Саясат Нұрбек студенттерді мерекелерімен құттықтады
Өз сөзінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттер алған білімдерін «Әділетті Қазақстанның» дамуына жұмсап, бар қажыр-қайраттарыңызды ел мүддесіне арнайды деген сенім білдірді, деп хабарлайды Ruh.kz.

Достар, баршаңызды бүгін келіп жеткен Халықаралық Студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шынтуайтында дәл осы кезеңде жас достарымыз тағылымды тәрбиесін ұштап, білім нәрімен сусындап, ғылым айдынында өмір сүреді. Жаңа орта қалыптастырып, құндылықтарды өн бойына сіңіріп, ұлтқа қызмет етудің жаңа үлгісін үйренеді. Міне, мұндай өмірлік сабақтарды сіздер көкейлеріңізге түйіп, «ұстаз» деген ұлағатты тұлғалардың дәрісін тыңдап, жаңа армандарға қол созасыздар, – деді ол.
Ол студенттердің кешегі тектілердің жұрнағы, баһадүр бабалардың ізбасарына айналуы үшін әлбетте, білім биігінен көрінуі маңызды екенін атап өтті.
«Толық адам» ілімінің формуласын жасаған ұлы Абай атамыз: «Адамға үш алуан түрлі адамнан мінез жұғады. Олар: жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбы-құрдастан болады» – деп түйіндеген екен. Сіздер ұлы ақынның нақ осы сөзін ұстаным етіп, ата-анадан алған тәрбиелеріңіз бен профессор-оқытушылардан тыңдаған дәрістеріңіз һәм достарыңызбен студенттік дәуірдің ең қимас шақтарын өткізіп келесіздер.
Бүгінгі таңда Ғылым және жоғары білім министрлігі жас достарымыздың сапалы білімге ешқандай кедергісіз қол жеткізу үшін барлық мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Материалдық-техникалық базасы мықты, заман талабына сай жатақханалар салып, шәкіртақыны арттырып, әлемнің жетекші оқу ордаларымен ынтамақтастық орнатылып келеді, – деді Саясат Нұрбек.
Ұлт ұстазы, алаш зиялысы А.Байтұрсынұлының «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын» деген сөзін сөзін тілге тиек етіп, мұның барлығы, талаптың тұлпарын мініп, қияға өрлеймін деген жас достарымызға мемлекеттің көрсетіп отырған қамқорлығы екенін айтты.
Осы ретте сіздерді ведомство атынан бүгінгі студенттер күні мерекесімен құттықтай отырып, арман-мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектестігімді білдіремін.
Әманда шыңдарды бағындырып, тастарыңыз өрге домаласын. Тәуелсіз Қазақстанымыздың байрағын биік ұстап, зор жетістікке жете беріңіздер. Мереке құтты болсын! – деді министр.