Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновке ескерткіш орнатылды
Ақтөбенің 8 ықшам ауданындағы «Ғашықтар» аллеясында композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергеновке арналған ескерткіш-мүсін ашылды. Шараға елімізге танымал ақын-жазушылар, мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері қатысты.
Ескерткіштердің Ақтөбеде қойылуы бекер емес. Себебі қос тұлғаның ата-бабасы осы өңірде өмір сүрген.
Мемлекеттік гимннің авторларының бірі, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың ой үстінде отырған бейнесін тасқа қашаған – мүсінші Жеңіс Жұбанқосов. Танымал музыка шеберінің қоладан құйылған мүсінінің биіктігі – 1,57 метр. Ал талантты ақын Төлеген Айбергеновтің ескерткіш-мүсінінің авторы – Жақсыбай Төлегенов. Соңғы аталған сәулет өнерінің жалпы биіктігі – 3,20 метр, ал мүсіннің биіктігі – 1 метр.
«Қазақ халқы таланттарға кенде емес. Әрқайсысының тарихта өз орны бар. Соның ішінде Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновтің орындары бөлек. Екі тұлғаның шығармашылығы туралы қанша айтсақ та, түбіне жете алмаймыз. Олар көзі тірісінде-ақ халықтан бағасын алып қойған. Біздің міндет – сол құрметті өз деңгейінде ұлықтап, келесі ұрпаққа аманаттау. Биыл композитор мен ақынымызға Ақтөбенің қақ төрінен ескерткіш орнатамыз деп жоспар құрып, бүгін соның куәсі болып отырмыз. Осындай қуаныштарымыз көп болсын! Жұртшылықтың сүйікті орнына айналатын жер болғай!», – деп лебізін білдірді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Салтанатты шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі, филология ғылымдарының докторы белгілі ақын Бауыржан Жақып, Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан Домбаева, Төлеген ақынның қызы Махаббат Айбергенова қатысты.
«Бүгін біз сәулелі сәтке куә болып тұрмыз. «Поэзия дегеніміз құлақпен еститін музыка, ал музыка – жүрекпен тыңдайтын поэзия» деп жатады. Осы орайда ұлы ақынымыз бен композиторымызға осындай еңселі ескерткіштердің бой көтеруі күллі қазақтың қуанышы дер едім. 30 жасқа толар-толмас шағында аққан жұлдыздай өте шыққан ақын өлеңінің жарығы әлі күнге дейін әр қазақтың жүрегін сәулелендіріп, көкірегін нұрландырып тұр. Төлеген ағамызды поэзияның падишасы десек, Шәмші ағамыз – вальстің королі», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.
Композитордың туындылары шырқалып, ақынның өлеңдері оқылған ашылу рәсімінің соңында ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды.