Шамет ишан сәулет кешені (мешіт, медресе, кесене)ХІХ ғ
Кентау қаласы, Қарнақ ауылының орталығында орналасқан. Шамет ишан кешені – мешіт және кесенесінен тұрады. Жоспарда тікбұрышты, көлемі 10 х 21 м. Мешітте төрт бөлме бар. Кесене екі бөлмеден және мешіттен тұрады. Қабырғасы күйген қыштан қаланған. Төбесінде күмбезі бар. Кіре беріс жерінде бастырмасы бар. Ғимарат ХVІІІ ғасырдың соңында, яғни 1789 жылы жергілікті халықтың сауатын ашу мақсатында іргетасы қаланған. Ғимарат құрылысы бірнеше этаптан тұрады. Алғаш бұл жер мазар, мешіт, ал кейіннен медресе болып құрылған. 1789 жылы кіші ақсарай, 1876 жылы үлкен ақсарай салынады. Кіші ақсарайдың астында қылует бар. Жаздың ыстық күнінде сол қылуетте Аллаға құлшылық жасайтын болған. Ал үлкен ақсарай мешіт рөлін атқарумен қатар шәкірттер алғаш сол жерде сауатын ашқан. Медреседе оқу 1917 жылға дейін жалғасады.1917-1928 жылдары ғимарат балалар үйі болған. Қазіргі таңда сәулет кешені музейге айналған.
Мешіт ғимараты негізгі намаз оқитын және қылуетті қамтитын кіші залдардан, шаруашылық бөлмесінен тұрады. Құрылыстың әр кезеңінде салынғаны оның жобалау композициясынан да көрініс тапқан. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің нақышына (сталактиттер, төменгі тұғыр қабат кенересі, көгілдір рең, қабырға нақыштағы көгеріс өрнек сюжеттер, т.б.) ұқсас етіп жасалған. Мешіттің аула жақ беті төбесі ағаш оймышпен әсемделген биік айуанмен көмкерілген. Қасбеті жағындағы екі залдың екеуі де жалған күмбезбен айшықталған, оның біршама бөлігі бертінгі темір шатырдың астында қаланған. Кешен медресе құрылысы салынғаннан кейін толық қалыптасты. Медресе “Г” іспетті, бір қабатты құрылыс. Аула жағындағы қаз-қатар орналасқан хұжыралары айуанмен көмкерілген.