Сәтсіздік мәңгі емес, ал табыс...
Таңертең алғаш көзіңізді ашқан кезде бірінші істейтін әрекетіңіз?! Қолыңыз еріксіз түрде телефонға жүгіреді ме? Әлеуметтік желіде қалай отырып қалғаныңызды түсінбей қалатын күйде болатын шығарсыз? Қысылмаңыз. Бұл бүгінде әр адамның баcынан өтетін күнделікті жайт деуге болады. Ал сіз әлемдік 25 газеттің 24-інде тираж саны азайғанын біліп пе едіңіз? Себебі, адамдар көптеген жаңалықтарды әлеуметтік желілер арқылы тез арада біліп алады.
«Рухани жаңғыру» кезеңі – ел азаматтарының барлығы өнімді еңбек ететін мезгіл. Десек те, кез-келген адамның басында келеңсіз жайт, кереғар уақыт бола береді. Осы уақытта аталған жайсыздықтардан өту – негізгі мақсат. Біздің кішігірім кеңесіміз бір пайдаңызға жарап жатса, ол – үлкен жетістік. Ендеше, әлемде жетістік шыңын бағындырған тұлғалар пікіріне байланысты сараптамалық мақаламызға көз жүгіртіп өтіңіз.
Бүгінде дүние жүзі бойынша ғалымдар адамдардың көңіл-күйі мен психологиялық әл-аухатын тексеру арқылы Facebook, Twitter және Instagram секілді әлеуметтік желілердің адамның ағзасына ғана емес, жан-дүниесіне әсер ететіндігін анықтауда. Себебі, әлеуметтік желілерде біз өзіміздің қуанышты сәттеріміз бен өміріміздің бір бетін бар әлемге паш етеміз. Жақсы естеліктер мен әдемі суреттерді ғана салуға арналған әлеуметтік желілер бүгінде табыс табудың да бір көзіне айналуда. Әсіресе, жастардың арасында аталмыш ғаламтор желілері қатты сұранысқа ие.
«Баланы – жастан» демекші, жас буын әлеуметтік желіде жүктелген дүниелерге қызығушылық білдіру арқылы табысқа жетуді қалайды. Бұл, негізінде, өте жақсы бағыттардың бірі болып табылады. Дегенмен де, әлемдегі табысты адамдардың өмірбаянына көз жүгіртетін болсақ, талай сын-тегеуріндер мен қиыншылықтарға толы жолды көретініміз анық. Мәселен, американдық өнертапқыш Стив Джобс бір сөзінде: «Мен соңғы 33 жылымда таңертең айнаға қарап, өзіме былай деп сұрақ қоямын: «Егер бүгін менің өмірімнің соңғы күні болса, бүгінгі ойлаған жоспарымды іске асыра аламын ба?» деген екен. Ол кісінің өмір жолы мен еңбек жолы тағылымды дүниелерге толы болары хақ. Табысты болу үшін еңбек етіп қана қоймай, қайсар мінез бен таусылмас жігердің иесі бола білу қажет. Алыстан емес өзіміздің ел ағаларының өмір жолына қарайтын болсақ, өмірлік үлгі етуге лайықты азаматтардың баршылық екенін көреміз. Барлығының ортақ қасиеті – өмірлік жетістіктерге деген өзіндік көзқарасы.
Ресейлік бизнесмен Виктор Вексельбергтің өмірлік ұстанымы – «Үнемі табысты болуға болмайды».
Мұнайды алуға арналған сорғыларды әзірлеумен айналысқан ғалым кейін мұнай кен орындарының иегері атанып, Ресейдегі ең бай адамдардың бірі бола білді. Ол кісіні осындай дәрежеге жеткізген еңбек жолымен қатар, өмірлік ұстанымдары мен қызметте ұстанатын қағидалары қандай екен? Осыған орай Виктор Вексельбергтің ақшаға, өмірге деген көзқарасы мен әділдік туралы ойларымен төмендегі мәліметтерден таныса аласыздар.
Виктор Вексельберг Украина мемлекетіндегі Львов облысында дүниеге келген. Кейін Мәскеудегі көлік инженерлік институтында тәлім алды. Аталмыш институтты 1979 жылы қызыл дипломмен тәмамдағаннан кейін «Коннас» құрылымдық бюросына жұмысқа орналасады.
