Жаңалық

«Сауын айту» қандай ғұрып?

Сауын айту – үлкен ас, ұлы той сынды маңызды да ауқымды жиындар туралы ел-елге жариялап, хабар беру түріндегі қазақтың ежелден келе жатқан халықтық ғұрпы. Ол бірнеше ай, не бір жыл бұрын айтылған.

Негізінен сауын жөніндегі хабарды барлық туысқа бір адам жеткізген. Ал алыста тұратын ағайындарға арнайы хабаршылар жөнелтілген. Сауынға шақырылған әрбір мейман өзімен бірге қымызы мен малын әкелуге міндеттелген. Бұл туралы ғалым Шайзада Тохтабаева былай дейді:  «Қонақтар әр жүзден және түрлі ауылдан, өздерінің малымен, сайыс жеңімпаздарына арналған сыйлықтарымен және қымызбен келетін. Бұндай келістің басында көпке сыйлы, жасы келген әйел түйеге мініп келетін. Түйенің өркешіне әдемі кілем жабылып, піспектері бар көркем оюлармен әдіптелген сабалар артылған. Оның соңынан түйе мен атқа мінген әйелдер мен ерлер жүретін болған». Ғалымның сөзіне сүйенсек, жиылыс иелерінің туыстары мен достары түйелерге артып әкелетін үлкен местерге шамамен 100-200 литр қымыз толған екен. Олар бірнеше жалқының терісінен тігілетін болған.

Қазақ әдебиетінде бұл салт жиі көрініс тапқан. Мысалы, «Айман – Шолпан» жырында «Сауын айту» салты былайша жырланады:

Маманнан келген кісі қымыз ішпек,

Аузына жарандардың тәубе түспек.

Терісін бес айғырдың саба қылып,

Сабасы атаныпты «Алтын піспек».

Маманға айуан малдың берді бағын,

Жаратты Маман батыр арғымағын.

Бір тұтқа кіші жүзде бай еді деп,

Шөмекей Маман байға айтты сауын.

Ал жазушы Наурызбай Ақбай «Абай жолы энциклопедиясында»: «Құнанбай  өз әкесі Өсекеңе ас берем деп, Көкшетауға сауын айтып, қалың елді жиды ғой. Тобықтының одан үлкен асы болған жоқ», – деп көрсетеді. Бұл жолдардан сауын айтудың қаншалықты ауқымды болғанын көре аламыз. Сондай-ақ, ол Бөжей қайтыс болғаннан кейін, жазға салым қой қоздар кезде сауын айтылғанын атап өтеді. Ағайын біткен қыстан бері асқа әзірленіп келген екен.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button