Сұхбат

Сенім мен міндет немесе жаңғырудың жаңа тынысы

Жақында ғана ашылған «Abai.tv» телеарнасының «Сарасөз» бағдарламасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қонақта болды.

Бұл сұхбатты мемлекеттік лауазым иесінің белгілі бір мәселелер төңірегінде ресми сұхбат беруі емес, ең алдымен Қазақстанның қайраткер, мемлекетшіл азаматы ретіндегі аса күрделі өзгерістерге тап келген дәл бүгінгі күндегі жағдайларға байланысты ойларымен бөлісуі деуге болады.

Біз мұны ақпарат үшін ғана айтып отырған жоқпыз. Сұхбат мазмұнын қайыра ой елегінен өткізе отырып, бүгінгідей қиын кезеңде өзімізге жүктелген міндет пен сенімнің салмағын таразылап көргіміз келді.

Сенім!

Жершарын шарлаған ауыр індет қаншама жұртты қайғылы етіп, қаншама елдің ұнжұрғасын түсіргені рас. «Қары қалың қатты қыстың артынан көгі мол, жақсы жаз келмеуші ме еді?» деген екен хәкім Абай. «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» депті және де. Мұнда қиындықтың соңынан жақсылық келуі үшін күресу керек екені анық айтылып тұрған жоқ па?! Күреспесең, жеңілесің. Қырымбек Елеуұлының: «Дағдарысты жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктердің бастауы ретінде қарауымыз керек», – дегені сол қиындықты еңсере отырып жаңа белеске көтерілуді мақсат ету керектігін алға тартқаны. Міне, бұл шақ алдымызға осындай мақсат қойып, шынайы міндет арқалап, зор сеніммен айрықша әрекет ету кезеңі екенін дәлелдеп отыр. Бұған айқын мысал Жапония елінің тарихынан келтірілді.

Не істеу керек?

Бірден ой мен қырды кезіп амал-айла іздемей-ақ қоялық. Мемлекеттік хатшы: «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа тынысы ашылуы керек», деп тап басып айтты. Ал, аталған маңызды бағдарламада «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық­тың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана та­быс­қа жетуге мүмкіндік алады» деген жолдар бар. Жер-жиһанның басына қауіп төндірген пандемия жағдайы ком­пьютерлік сауаттылықтан бастап бәсекелік қабілетті жетілдіруге табиғи түрде мәжбүрлік қылып жатқан жоқ па?

Сұхбатта ерекше ескерер екі жайт айтылды. Ол – рухани қазына. Тәуелсіздік танымы. Ал ұлттық болмысқа негізделген отбасылық тәрбие сабақтарын мектеп бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізу бастамасы көптен күткен ең маңызды мәселе еді. Әйгілі Мұрат Мөңкеұлының «Мен қауіп еткеннен айтамын» деген сөзі осындайда еріксіз еске түседі екен. «Рухани жаңғырудың» дәл қазір басым бағыты осы тұрғыда жұмыс істесе, жаңа тынысы да сол болмақ. Тіпті арзан күлкі, жалған намыспен қарызданып болса да бір күндік аста-төк той жасап, бір жыл бойы қарызын өтейтін ескі әдеттен арылудың өзі ұлтқа олжа десек өтірік емес! «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес» деген жолдар осы тұста тіпті де айшықтала көрінеді екен. Мемлекеттік хатшы сөз етіп отырған «жаңа тыныстың» бірі осы.

Міндет!

Ал ұлтымыздың басынан өткен алапат қиындықтарды қайта зерделеу, лайықты бағасын беріп, қадірлеу сұхбат түйініндегі Тәуелсіздік ұғымына алып келді. Өткенмен сабақтастық тек қағаз бетіне емес, ұрпақ жүрегіне орныққанда ғана мемлекетшілдік, яғни отаншылдық рухы оянатыны сөз болды. Мұның бәрі тегіннен тегін пайда бола салатын қасиет емес, білім мен ғылым жолының жеңіл емес екені онсыз да түсінікті. Сондықтан жалқаулық, жан-жағына масылдық психологиясынан арылу да айрықша тілге тиек етілді.

Осы орайда әсіресе жас буынға «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы мінез-құлықтың прагматизмі жөнінде де айта кету артық болмас. Ол нақты мақсатқа жетуге, қажетті білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану. Қазіргі пандемия жағдайы оны да табиғаи жолмен іске асырып жатқан секілді. Қырымбек Елеуұлы айтып отырған аталмыш бағдарламаның жаңа тынысы негізгі бағыттар бойынша дәл қазіргі жағдайға сәйкес жұмыс жасауы кезек күттірмейтін мәселе екенін аңғартып отыр.

Жарты сағатқа жетпейтін аз ғана уақытта көптеген түйткілді мәселелердің түйіні айтылған соң ба, сүбелі сұхбатта біраз дүние қамтылыпты. Басымыздан өтіп жатқан жағдаймен тікелей байланыстыра отырып өрілген әңгіме өзімізге біраз ой салды. Ол ойымызбен біз де өз замандастарымызбен бөліскенді жөн санадық. Қиын заманда үрей мен немқұрайлылық құшағында қалып қоймай, бойдағы қабілеттің тың қырларын ашуға талпындырар, барша жұртты жаңа жетістіктерге ұмтылуға үндейтін қайраткер тұлғаның толғамды әңгімесіне қайыра соққан себебіміз осы еді.

Азамат Байғалиұлы

Ruh.kz порталының Бас редакторы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button