Вексельберг бизнестегі жолын 1980 жылы танымал ғалым ретінде қызмет атқарып жүрген кезден бастады. «Коннас» құрылымдық бюросында ұңғымалардан мұнай айдауға арналған сорғыларды әзірлеу бойынша жұмыс істеді. Болашақта бұл тәжірибе оған жақсы қолғабыс болады.
Сол уақытта мұнай кен орындары сорғыларды пайдалану кезінде пайдаланылған қуат кабельдерімен толы болатын. Өз күшімен әзірлеген қондырғы арқылы Вексельберг әріптестерімен желілерден мыс тарамдарды алып, кейін экспортқа жіберіп отырады. Бір тоннасы 300 АҚШ доллары көлемінде болатын мыс шетелде 2300 долларға сатылды. Нәтижесінде бір жылдан кейін «Ренова» компаниясы құрылып,1991 жылы бұрынғы зертхана меңгерушісі миллионер атанады.
Виктор Вексельберг Ресейде алюминий мен мұнайдың есебінен табысты болды, қазіргі таңда оның көп бөлігі шетелде орналасқан.
Бүгінде Вексельберг UC Rusal компаниясының 7,65% акциясының иегері болды. Ал 2018 жылғы сәуір айындағы аталмыш акциялардың құны – $413 млн. АҚШ Қаржы министрлігінің Олег Дерипаски және UC Rusal компаниясына қарсы шығарған санкцияларының әсерінен UC Rusal бағасы екі есе құлады. Сол кезде Вексельберг санкция салынғандардың тізіміне ілінді. Американдық тарапқа энергетика саласындағы жобалармен айналысқан «Ренова» менеджерлерінің Коми Республикасының шенеуніктеріне пара беру айыбымен ұсталып қалғаны ұнамады.
Ал мұнай саласында Вексельбергтің жолы болды. 1997 жылы Блаватниктің Access Industries және «Альфа-Групп» арасындағы өзара әріптестік аясында «Тюмень мұнай компаниясының» негізгі акциялар пакетін иеленді. 2003 жылы британдық ВР және ТМК акционерлері өздерінің ресейлік активтерін біріктіру арқылы TNK-BP біріккен компаниясын құрды және он жылдан кейін оны $56 млрд-қа «Роснефти» компаниясына сатты. Аталмыш келісімде Вексельбергтің үлесі $7 млрд. болды.
Бұл қаражат негізінен шетелдік активтерді сатып алуға, соның ішінде швейцариялық компаниялардың акцияларын көбейтуге жұмсалды. Аталмыш келісім уақытылы жүзеге асырылған шарт еді. Себебі, бір жылдан кейін мұнайдың бағасы құлдырап, Ресей батыс елдерінің тарапынан санкцияларға тап болды. 2018 жылғы сәуір айында аталмыш санкцияларға Вексельбергте түсті. Петербург халықаралық экономикалық форумында миллиардер осы бір күрделі мәселеге қатысты Булат Окуджаваның мына бір өлең жолдарын айтқан болатын. «Біз жалғыз қалдық: біз және біздің жарамыз», – деді бизнесмен.
Виктор Вексельбергтің осындай қызықты жайттар мен күрделі сынақтарға толы дара жолымен қатар жастарға арналған өнегелі сөздері де бар. Мәселен, ол кісі «Мен үшін бай болу – ең бірінші кезекте жауапкершілікті сезінуді білдіреді. Себебі, ақшаны табу қиын, бірақ оны дұрыс жұмсай білу одан да қиын», – дейді. Шынымен, табысты болған сайын әр адам тек өзінің алдында ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіне бастайды.
Сондай-ақ, төменде ол кісінің өзге де келелі сөздері келтірілген.
«Біз материалды әлемде өмір сүреміз. Және бұл әлемде әрқайсысы өз табысының артуы жолында еңбек етеді, бар күш-жігерін салады. Байлық – бұл адамның әлеуметтік жетістігінің белгісі және жанама түрде оның қабілетінің, сондай-ақ, сәттілігінің бейнесі.
