Сәлемдесу сән үлгісіндей құбылып тұр
Тұтас елді шарпыған кез келген бір жағдай соның төңірегіндегі қордаланып қалған біраз мәселені қозғамай қоймайды екен.
Дәл қазіргі кезде жер-жаһанды аласапыран күйге түсірген пандемия да ескерусіз қалдырған проблемаларды алдымызға алып шықты. Соның бірі – сәлемдесу мәдениеті. Амандасу мәселесі әлем елдері талқылап жатқан өткір тақырыптардың бірі десек артық айтқандық емес. Өйткені, жер бетіндегі қаншама ұлт пен ұлыстың амандасу салты қазіргі қатаң ұстану тиісті сақтық шараларының аясына сыймай тұр. Енді өз жанының саулығы үшін, ортақ тәртіпке бағынуы үшін әркім ойына түскен бір әрекетпен сәлемнің ишарасын жасап бағуда. Әйгілі спортшылардың шынтақ қағысқаны аты жаман дерттің өзіндей жылдамдықпен тарап жатқанын білеміз. Ал ел ішінде бір-бірімен былғары қолғап шеберлеріндей жұдырық түйістіріп амандасу кең етек алып кетті.
Амандасу – аптадағы демалыс күні немесе жылына бір келетін мереке емес. Күн сайын, сәт сайын орындауға тура келетін міндет. Сондықтан маңызы өте зор. Ал денсаулыққа кері әсерін беретін үлгілері қазіргі жағдайда мүлдем құпталмай тұр. Қауіпсіздік талаптарына сай келетін амандасу түрлері бар жұрттар ұмыт қалғанын қайта жаңғыртып жатыр. Өзінде жоқтар өзгеден алып, амалдауда.
Бұл мәселе, әрине, біздің қоғамды да бей-жай қалдырған жоқ. Мерзімді баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, танымал тұлғаларға дейін атсалысып, ойларымен бөлісіп жатыр. Белгілі қаламгер, сенат депутаты Нұртөре Жүсіп ағамыз: «Біздің қазақ бұрын оң қолын кеуде тұсына қойып, жалпыға да, жалқыға да «Ассалаумағалейкүм!» деп амандасатын. Беттен сүю, жаппай қол беру, әсіресе, әйел адамдарға қол созу, оның қолынан ұстау деген болмайтын. Тіпті бөтен еркектің қолы тисе «неке бұзылады» деп жататын…», – деп жазды. Міне, бұл қазақтың арыдан келе жатқан амандасу салтының бүгінгі күннің үдесінен толық шыға алатынын көрсетеді.
«Белге шықсаң алдыңнан бел көрініп…»
дегендей кейде мәселенің ішінен мәселе туындап жатады. Амандасу тақырыбында негізгі мәселе қол алысу, cүйіп амандасу жағдайы еді. Тақырып ортаға тасталған соң, әрине, алуан пікір айтылады. Негізгі тақырыптан ауытқып кетіп те жатады. Бәрі де болуға тиісті заңды құбылыс. Осы сәлемдесу туралы қол алысу, алыспау мәселесін шынтақпен шегере тұрып амандасқанда не айтуымыз керек дегенді алға шығарып, біреуі «Ассалаумағалейкүм!» дейміз десе, енді бірі «Ар ма?!» сөзін, тағы біреулер «сәлеметсіз бе», «сәлем» сөздерін ұсынып үлгерді. Бұған байланысты бір-екі мысалға тоқталып өтсек дейміз.
Белгілі қаламгер Мырзан Кенжебай Кеңес үкіметі кезінде «Құдай» деген сөзді «табиғат» деп өзгерткені секілді қазақтың қаншама лиро-эпостық жырлары мен қиссаларындағы «Ассалаумағалейкүм» сөзінің алынып қалғанын айта келіп: «Бүкіл славяндардың амандасуы «Здрав» түбір сөзінен басталады. Бүкіл түркі халықтары бір-біріне «Ассаламалейкүм» дейді. Әшейінде аузымыздан тастамайтын түрік халықтарының басын біріктіру осы бір ауыз сөзден басталатынын, осылай амандасқанда түркілер бір-біріне іштартып тұратынын күніге көзбен көріп те жүрміз», – дейді. Кеше ғана белгілі ғалым, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ағамыз өзінің фейсбуктегі парақшасында: «Сәлемнің сұлтаны – Ассалаумағалейкүм! «Ассалаумағалейкүм» дегенде кей ағалардың «сәлеметсіз» деп бас изей салатыны қынжылтады», – деп жазыпты. Осындайда әйгілі жырау Алмас Алматовтың: «Баяғыда бозбала жігіттерді жүріс-тұрыс, сөзіне қарап іштей бағалап, сынап отыратын ақсақалдар «жігіт сәлемінен сыр береді» деуші еді. «Ассалаумағалейкүм!» деп еркіндеп сәлем беріп кірсе: «Е, мынаның үйінде көшелі кісісі бар бала екен ғой», – деп, егер «сәлеметсіз» деп төменшіктеп босағадан өте тізе бүксе: «Е, бейшара, жөнді еркектен тәрбие алмаған бала екен-ау, анасы жесір емес пе екен?» – деп отырушы еді деген әңгімесі еріксіз ойға оралады екен.
