Жаңалық

Сейіл Мұхамедқалиев: Нағыз дәрігер өзінің артық уақытын өз қызметіне арнауы қажет

Минут сайын, сағат сайын, күн сайын, апта сайын, жылдар бойы адамның денсаулығына, өміріне араша түсетін ақ халат киген абзал жандардың бұл өмірдегі миссиясы аса маңызды. Қашан да болсын «қоғамның саулығы –  халықтың байлығы». ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында «Адам капиталы» хақында сүбелі ойлар айтқан-ды.

Елордамызда халықтың денінің саулығы үшін аянбай қызмет атқарып жүрген ақ халаттылар қатарында Сейіл Мұхамедқалиев та бар. Сейіл Сейітқожанұлы Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді қалалық ауруханасы Шұғыл кардиология және кардиохирургия орталығының меңгерушісі, жүрек-тамыр хирургы, бірінші санатты дәрігер. Білікті маман басқарып отырған ұжым талай адамдардың жүрегіне екінші рет өмір «сыйлап», дендерінің саулығын ұзартқан. Елорданың сол жағалауында орналасқан ауруханаға жолығып, Сейіл дәрігерді әңгімеге тартқан болтынбыз.

Ruh.kz: Сейіл Сейітқожанұлы, сәлеметсіз бе! Көп адамды толғандыратын сұрақтың бірі – дәрігер болу қаншалықты қиын?

Сейіл Сейітқожанұлы: Қандай да бір мамандықты алсақ , сол салада қызмет атқару біреуге жеңіл болса, біреуге қиын болуы мүмкін. Оның себебі – адам мамандықты жүрек қалауымен таңдауы қажет сияқты. Сол кезде ғана сен өз ісіңді түсінесің, ол қоғамға қандай пайда әкелетінін сезінесің. Дәрігер мамандығы да сол қатарға енеді. Адамға көмектесу, оның жанына араша түсу, ол жай сөздер емес. Бір адамның өмірін құтқару немесе оның жанына араша түсу, ауыртпашылығын азайту үшін дәрігердің білімі мен тәжірибесі қатар ұштасуы қажет. Өйткені білімі бар, алайда тәжірибесі жоқ дәрігер нағыз мамандардың қатарына қосыла алмайды. «Дәрігер болу қаншалықты қиын» деп сұрайтын болашақ әріптестеріме айтарым, студент медициналық  жоғары оқу орнын аяқтағаннан соң бірден дәрігер бола алмас, ол хақ. Жас маман бес-алты жыл тәжірибе жинақтап, жинаған қазынасын алған білімімен тиімді ұштастыра алса, міне, сол сәттен бастап, кешегі студент бүгінгі білікті дәрігерге айнала алады. Нағыз дәрігер өзінің артық уақытын, жұмыстан бос уақытын да өз қызметіне арнауы қажет. Ол заңдылық. Осы заңдылықты мойындаған дәрігер нағыз дәрігер. Нағыз дәрігер адамдарды емдеумен қатар, медицина ғылымында болып жатқан инновациялық жаңалықтардан да хабардар болуы қажет. Ол үшін маман әр үш жыл сайын өз біліктілігін арттыру үшін оқу оқуы қажет. Бұл тәжірибе біздің ауруханада сақталған.

Ruh.kz: Сіз бұл мамандыққа қалай келдіңіз?

Сейіл Сейтіқожанұлы: Шынымды айтсам, «дәрігер боламын» деп, үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Мектеп қабырғасында жүрген жылдары барлық қатардағы ұл бала секілді, машиналарға, түрлі техникаларға әуес едім. Сонда, болашақта атақты инженер болсам деген арман болатын. Мектепті тәмамдап, қалаға арман қуып келген кезде менің жанымдағы достарымның септігімен инженерлік арманымды медицина жолына айырбастадым. Алыс жылдардан бастау алған ауыр да, қызық жол бойымен бар ниетіммен алға басып келемін.

Ruh.kz: Жиырма жылдан астам уақыт ішінде өз статистикаңызды шығарған шығарсыз. Хирургия саласында ер адам хирургтар саны көп пе? Әлде керісінше ме?

Сейіл Сейітқожанұлы: Хирургия мамандығы мықты қолды және ұшқыр көзді талап етеді. Медицинаның бұл тармағы ерлерге немесе әйелдерге арналған деп те бөле алмаймын. Алайда, тәжірибем көрсеткендей, хирургияда ер адамдар басымырақ.

Ruh.kz: Кардиохирургиядағы ана мен баланың денсаулығы туралы не айтар едіңіз?