Өміріңде алдау және қорқу секілді екі жағымсыз қасиет болмауы қажет. Әрине, біреуді алдап кету жақсы тәрбиенің көрсеткіші емес, ал өзіңді-өзің алдау – нағыз осалдықтың белгісі: кез келген жағдайда өзіңнің қағидаларына және сенімдеріне адалдығыңды сақтауың тиіс.
Және ешқашан алдына қол жетпейтін мақсаттарды қоюдан қорықпау керек. Мәселен, қандай да бір мәселені шешудегі қателіктерден қорыққандықтан, оған қолды бір сілтеп, алдын ала тастап кетуге болмайды.
Менің институтта тәлім берген ұстаздарымның бірі жақсы кеңес берген болатын: «Көшбасшылар өмірде көп өзгере қоймайды – көшбасшылық бағдарды сақтаңдар».
Және де үнемі табысты болуға болмайды.
Шынымен қандай да бір елеулі өзгерістер ештеңеден басталады. Яғни, дәл қазіргі орын алып жатқан жағдай мен қиялдағы ойдың арасынан туындайды. Сені қоршаған әлемді өзгерту – кәсіпкерлік қызметтің басты бағдары. Ең басында сен өзіңнің күшіне сенім білдіріп, беліңді бекем буасың да нақты бір міндет қоясың. Осындай іс-әрекеттердің арқасында сенің ойларың қысқа уақыттың ішінде күнделікті, өмірлік сенімен бірге болған ұстанымдай сезіле бастайды. Біздің өмірімізге ұялы телефондар қалай кіре бастағаны естеріңізде болар?!
Егер сіздің ойыңыздағы дүние шынайы өмірмен сәйкес келмесе, онда ойыңызды өзгертіңіз.
Ақшаңызды қолыңызда қысып, ұстап отыру – бизнес емес, ақымақтық.
Кедергілерді жеңу адамға алып күш пен өзіңе деген сенімділікті береді. Әр бағындырған шыңның артында жаңа, әлі де мойындалмаған кедергі жатқанын біле жүріңіз.
Белгілі бір уақыт өткеннен кейін коммерциялық табыс сені толығымен баурай алмайды. Мен аталмыш мәселені уақытылы түсіне білдім. Осының арқасында өмірімде күрделі мәселелердің орнына жаңа қызығушылықтар мен лайықты мақсат-міндеттер пайда болды.
Менде әлі де тіл табыса алмай жүрген қарсыластар мен бәсекелестер бар. Бұл мәселе барлық адамда болатын секілді. Олар болмаған жағдайда менің жолым қызық болар ма еді?
Мен барлық материалды табысыма ТМК-ВР сәтті келісімнің арқасында қол жеткіздім. Аталмыш жайт маған ірі қаржылық ресурстарға қолжеткізуге мүмкіндік берді.
Орыс немесе Ресей олигархтары – бұл француз жағажайында демалуға, желкенді қайықтың ұзындығына байланысты пікір таластармен уақыт өткізетін күмәнді беделге ие бизнесмен.
Мен Ресей атты алып және керемет елдің азаматымын және өз басым біздің заң жүйесін аса құрметтеймін. Яғни, бұл жердегі жауапкершілік – басқармадағы активтерді тиімді пайдалануға қатысты.
Әр адамда әділдік туралы өзіндік көзқарас болады.
Мен балаларымның үлкен корпорацияларды басқарғанын қаламайтын едім. Олар өз таңдауларында тәуелсіз болғандарын тілеймін. Оларды бұл жайтқа ешкім және ештеңе мәжбүрлемеуі тиіс. Егер олар осы салаға арналған болса, білім мен тәжірибелері жеткілікті болса, онда нұр үстіне нұр болар еді.
Мен кішкентай кезімнен еңбекқор адаммын және кеңседен тыс жерде қуаныш сезімін сезіне алмайтын сияқтымын.
Шыны керек, мен ешқашан қандай да бір болжауларды жасап көрген жоқпын және олар дұрыс шықпайтын да еді.
«Бедел» сөзі бізде мүлдем жоқ. Мүмкін, аталмыш ұғым бизнестің ішінде немесе адамдардың өзара қарым-қатынасы барысында бар шығар, бірақ, ұлттық деңгейде ол жоқ. Ал бұл – маңыздырақ.
Бізде қазіргі таңда бәрі тамаша: барлығымен бірге құлдыраймыз, бірақ мәңгілікке емес».