Сары даланың серісі
Сары сал-сері, әнші, сазгер болған. Ол туралы мәлімет 1985 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. «Бес ғасыр жырлайды» атты антологияда жарияланған. Оның «Қыз Қосан», «Дариға», «Әридау», «Дүние», «Сарының Сібірге айдалып бара жатқандағы әні», «Туған ел» сияқты әндері адамның жан дүниесін, ой-арманын, қиял-сезімін қозғайды.

1940 жылы Ахмет Жұбанов «Сары» атты музыкалық пьеса жазды. Сарының әндері «Аманкелді» көркем фильмінде пайдаланылды. Сары 1863 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының Талдықұм өңірінде Жетей-Ебес деген жерінде дүниеге келді. Әкесі Батақтан бес бала туады. Олар: Жолбарыс, Мұхамедияр, Тілеулі, Жәнкен, Сары.
Сары жастайынан көзге түсіп, өнер қуып өседі, сазгерлік қабілетімен «әнші бала», «жас пері» атанды. Сары ірі денелі, жауырынды, батыр тұлғалы, қыр мұрынды, қызыл шырайлы, көрікті адам болған. Жас кезінен ат үстінде аң аулап, ән салып, серуен құрған. Дауысы аса күшті, бір түрлі зардың үні бардай, ән салса безілдетіп жібереді екен. Әжесі Сарының әнін тыңдағанда, аздан соң құлағын басып: «Қарағым, қойшы, үнің қандай зарлы еді, нағашыңа тартпағай едің» дейді екен. Нағашылары өнерлі адамдар болып, өмірде айналасынан көп қорлық көрген адамдар екен.
Енді Сарының шыққан тегіне келсек. Арғы атасы Тілеу батыр–Ноғайлы елінің ханы Мұсаның ұрпағы. Әлімнің баласы Жаманақтың (Шектінің) Шыңғыс, Өріс, Бәубек ұлдары болған. Сол заманда Ноғай ордасының ханы Мұсаның екінші ұлы Сейдақтың «Қарасай-Қази» жырында аты аталатын Қалу деген баласы жас кезінде бір реттермен елінен кетіп, Шыңғысқа бала болады. Өсіп, ержеткесін шектілер Қалуды ақылды, көрікті Зеріп деген қызға үйлендіреді. Сол Қалудан Бөлек туады. Бөлектен Айт, Бұжыр туады. Айттан Тілеу, Қабақ туады. Тілеу Айтұлы Күлтөбеде сөз алған, Әз Тәукені хан сайлауға қатысқан батыр әрі қайраткер Сарышолақ шайыр былай жырлайды: Сөзімнің жоқ қатасы,
Қабыл болған батасы.
Күлтөбеде сөз алған,
Тілеу–елдің атасы.
Тілеуден атақты би, жырау, болашақты болжаған Мөңке туады.
Достан атасы да батыр, би болған. Көтібар, Арыстанмен бірге Кіші жүзден үш мың қол ертіп, Исатай көтерілісіне жәрдем берген Достанның баласы Мамай да батыр болған. Мамайдан оның тұстас замандастары, біздің елдің батыр-билерінен орыс чиновниктері де сескенген. Орынбор шекара комиссия төрағасы Г.Григорьев деген былай деп хат жазған:
«Кутебару, Арыстану, Мурзали, Достану, Тилегену, Мамаю, Самаю, Балакаю, Жармухамбету, Кайдаулу, что вы были со всеми вашими здоровы и благополучны».
«Әкесі Батақ өз шаруасы өзіне жеткілікті адам болып, балаларының қандай бағытта болса да, таланттарына жағдай жасайды. Сарының өскен ортасы басқа қазақтың мал баққан ауылындай тек құйрық пен мүйіз санап өткендер емес, өнердің де базары болады. Аталары Мөңке би өз заманында ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен адам болған»,– деп Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кітабында жазған. Сол Мамай батырдың екі әйелінен тоғыз бала болған. Бәйбішеден: Әлжан, Бәшай, Батақ (Сарының әкесі). Сары Ресей патшалығының отаршылдығына, олардың жергілікті жердегі жандайшаптарына қарсы күрескен. Оларды өзінің нәзік лиризмге, сағыныш, мұңға ораған әндері арқылы олардың зорлық-зомбылықтарын әшкерелеп отырған. Сарының қысқа ғұмыры қуғын-сүргінде өткен. Оның жүрегінен жарып шыққан өлеңдеріне құлақ ассақ:
Баласы мен Батақтың атым–Сары,
Құрысын мендей болса жұрттың бәрі.
