Жаңалық Редакция таңдауы

«Saq alañy» қандай жоба?

Нұр-Сұлтан қаласында белгілі тарихшы, археолог ғалымдардың қатысуымен «Saq alañy» жобасы бойынша сараптамалық кеңес өтті.

«Saq alañy» – Сақ заманының аң стилін заманауи сәулет өнерімен ұштастыра отырып, қазақтың терең тарихы мен мәдениетін паш етуді көздейтін архитектуралық  жоба.

Жоба авторы Мансура Жәкенбаева көз майын тауысып жасаған жұмысын жиналған сара сарапшылар алдында қорғады.

«Бұл жоба менің 10 жылдық еңбегімнің және осы уақыт ішінде дизайн саласындағы жинақтаған тәжірибемнің жемісі. Ол менің NeoQazaqStyle авторлық стилімде жасалды. Яғни тарихи-мәдени және заманауи сәулет өнерінің жиынтығы деп айтуыма болады. Алаң Есік алтын адамының бас киімі түрінде салынған. Ондағы алтын тақталарда б.з.д. V-VI ғасырлардағы жылқы, барыс, тау ешкі, құстар мен ағаштар бейнеленген. Кіре берісте б.з. д. VI ғасырда өмір сүрген және Парсы патшасы Кир II-ні жеңген Сақ патшайымы Томирис бастаған Алтын әскерді кездестіруге болады. Олардан өткеннен кейін Сақтардың тұрғын үйлері мен тұрмысы көрсетілген сақ ауылына жетеміз. Сақтардың зергерлік өнеріндегі аң стилі б.з. д. I ғасырда Еуразия даласында кеңінен таралды. Бүкіл жоба осы аң стиліндегі зергерлік өнерінің артефактілерімен ұштасқан. Негізгі қақпа Солоха қорғанының Алтын қырқасы түрінде жасалып, онда біздің дәуірімізге дейінгі  V ғасырдың аяғы мен VI ғасырдың басына дейінгі Скиф ақсүйектеріне тиесілі жауынгерлік композиция бейнеленген», – дейді дизайнер.

Сондай-ақ, алаңда «Kazakh Plaza» қонақ үйі, төсбелгі түріндегі көп деңгейлі мейрамханасы бар «Томирис» бизнес орталығы, мәдени ойын-сауық орталығы орналасқан. Автордың айтуынша, бұл жоба сәулет өнерінің туындысын ғана емес, тарихты заманауи монументалды өнер арқылы ашық аспан астында көрсетуді мақсат еткен. Сондықтан оның жергілікті тұрғындарды ғана емес, шетелдіктерді де қызықтыратын орталыққа айналатынына сенімді екенін айтқан Мансура Жәкенбаева бұл тарих жайлы тың көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сарапшылық кеңеске қатысқан белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев, түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, тарихшы, профессор Марат Әбсәметов, техника ғылымдарының докторы Әуез  Байдабеков, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі департамент директоры Ұлықбек Тналиев, Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов жоба туралы ұсыныс-пікірлерін айтты.

Жиын соңында сарапшылар аталмыш жобаны бір ауыздан қолдайтындықтарын жеткізіп, хаттамаға қол қойды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button