Сана қалай жаңғырады?
9 қаңтар күні ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлер бөлінісіндегі іске асырылуын талдау нәтижелерін таныстыру бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Іс-шара мақсаты – барлық мүдделі құрылымдарды, сондай-ақ жұртшылықты Қазақстандық қоғамдық даму институтының қызметімен таныстыру.
Кеңес жұмысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидулла Оспанқұлов, «Рухани Жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Рухани Жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары Артур Нигметов, «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Бұқанова, «Рухани жаңғыру» орталығының маманы Бағдат Масатова және аталмыш институттың өзге де өкілдері қатысты.
Нұрлан Күнтуов, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаменті директорының орынбасары:
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ресми түрде жүзеге асырылғаннан бері республикамызда бірқатар жаңа жобалар қолға алынды. Соның бірі – «Туған жер» жобасы. Меценаттар қаржы бөліп, жоба сәтті іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, мектеп, балабақша, аурухана, спорттық кешен секілді әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылып, бұрынғы ғимараттар жаңартылды. «Рухани жаңғыру» бір мемлекетті немесе қоғамды ғана емес, әрбірімізді қамтып өтетін бағдарлама. Қоғамдық сананы жаңғырту жолында халықаралық деңгейде қандай жобалар жүзеге асып жатыр, ол жобалардың бізге қандай көмегі тиюі мүмкін деген мәселелер турасында зерттеулер жүргіздік».
Кеңес барысында 2019 жылғы «Қоғамдық сананы жаңғырту. Халықаралық тәжірибе» талдау жұмысы және бағдарламаның іске асырылу қорытындылары, сондай-ақ үздік табысты жобалар таныстырылды.
Баяндамашылардың сөзіне сүйенсек, өткен кезеңде «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 47 кітап аударылып, жарияланды. Сонымен қатар «Қазақстанның ашық университеті» платформасына 116 жоғары оқу орны қосылып, 7 225 адам тіркелген.
Халық арасында ерекше қызығушылыққа ие жобалардың тағы бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жаңа заман тұлғаларын қалыптастыруға бағытталған. Жобаның ағымдағы кезеңінде еліміздің әр өңірінен 6 мыңнан астам өтінім қабылданып, жеңімпаздар анықталды.
Онлайн-трансляция барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы өңірлердің ең үздік жобаларының жинағы таныстырылды. Жобалар бағдарламаның үш негізгі бағытына топтастырылған: тұлғаны дамыту, ұлтты дамыту және халықаралық позициялау, мемлекет пен қоғамды дамыту. Үздік жобалар жинағы қоғамдық сананы жаңғыртудың ең тиімді әдістері мен тәсілдері ретінде іріктелген 25 жобадан тұрады.
Іс-шараның онлайн-трансляциясы Министрліктің ресми интернет-ресурсында жарияланды.