Салық Зиманов пен Өтеген Сейітовтің туғанына - 100 жыл
Атырауда мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстандық заң саласының негізін қалаушы Салық Зиманов пен Өтеген Сейітовтің өмір жолы мен еңбегіне арналған «Тәуелсіз Қазақстан: мемлекет және тұлға» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
Х. Досмұмахмедов атындағы Атырау университеті ұйымдастырған жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау хатын жолдап, конференцияға сәттілік тіледі.
Тəуелсіздіктің елең-алаң шағындағы бұл оқиға – Зиманов есімімен қатар аталатын отандық тарихтың шоқтықты бір кезеңі. Егемендік декларациясын 6 сағат бойы талқылауда табанды қорғап, мемлекет мүдесін барлығынан жоғары қоя білген академик Зимановтың ерлігі мен өрлігін нағыз қаһармандық дер едім. Бүгінгі конференция тақырыбына арқау болған тағы бір азамат – Прокуратура органдарына ұзақ жыл қызмет атқарған Өтеген Сейітовтің де еңбегі мен өмірі өнегеге толы ардагер, – деп жазған құттықтау хатында министр Саясат Нұрбек.
Халықаралық конференция аясында ғылыми жинақ жарық көрген. Оған Түркия, Ресей, Қазақстанның Астана, Алматы, Қарағанды, Семей, Ақтау және өзгеде аймақтардың ғалымдары жолдаған 110-нан астам материал басылған.
Жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов, облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов, ҚР Президентiнің жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев, отандық және шетелдік ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, заңғар тұлғалардың ұрпақтары қатысты.
Конференция қатысушылары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті алаңындағы Салық Зимановтың бюстіне гүл-шоқтарын қойып, академик С.Зиманов атындағы аудиторияның ашылу рәсімін тамашалады.
Бұдан бөлек, іс-шара аясында университеттің ғылыми кеңесі шешіммен ұйымдастырылған «С.Зиманов атындағы атаулы степендия» байқауына қатысқан 14 үміткердің ішінен жеңімпаз атанған құқықтану мамандығының 4 курс студенті Мөлдір Медетоваға шәкіртақы табысталды. Ал ҚазССР бас прокуроры қызметін атқарған, Республикаға еңбегі сіңген прокурор Ө.Сейітов атындағы эссе байқауында 4 курс студенті Дәурен Бақыт жеңімпаз атанып, Атырау облыстық прокуротурасы тағайындаған 50 пайыз жеңілдікті иеленді.