Қайыртайұлы: Бұл айтысқа ұзақ уақыт дайындалдым. Тура қазір еңбегімнің еш кетпегеніне шүкір деп отырмын. Әлбетте, әр дүниенің өз орны бар, реті бар. Өнердің иесі – халық. Сондықтан оның жақсылығын жұртпен бірге бөліскен де орынды шығар. «Алтын домбырамның» бір құлағын зекет қылсам деймін. Міндетті түрде садақамды беремін. Бір баланың еміне болса да көмек қылсам деймін. Қалай десек те игілік үшін жұмсаймын.

Ruh.kz: Жақсы екен. Жүлдеңіз тағы да құтты болсын! Абыройлы болыңыз. Ruh.kz порталының оқырмандары үшін Сізден бір қайырым болса екен.

Рүстем Қайыртайұлы: Жақсы, мына бір қайырымды жазып алсаң…

Домбырам – күмбір күй мен жыр, ән екен,

Шыңғысхан дәуіріне куәм екен.

Алтыннан жасалған бұл домбыраға,

Артатындар көбейді кінә бөтен.

Аспабын бабалардың апырай, ә?

Алтыннан құйып қойсақ күнә ма екен?!

Наполеонның етігі Еуропада

Теңгемен елу миллион тұрады екен!

Аяққа кигенін де көрдіңдер ме,

Төбеге көтеруге құмар екен!

Етік деген жатпай ма босағада,

Домбыраның төр ғана тұрағы екен.

Төрде тұрар аспапты қастерлесек,

Рухани қабырғамыз сына ма екен?!

Бұл деген тарихыңды құрметтеу ғой,

Деп түсініп мыңжылдық мұрам екен.

Домбыраға жау болып жүргендерге,

Осына айтар біреу шыға ма екен!

Күскитіп Наполеонның етігімен,

Құйрығынан бір тепсе ұға ма екен?!

Азамат Битан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button