Жаңалық

Салбурын мереке ғой саятшыға

Шымкент қаласындағы «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы «Ońtústik» телеарнасымен бірлесе Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Кеңесарық елді мекенінде саятшылық, құсбегілік өнерін насихаттау мақсатында «Салбурын мереке ғой саятшыға…» атты телевизиялық бағдарлама түсірілімін өткізді.

Саятшылық, құсбегілік өнердің қазақ даласында ерте кезеңдерден бері қалыптасып, дамығаны белгілі. Бүгінде осы ұлттық саятшылық дәстүрді ұмыт қалдырмай, бабадан қалған бекзат өнерді жалғап жүрген, оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуеновтың бір күндік табиғатпен үндескен өмірі түсірілді. Оның құсбегілік өнерге келу жолы, бұл кәсіптің қыр-сыры, бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жолдары көрсетілді.

Кәсіби құсбегінің ұлдары Сейдулла мен Төлемырза да әке жолын қуып, түз тағысымен дала аңдарын аулайды.

«Қыран – құстардың ішіндегі ең мінездісі, тектісі. Тіпті құсбегінің өзін ием деп мойындамай, досындай қабылдайды. Қазір қолымызда 6 бүркіт, 3 ителгі, 6 қаршығамыз бар. Құсбегілер құсты екі топқа бөледі. Далада жетіліп, аң аулауды, ұшуды еркін меңгерген құсты – «түз құсы» деп атайды. Ұядан балапан кезінде алынған құсты – «қолбала» дейді. Аңшылыққа түздің құсы жақсы. Бірақ жатбауыр болады. Қолбаланы тәрбиелеу құсбегінің тәжірибесін талап етеді. Біреуі қағып түсер алғыр ұшқыш келсе, кейбірі жайбасар. Егер бабы жақсы болса, бір бүркіттің өзі күніне 2 түлкіні аулауға қауқарлы», – дейді құсбегі

Қыранның томағасын Жомарттың өзі тігеді.  Құстың тыныш отыруына, тәртіпке бағынуына томағаның маңызы зор. Ал құстың аяғына балақбау тағады. Ол қолға қонғанда, алыстан шақырғанда құсбегіге ұстауға оңай болуы үшін жасалады. Балақ тұсына  былғарыдан қорғаныштар тігеді. Себебі қасқыр, түлкі секілді жыртқыш аңдар тістеп немесе қанаттарын қайыра қалса, сақтану құралы болады.

«Бүркіт біздің жанұямыздың бір өкіліндей болып қалған, бір ауырса, қатты науқастанады, сол үшін мейлінше дұрыс күтім жасаймыз. Құс тұмауы мен өзге де аты суық дерттер жұқпауы үшін алдын ала екпелер салып, таблетка түріндегі дәрі береміз, ем-дом жасаймыз», – дейді Жомарт Кеуенов.

Ертеректе аң қызығы қазақтың ең үлкен, ең тамаша серуен-салтанаты болған. Қансонарда бүркітті сынаудың және мол олжаға батудың мүмкіндігі жоғары. Қыран өзінің тектілігі мен тегеурінін танытқанды жақсы көреді. Тырнағына ілер жемтігін іздеп, жүйткіп ұшу кезінде бір сәт, санаулы секундтардың ішінде қуанып та, ашуланып та үлгереді. Сондықтан құс үлкен күтімді қажетсінеді екен. Көбіне өз жемтігін өзі табады. Бірақ, асы жақсы қорытылып, сіңімді болуы үшін құсбегілер көбіне арнайы тәртіп-ережеге бағынатынын да жасырған жоқ. Айтуларынша, бүркіт көбіне құнары жоғары етпен қоректенеді, күніне кестеге сәйкес салмағы кемінде 1 келі ет жейді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button