Он екі ай абақтыда жатқанымда,
Қара шай бір қайнатым болды дәрі.
Баласы мен Батақтың атым–Батыр,
Шайнаймын қара нанды қатыр-қатыр.
Жарымай Жармолада жатқанымда,
Тұсыма екі келді губернатор.
Осы кезде отаршыларға қарсы көп толқулар болған. Болыс-ауылнайлар елге қаталдықты күшейтіп, әділетсіздік молаяды. Осындай қылықтарын әшкерелеген Сарының өлеңдері осы кезде шыға бастайды. Сол себепті қудаланылады. Осындай күйге ұшыратқан Мырзағұл болысты қарғайды.
Баласы мен Батақтың атым–Сары,
Дейтұғын Сары, Сары жұрттың бәрі.
Мырзағұл жарық алып түсті соңға,
Оның да мендей болсын балалары.
Сары Жармола (Ырғыз) түрмесіне қамалады. Қарауылда тұрған 15 солдатты соққыға жығып, түрмеден қашып шығады. Елде қала алмай «Бесқалаға» кетеді. Қарақалпақтың Қоңырат, Шымбай, Төрткөл, Үргеніш, Хорезм қалаларын сол кезде «Бесқала» деп атаған.
Сары үш жылдан кейін елге қайтып оралады. Жабағының шыңынан Қасарма асып, Ұлықұм, Кішіқұм көрінгенде, аузынан қалай үн шыққанын білмей қалады. Тарлан атын қамшылап Сары әндетеді: Мен шықтым Хорезм жұрт қоңыратынан, Болар ма жылқы мықты Тарлан аттан. Сәскеде ши бұлақтан міне салып, Бесінде өте шықтым Құмсауыттан. Көрдім бе сені бүгін, қайран жерім, Үш жылым үш сағаттай енді міне. Көргенде Сары Сері туған жерін, Бітті ме, болыс билер менен кегің,– деп жырлаған екен.
Сарының бар тауқыметі қабақ руынан шыққан Сидақ атты кісінің қызы Қосан сұлумен көңіл қосқан хикаясынан басталады. Қосанның айттырып қойған жағы төртқара руының қызыл тайпасынан Нысанбай байдың Демесін деген баласы болады. Өзі ойлы, ажарлы, ақылды Қосан өзінің айттырып қойған адамы болса да, сүйгені Сарымен кездесіп тұрады. Бұған Сары мен Қосанның, әсіресе, Сарының өз ағайындары да қатқыл қабақ танытады, барынша кедергі жасайды. Олардың әр қимылын қатаң бақылауға алады. Сарының қыз Қосанмен махаббаты олар кедергі қойған сайын нығая түседі.
Тұрғанда бір тар жерде жолығысып, Суырдым Көкбұйраны қынабынан. Бәлемнің алайын деп басын кесіп, Бес жаяу ізіменен қайта қайтты. Келесің тағы бір деп кіжінісіп, Қосаннан мені айыру қиын болар. Қанша жау шықса-дағы желпінісіп.
Сарының көптеген әндері Қосанға арналған. Қыз Қосан шеберлердің құрған тезі. Жауапты неше түрлі біледі өзі, Өзіме Қосан серік болып тұрса, Қылатын сырттан билік кімдер өзі,– деп жырлайды.
Сарыға нақақтан дұшпандары «кісі өлтірді» деп жала жауып, Сібірге айдаттырады.
«Емес қой, дәреже, ақыл бәрі бірдей, Мырзағұл іс қылады әлін білмей. Ағайын бір-бірімен қастасқан соң, Қантөгіс болып қалды кәдімгідей. Болмаса жан оншама кінәлі жоқты, Халқыма қарап тұрсам олай емес. Басым жас, әлі-ақ бәрі ұмыт болар, Ер жігіт өткен іске қайғы жемес. Жаладан іс қылады Шолан болыс, Кімнің жай-жағдайын шешпей тегіс. Атам бір, анам басқа сеніменен, Қашаннан Алтон, Қызай жолың теріс».
