Жаңалық

Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан...

«Сіздің есте қалған ең қызықты шағыңыз?» Аталмыш сауалға көп адамның беретін жауабы – 11 жыл білім нәрімен сусындаған мектеп қабырғасынан ұшып шығып, жоғары оқу орнының табалдырығын аттаған шағы. Студенттің кез жас адамның өмірде орын алып жатқан барлық оқиғаларға өзіндік көзқарасы қалыптасып, алдағы келешегіне деген үміті мен мақсаты айқындалған сәті болып табылады.

Кейбіреуі кішкентай кезінен арман қуған мамандығына барса, өзгелері көп ойдың нәтижесінде өз қалауың анықтайды. «Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, жоғары оқу орнында алынған білім нақты бір салаға қатысты жан-жақты мәліметтерді, тәжірибені көрсетеді. Осы себепті, көптеген жастар студенттің шағының мазмұнды болуы үшін бар күш-жігерін салады.

Қазіргі Төртінші өнеркәсіптік революцияға аяқ басқан шағымызда жан-жақты білім салтанат құруда. Білікті мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында келесі жайттарды айтып өтті:

«Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.

Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.

Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді…

Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.

Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз.

Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деді Мемлекет басшысы.

Елбасының бұл сөзінің айқын дәлелі іспетті қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстары бастау алып, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынуда. Сонымен қатар, әлемдегі дамыған елдердің көш басында тұрған жоғары оқу орындарынан профессорлар мен ғалымдар біздің оқу орындарында тәлім беруде. Бүгінгі білім көзі жаңашылдыққа негізделген. Мектеп қабырғаларында үштілділік жүйесі жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатса, жоғары оқу орындарында білікті мамандардың саны артып келеді. Осының нәтижесінде білім беру саласында өзіндік бәсекеге қабілеттілік туындауда. «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», – деп ұлы ғұлама Аристотель айтқандай, сапалы білім сіздің болашақтағы жетістіктеріңіз бен жемісті еңбегіңіздің бірден-бір кепілі болып табылады. Сондай-ақ, білімі мен біліктілігі қазіргі заман талаптарына сай азаматтар мемлекеттің гүлденуіне және әрі қарай дамып, нығаюына елеулі үлес қосады. Міне, осы себепті, бүгінде мемлекет тарапынан білім беру сапасының артуына баса көңіл аударылып қана қоймай, көптеген ірі жобалар мен бағдарламалар қолға алынуда.

Бұл ретте 2018-2019 оқу жылында жоғары білімі бар мамандарды даярлауға 53 594 грант, магистрлерді даярлауға 12 504 грант, PhD докторларын даярлауға 2 240 грант бөлінген. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан техникалық мамандықтарға көп грант бөлінген. Қызығы мен шыжығы мол студенттік шақтың басталар кезі де таяп қалды. Алыс-жақыннан келіп, әлі де белгісіз әлемге аттануға даяр жастардың жүрегі қобалжуда, іштегі үміттері баршылық. Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы Әлкей Марғұлан айтқандай, «Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу – өрлеу де болмас еді».

Яғни, білім дегеніміз оқу орнының қабырғасымен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Себебі, ертең сіз білікті маман екеніңізді дәлелдейтін дипломның иегері атанасыз да, мемлекет атты алып механизмнің бір түйініне айналасыз. Осы орайда сіз дайын болуыңыз тиіс. Себебі, дипломмен қатар сіз үлкен өмірге аяқ басатыныңызды ұмытпағайсыз. Әр адамның бұл өмірдегі басты міндеттерінің бірі де бірегейі – толыққанды азамат болып қалыптасуы, яғни, аяққа нық тұрып, нақты іспен айналысуы. Дегенмен, бұл жерде де барлығы оңай болып көрінбейді. Студенттік шақ бізге жан-жақты білім бергенімен, өмірдің өзіне тән заңдары болады. Аталмыш заңдарға бағыну – міндет. Ал бұл мәселені жұмыс істеу барысында игеріп алуға болады. Міне, мәселе қайда жатыр?!

Мына бір жағдайды көзге елестетіп көрейік, сіз оқуыңызды аман-есен аяқтап, үлкен өмірге аяқ бастыңыз. Сіз – дайын мамансыз. Осы сәтте көп адамның алдында бір сауал туындайды. Енді не істеймін? Сізге таныс жағдай ма? Әрине, сіздің біліміңіз жеткілікті және де кез-келген істі өз дәрежесінде игеріп кетуге дайынсыз. Сіздің күш-жүгеріңіз тасып, бойыңыздағы қуатыңыз асып тұр. Дегенмен, жұмысқа қабылдаушылардың кезегі көрінбейді. Сіз өз орныңызды іздеуіңіз тиіс. Ал бұл жол көп қажырлықты, ізденімпаздықты, бірбеткейлікті және өзіңе деген нық сенімді қажет етеді. Ал біз өз тарапымыздан сізге көмектесуге тырысып көрелік.

