Жаңалық Редакция таңдауы Сұхбат

Шабандоз қыз – Ғалия Тарасова

Қазақта төрт түліктің төресі – жылқыға жаны құмар нәзік жандылар аз емес. Солардың бірі – Ғалия Тарасова.

Бүгінде 21 жастағы ару ұлттық спорт түрін дамытып, түрлі байқауға қатысып жүр.

– Ғалия, жігіттермен иық тіресіп, ат жалын тартып мінген қызсыз. Бұл өнермен қалай таныстыңыз? 

– Атқа мінуді 18 жасымда үйрендім. Содан бері жылқыға үйірсекпін. Колледжде оқып жүргенімде «Сарбаз рухы» тарихи-патриоттық клубының мүшелері келіп, өздерінің қатарларына қосылуға шақырған еді. Кейін кастингтен өтіп, жаңа қырымды байқай бастадым.  Қазіргі уақытта командада 3 қыз ғана қалдық. Біздің жетекшіміз – Әсел Әлішерова, ал акробатика бойынша жаттықтырушымыз – Куван Сопубеков. Тәлімгерлеріміз басынан бастап атқа қалай дұрыс отыруды, оның үстінде еркін болуды, секіруді, трюктер жасауды үйретті. Алғашқы кезде талай рет құлап қалғанмын. Барлығын толық меңгеруге 1 жылдан астам уақытым кетті.

– Жарыстарға жиі қатысасыз ба?

– Иә, себебі ат десе ішкен асымды жерге қоямын. Осы уақытқа дейін республикалық, халықаралық додаларда бақ сынадым. Соның ішінде 2018 жылы  Қырғызстанда  өткен III Дүниежүзілік көшпенділер ойынын, 2019 жылы Польшада өткен «Face of tradition» фестивалін ерекше атап өте аламын. Оның біреуінде екінші орын алсақ, екіншісінде «Көрермендер көзайымы» атандық.

– Керемет! Ал жылқыны өзіңіз баптайсыз ба?

– Жалпы ат баптауды атадан қалған асыл өнер деп санаймын. Бос уақытымда оған өзім қараймын. Тұлпарымды тазалап, әбзелін кигіземін. Сондай-ақ бірге жаттығулар өткізіп тұрамын. Ал негізінен біздің аттар атқорада болады. Арнайы қараушылары бар.

– Атқа мінуді қалай тез үйренуге болады? 

– Ең алдымен, сіз атпен танысып, онымен байланыс орнатуыңыз керек. Сөйлесіңіз, тамақтандырыңыз, үстінде отырғанда сенімді болыңыз. Бұл жануар барлығын сезеді. Оны ұрып-соғуға болмайды. Осы орайда жылқыны дұрыс басқаруды үйрену де маңызды. Еңбек ету қажет. Сол кезде нәтижені көресіз.

– Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік тілейміз!

Диана Асан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button