Сөйтіп, Сары жаламенен Жармола түрмесіне қамалады. Сары Жармола түрмесінде жатқанда Айт-Бұжыр елінен үш мыңдай адам қоштасуға барады. Сол кезде Жем бойын аралап жүрген атақты күйші Қазанғап та Сарымен қоштасуға барып, оның зарын көкірегіне түйіп қайтады. (А.Жұбанов).
Орынборға айдалатынын естіп, Қосан сұлу қоштасуға келеді. Бірақ жендеттер оларды жолықтырмайды. Сары Қосанды алыстан көріп тұрып, бар дауысымен қоштасу өлеңін шырқайды:
Міндік те Тарлан атқа бөжендеттік, Ырғыздан бір өткенде үш-төрт өттік. Сарғайтқан сағыныштан сорлы Қосан, Тұсыңнан айтып өлең талай өттік. Қанды көз, қасқа Қосан, бол риза, Ақыры міне, мұндай күйге жеттік. Көрем бе, көрмеймін бе, қайран елім, Қош болғын, алыс сапар, Сібір кеттік.
Сарыны солдаттар сүйрелеп алып кетеді. Сүйгенінен тірі айырылған қыз Қосан екі көзінен қанды жасы ағып қала береді.
Осылайша, жасы отызға енді келген Сары тағы да айдалып кете барады.
Жармоладан Орскіге (Жаманқала) айдалып бара жатқанда патша жендеттері «қашайын деген жерінде атып тастадық» деп жалған акт жасайды да, Орскінің солтүстік жағындағы Енисей деген жерде 1893 жылы Сарыны сотсыз атып өлтіреді. Мұның бір себебі, Сары атағымен қоса батыр болған. Ол жалғыз өзі патшаның он бес солдатына әл бермей қашып кеткен. Жармоладағы халықтың толқуынан және Сарының қаһарынан қорқып атып тастаған.
«Менің әкем Қанымжан Сарының ағасы Жолбарыстың қызы Сары ағасымен бір үйде өскен, Қанымжан әжемді ер балаша киіндіріп, атқа мінгізіп, ойынтойда қасына ертіп жүреді екен. Сібірге айдаларда әжеме арнап өлең шығарған екен. Есімде қалғаны бір-ақ жол: «Сәлем айт Қанымжанға шаш қоймасын». Әжем 16 жаста атама ұзатылып келгенде, шашы қысқа екен. Әжем 90-ға келгенде 1953 жылы қайтыс болды.
Енді Қосан сұлудың тағдырына тоқталайық. Сары айдалып кетіп, қайтыс болғаннан кейін, Қосан өзінің атастырып қойған Нысанбай баласы Демесінге ұзатылады. Қосан төрт құрсақ көтереді. Олар: Раманқұл, Ахметәли, Құптан және Алқа деген бір қыз. Ахметәлидің әйелі Фатима біздің жақын апамыз. Одан Нығымет деген бала туады. Ахметәли өте ауқатты болған, саудамен де айналысқан. Баласы Нығымет Ташкентте оқып, оқу бітіргесін сонда қалып жұмыс істейді.
Демесінов Нығымет Қарақалпақ АССР-ында Совнаркомның председателі болып 4-5 жыл қызмет жасайды. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен айдалып, атылып кетеді.
Әйелі Тұрған баласы Әмірмен Тәжікстанға кетіп, кейін Сексеуілге көшіп келеді. Әмір темір жолда машинист болып істейді. Менің нағашы апам Әсем Әмірге күйеуге шықты. Әмір жездеміздің 7 баласы бар. Олар Ақтөбеде тұрады. Жездеміз бен апамыз ертерек қайтыс болды», – деп еске алады Тыныштық Қаракүшікова, зейнеткер.
Қанша уақыт өтсе де, туған халқы салсерісін ұмытпайды. Сарының туғанына 150 жыл толғанын Шалқарда атап өтті.
Қазақстанда белгілі ақын, композитор, драматург, өнер зерттеушісі Бәкір Тәжібаев Сарыға арнап «Сары сері мен қыз Қосан» атты музыкалық пьеса жазды. Бұл пьеса Ақтөбе облыстық театрының сахналарында қойылып жүр. «Қазақ» радиосынан Сары серінің әндері беріліп тұрады.