Шанхайдағы ЭКСПО-да Қазақстанның ұлттық стенді ашылды
Қытайдың алтыншы халықаралық импорт көрмесі (China International Import Expo) Шанхай қаласында өтіп жатыр, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі
Биыл Қазақстан өзінің экспорттық, инвестициялық, логистикалық, туристік және инновациялық әлеуетін екі стендте ұсынып отыр – елдік және коммерциялық. Қазақстанның Шанхайдағы ЭКСПО-дағы ұлттық стендін ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев таныстырды.
Ұлттық стенд алаңында Kazakh Invest, Kazakh Tourism, KazakhExport, ҚТЖ, Air Astana, Қазпошта, ҰАТ және басқа да компаниялардың тіректері орналасқан. АӨК секторын Ет одағы, Қазақстанның майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің Ұлттық қауымдастығы, Астық одағы және Азық-түлік корпорациясы ұсынады.
Қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық импорт көрмесіне қатысуын ұйымдастырушылар – ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен экспортты мемлекеттік қолдау шараларының операторы QazTrade және Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының елшілігі.
Ұлттық павильонның тұсаукесері барысында Арман Шаққалиев Қазақстан өңірде дәнді және майлы дақылдарды өндіру және экспорттау бойынша жетекші орынға ие екенін атап өтті.
Бүгін еліміз бен ҚХР арасында қазақстандық ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін экспорттау бойынша 21 хаттамаға қол қойылды. Бұл АӨК тауарларын Қытайға жеткізуді едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Осы ретте, Қазақстан экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қытай нарығына экспорты көлемін кеңейте алады. Тек өсімдік майлары мен шрот бойынша экспорттық әлеует 300 млн долларды құрайды, – деді Арман Шаққалиев.
Қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда сиыр, қой және құс етін өндірушілердің үлкен мүмкіндіктері бар.
Қазақстан мен Қытай арасында сауда логистикасы табысты дамып келеді. Бүгінде темір және автомобиль жолдарын, авиацияны қамтитын маршруттық желі құрылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автокориді Еуропаға жүктерді қысқа мерзімде – 10-12 күнде жөнелтуге мүмкіндік береді.
Арман Шәкқалиевтің айтуынша, Қазақстанның халықаралық маңызы бар көлік-логистикалық торапқа айналуына зор күш салынып отыр.
2014 жылдан бастап Ляньюньган портында қытайлық серіктестермен бірлесіп құрылған логистикалық терминал жұмыс істейді. Сондай-ақ 2023 жылдың мамыр айында Сиань Құрғақ портында қазақстандық терминалдың құрылысы басталды.
Алдағы үш жылда 1300 шақырым жаңа теміржол жолдарын, «Бақты» және «Қалжат» жаңа құрғақ порттарын салу және Қытаймен шекарада үшінші теміржол пунктін ашу жоспарланып отыр. Яғни Қазақстан Еуропа мен Таяу Шығыс елдерін қоса алғанда, Батыс бағытта жүктерді тасымалдау үшін барынша қолайлы жағдай жасалынады, – деп атап өтті Сауда және интеграция министрі.
Сонымен қатар Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша ҚХР-дің үлесі туралы айтты.
Қазақстанға Қытай инвестицияларының жалпы ағыны 2005 жылдан 2023 жылға дейін шамамен 23,4 млрд долларды құрады. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жалпы сомасы 21,1 млрд долларға 52 бірлескен жоба іске асырылатын болады. 2015 жылдан бастап 27 жоба іске қосылды, – деді ол.
Бүгінде қытайлық инвесторлар үшін үш басым бағыт анықталды: логистика, АӨК дамыту және тауарларды терең өңдеу.
Айта кетейік, Қазақстан Қытай ЭКСПО-сына 2018 жылдан бері тұрақты қатысып келеді, осы уақыт ішінде 160 компания өз өнімдерін CIIE алаңында ұсына алды. Бес жыл ішінде 255 миллион долларлық келісімшарттар жасалды.