Сейіл Сейітқожанұлы: Болашақ аналар болсын, аналар болсын және олардың балалары да өзінің денсаулығында ақау бар деп ойламайды ғой.  Ал, егер адам өз науқастығын біле тұра, оны жасырса ол жаман нәрсе. Туа біткен денсаулық ақаулары да болады. Ондай жағдайлар, тек белгілі пайыз адамдарда болады. Жүрек, жүректің тамыр ақауларына қатысты туа біткен аурулар кездеседі. Осындай туа біткен аурулармен туған адамдарда жүрек ауруларының симптомдары жүре келе пайда болады. Мысалы, көктемнің басында біздің ауруханаға отыз екі жастағы жүкті әйел түскен болатын. Ол өзінің жүрегінде туа біткен ауру бар екенін болжамдамаған да еді. Алайда, іштегі нәресте өскен сайын, болашақ ананың ішкі органдарына салмақ түсе бастады, соның ішінде жүрекке. Бұл науқас Марфан синдромына шалдыққан. Яғни, қолқа тамыры қатпарланып, ішкі қансырау басталды. Сегіз сағатқа созылған операция сәтті аяқталды. Науқастың қолқа тамыры жаңасына ауыстырылды. Негізі адамның жүрегінде қолқа тамыры үш қабаттан тұрады. Соның жоғарғы қабаты ауру кезінде түгелдей кеңіп кетеді, ал ішкі қабаты жарылып, мата сияқты жиырылып қалады. Соның салдарынан басқа және ішке баратын тамырлардың қуыстары бітеледі. Қуыс бекітіліп, басқа қан бармаса адамда инсульт болады, жүрекке бармаса инфаркт болады.  Әр бес минут өткен сайын аурудың асқынуы ұлғая береді. Сол себепті бұндай науқастарға дер кезінде көмек көрсетілмесе, адамнан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Айтып кеткен науқасқа дер кезінде және сапалы түрде көмек көрсетілді. Дүниеге әсем сәби келді.

Ruh.kz: Дүниеге келіп жатқан бүлдіршіндер де жүрек ауруларына шалдығып жатады. Осындай «нәзік балалар» туралы не айтар едіңіз…

Сейіл Сейітқожанұлы: Біріншіден, эмбриогенез (тұқым қуалаушылық) болады. Екіншіден, болашақ ана жүктіліктің алғашқы айларында вирус жұқтырып алуы мүмкін. Сол кезде іште дамып, жетіліп келе жатқан баланың органдарына әсер етуі әбден мүмкін. Болашақ аналар өзінің денсаулығына дұрыс қарауы, болашақ ұрпақтың дені сау болып туылуына үлкен себеп. Сондықтан, отбасына жоспарлау деген ұғымды әр жас ата-ана дұрыс түсініп, тыңғылықты дайындалуы керек деп ойлаймын.

Ruh.kz: Инфаркт, инсульт аурулары жас мөлшеріне қарай жасарып бара жатқан ауру сияқты. Келісесіз бе?

Сейіл Сейітқожанұлы: Бұл аурулар, атеросклероз –жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруы ғой. Тамыр ауруларының бір түрі ғана. Медицинада атеросклероз жиі кездесетін аурудың түрі. Бізге түскен науқастардың 95% осы ауруларға шалдыққандар. Яғни, олардың жүрек тамырларында ақаулар пайда болады.  Бұл ақаулар қан тамырларының өзегін бітеп, қан айналу процесіне бөгет жасайды. Бұл өзек бітілсе, қан «бассейні» құрғап, ет «өледі».  Инфаркт және инсульт аураларына көп жағдайларда ер адамдар шалдығады. Жүрек сыр бере бастаған кезде міндетті түрде дәрігерге барыңыз! Ертеңгі күнге қалдырмаған жөн.

Ruh.kz: Жүрек ауруларына шалдыққан адамдарға спротпен шұғылдану қаншалықты зиян?

Сейіл Сейітқожанұлы: Жүрек аурулары десек, оларды да бірнеше топқа бөлуге болады. Жүрекке қан жетіспеу-ишемия ауруы, жүрек қақпақшаларының ауруы, туа біткен жүрек аурулары және жүре біткен жүрек ақаулары деп бөлінеді. Бұл аурулардың әрқайсысы бірнеше сатыға бөлінеді. Аурудың деңгейін, сатысын анықтап алған соң, жүрекке түсірілетін салмақ та анықталады. Анықталған нәтижеге сәйкес спорттың қай түрімен шұғылдануға болатыны да белгілі болады. Жүрек деген біздің жалғыз органымыз. Денедегі бар қанды айналдырып тұратын тек жүрек.

Ruh.kz: Сейіл Сейітқожанұлы, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рақмет! Қызметіңізге қашан да адал болып қала беруіңізге тілектеспіз!

Сейіл Сейітқожанұлы: Рақмет сізге!

P.S.   Отанымыздың күрделі саласының бірі – медицина. Осы жолда жүрген абзал жан Сейіл Сейітқожанұлымен болған сұхбат өкінішке қарай ұзақ болмады. Себебі, сұхбат барысында дәрігерді операцияға шақыртты. Адамның жалғыз жүрегін аман алып қалу Сейіл дәрігер үшін қызмет. Кейде біздің назарымыздан алшақтап кететін, кейде бағаланбай қалатын дәрігердің адал қызметі. Отандық медицинада Сейіл дәрігер сияқты мықты мамандар қашан да бірінің жолын бірі жалғап жүрсе деген тілек бізде бар.

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button