Пікірлер мен дәлелдер тізбегін соза беру, әрине, біздің мақсатымыз емес. Алайда замана көші қойып отырған қатал талаптың үдесінен шығу үшін, азаматтардың саулығына зиян бермейтін амандасудың жолын таңдауымыздың дұрыс екені еш талас тудырмайды. Ақиқатына келсек өзіміздің сәлем беру мәдениетімізден ауытқып бара жатқан халық екеніміз өтірік емес. Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген белгілі журналист Айгүл Аханбай мақаласында: «Түркі тілдес халықтардың отаны Орталық Азияда, оның ішінде біздің жерімізде ер адамдардың оң қолымен сол жақ кеудесін, жүрек тұсын басып тұрып, бас иіп сәлемдесу салты кеңінен тарағаны белгілі. Әрине, асыл дінімізбен бірге келген «Ассалаумағалейкүм» мен «Уағалейкүмассалам» әдебі амандық-саулық сұрасуды жаңаша алмастырды, алайда жерімізді иеленген, күштеп көшіріп әкелген этностардың батыстық үлгімен қол беріп амандасу, ол аз болса, алақанын арқаға жүгіртіп, жотадан қағу, бала-шаға, жас-кәрі, әйел-ер демей жағалата беттен сүю адамдарды жақындастыра түседі, өзара сенім ұялатады деп сендіргенімен, ертеден келе жатқан құндылығымызды құлдыратып жіберді», – деп жазады.
Сәлемдесудің әдебін әдіптесек,
адамзат баласына үлгі қылып ұсынар тұстар аз емес. Үйде отырған топ адамның жағалай қолын алып шығу деген атымен жоқ әрекет еді. Қазақ ішінде келіннің төрге шықпайтыны секілді, күйеубала да төрге шықпайтын дәстүр бар. Сонда бүгінгідей жағалай қол беру керек болса киіз үйден имене кірген жас жігіт ақсақалмен қол алысу үшін төрге бару керек қой, әлде ақсақал орнынан тұрып өзі келіп күйеубаланың қолын алу керек пе? Дәл осы жерде қол алысу керек болса жаңағы екі шарттың бірі бұзылуы керек екен. Ал, аталарымыз шартты да бұзбаған, амандасуды да қалдырмаған. Жоғарыдағы мысалдарда айтылғандай оң қолын жүрек тұсына апарып сәлем берген. Бұл үй толы отырғандарға түгел арналған сәлем.
Сәлемдесу әдебі –
жеке адамның ғана емес, кейде бір ұлттың тұтас мәдениетінің айғағы бола алатын айнасы іспетті. Кейде күле қарасаң да бедірейіп өте шығатын замандастарды көрмей жүрміз бе? Тіпті халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет жасап отырған қыз-жігіттердің алдына суық жүзімізді сыртымызға салып үн-түнсіз барып отыра кетіп, құжатымызды ысыра салатын кезіміз де бар. Иә, олар да сәлемдесіп жатады. Бірақ қазақта сырттан кірген адам бірінші амандасады, кіші үлкенге бірінші сәлем береді деген қағидалар бар. «Айналаңа сәлем таратып жүр, үндемей өтіп кетпе!», – деп үйреткен аталарымыз. Тарату деген сату немесе сатып алу дегенді білдірмесе керек. Осы ақылды бәріміз ұстансақ жүзіміз жылып, жүрегімізде бір-бірімізге деген ризашылықтың есігі бұрынғыдан да кең ашыла түсер ме еді.
Түйін
Уақыттың өзгертпейтін дүниесі аз. Сәлемдесу де өзгереді. Бір кездері аман-саулықтан бұрын «Бүгін тамақ іштің бе?» деп сұрайтын Қытай елінің бүгінгі ұрпағы сәлемдесуді ұмытса керек. Ал, уақыт талабына қарай өзгеретін дүниеңнің бұрыннан өзіңде болғаны, тіпті, сиректеу болса да қазірде қолданыста бары қандай ғанибет! Қазақтың көрген жерде оң қолын кеуде тұсына апарып амандасуы да солай.
Сақ болайық, сау болайық, сәлемдесіп жүрейік!
Азамат Байғалиұлы