Ең бірінші мәселе – сіздің жұмысқа орналасуыңыз. Ал жұмысқа қабылдау алдында әр адам сұхбаттасудан өтеді. Әрине, кез-келген басшы жұмысқа алудың алдында маманды жетік меңгеріп алғысы келеді. Осы себепті, сұхбаттасудан қорқудың, не болмаса шошудың қажеті шамалы. Ал енді сұхбат барысында сіздің жүйке-жүйеңіз сыр бермеуі үшін мынандай алты әдісті қолданып көріңіз.

Өзіңіз талап етіп отырған кәсіптің негізгі бағыт-бағдары мен басымдықтарын біліңіз.

Сұхбаттың қалай жүргізілетіндігі маңызды емес. Әрине, сұхбат телефон арқылы, компанияның кеңсесінде қызметкерлермен немесе топ-менеджерлермен жүргізілуі мүмкін. Осы себепті сіз жан-жақты дайындалуыңыз тиіс.

Компания жайында, өзіңіздің жұмысыңыз бен болашақта атқарылуы тиіс міндеттеріңіз туралы толыққанды мәліметке ие болыңыз. Өзіңіз туралы айтуды сұраған жағдайда кедергіге тап болмауыңыз үшін қысқаша сөз дайындап алыңыз. Алдын-ала дайындалып алу – үреймен күресудің ең жақсы тәсілі.

Үнемі қайталап отырыңыз.

Досыңызбен, отбасы мүшесімен, жетекшіңізбен немесе сүйікті үй жануарыңызбен болса да, сұхбатты қайталаңыз. Өту барысын, өзіңіздің қандай және қалай жауап беретіңізді анықтап алыңыз.

Тәжірибе алдын-ала таңдап алынған күйге жауап беретін мидағы нейрон байланыстарын қалыптастыруға көмектеседі. Сіз автоматты түрде, қалыптасып қалған әдетпен жауап бересіз. Яғни, нейрон байланыстарын бекіту арқылы сізге қиын жағдай туындағанда дұрыс жауап беруге оңай болады.

Сонымен қатар, сұхбат барысында өзіңізді тығырыққа тіремеңіз.

Яғни, күйзеліске жол бермеңіз. Және де барлығы жақсы өтіп жатқан болса да, өз жауаптарыңыз бен сөздеріңізге мұқият болыңыз. Ертең жұмыс іздеп жүрмеуіңіз үшін өзіңіздің әр айтқан жауабыңызға құлақ асыңыз.

Бір сөзбен айтқанда, өзіңізді кеңесші ретінде сезініңіз. Сонымен қатар, сіз өз тарапыңыздан компанияны бағалауыңыз тиіс. Компанияның бағыт-бағдары мен ұсынып отырған жұмысы сізге келеді ме? Осы мәселені ойластырып алыңыз.

Сұхбат барысындағы басты талап – өзіңізге деген нық сенім.

Психологияда өзіңе деген сенімділік – адамның алдына қойған мақсатты орындай алатындығына нақ сенімі болып табылады. Бұл – өте маңызды қасиет.

Өз қабілетіңіз бен машықтарыңызды анықтап алыңыз. Сіз қай салада жақсы көрсеткішке ие бола аласыз? Егер де сіз өзіңізге таңсық өзге салада жұмысқа орналасқыңыз келсе, бұрынғы тәжірибеңіздегі қандай машықтарды қолдана алатындығыңызды ойластырыңыз. Маманның өзінің қабілетіне деген нақ сенімі жұмысқа қабылдаушыны ұсынып отырған орнына лайықты екендігіне сендіреді.

Дегенмен де, өз күшіңіздің деңгейін білгеніңіз жөн.

Мәселен, сіз бір компанияда жұмысқа орналасу үшін көптеген кісілермен сұхбаттасуыңызға тура келуі мүмкін. Егер де сізге сұхбаттың барысы тым созылып кеткендей болса немесе аталмыш жұмыс орнына бастапқы қызығушылығыңыз бәсеңдеп қалса, өзіңізге іштей сұрақ қою арқылы қай дүние сіздің мазаңызды алып отырғанын түсіну қажет.

Адамдар өз түйіндемесінде көптеген нәрселерді белгілейді. Осылайша, олар өздерін лайықты үміткер ретінде көрсеткісі келеді. Дегенмен, бұл әдіс көмектеспейді. Кейде үміткерлер қандай да бір жұмыс орнына қабылданғысы келеді де, кішкене жалақыға келісу секілді өзіңе тиімсіз әрекеттерге барады. Мұндай қадамдарды жасаудың қажеті жоқ. Өз қалпыңызды сақтап қалыңыз.

Айтпақшы, демалуды ұмытпаңыз.

Тіпті, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне қуанып отырсаңыз да, жұмысқа қабылдау үрдісі ұзақ және күрделі болуы мүмкін.

Демалу мүмкін болған әр сәтті пайдаланыңыз. Мысалы, келесі сұхбатқа бара жатқан кезіңізде тереңірек дем алып, жаттығулар жасаңыз. Және де жұмысқа тұрғыңыз келетін жерді бағалауды ұмытпаңыз. Бұл адамдар сізге шынымен ұнайды ма? Немесе олардың қасында сіз өзіңізді жайсыз сезінесіз бе? Дұрыс қойыла білген сауал сізге дұрыс шешім қабылдауда көмектесетіні хақ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button