Шанхайдағы ЭКСПО: қазақстандық кәсіпорындар өз өнімдерін 30 атау бойынша ұсынды
Шанхайдағы 6-шы Қытай халықаралық импорттық көрмесінде (CIIE) Қазақстандық павильон ашылды, онда отандық кәсіпорындар азық-түлік саласы мен АӨК өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды Ruh.kz.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі
«АӨК-тен инновацияға дейін» атты «Бір белдеу – Бір жол» бастамасы аясында қазақстандық стендтің тұсаукесеріне Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев және экспортқа бағдарланған компаниялардың өкілдері қатысты.
«Азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнеркәсібі» секторындағы коммерциялық павильонның стендінде қазақстандық кәсіпорындар өз өнімдерін 30 атау бойынша ұсынды. Олардың ішінде макарон, кондитерлік өнімдер, өсімдік майлары, бал, алкогольді және алкогольсіз сусындар, сүт өнімдері, соның ішінде құрғақ түйе мен бие сүті, тұз, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларына арналған аралас қоспалар бар.
Қытайлық тұтынушыдан ең көп сұранысқа ие тауарлардың тізіміне дәнді дақылдар, май өнімдері, сондай-ақ өнеркәсіптік тауарлар кіреді, мал шаруашылығы өнімдеріне үлкен сұраныс бар. Қазақстандық азық-түлік өнімдерінің танымалдығы өндірістің экологиялық тазалығы және жоғары сапасымен түсіндіріледі.
Қазақстандық өнімнің сапасы жоғары сұраныстың болуы мен халықаралық көрмелерден алған көптеген наградалармен расталады, – деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Биылғы жылы қытайлық ЭКСПО-да Қазақстаннан «Мибеко» ЖШС, «Алматы өнімі» ЖШС, «Восток ЭкоЛайн» ЖШС, «Өскемен май зауыты», DEP ЖШС, «Евразия ИНВЕСТ ЛТД» ЖШС, «Лепсинск Өнімдері» ЖШС, «Тек Tau» ЖШС, «көрік ШҚ» ЖШС компаниялары ұсынады», «Arnna Minerals» ЖШС, «Алель Агро» ЖШС, «Алтын Орда» ЖШС және басқалары қатысуда.
Импорттық ЭКСПО алаңында қатысушы компаниялар экономиканың түрлі салаларындағы жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алады.
Шанхайдағы CIIE көрмесіне қатысушылардың бірі Mareven Food Tian-Shan LLP болды. Кәсіпорын жылына 47 мың тоннадан астам дайын өнім шығарады, оның ішінде тез дайындалатын кеспе, макарон, картоп пюресі, дәмдеуіштер, сусындар мен тағамдар бар.
Компания өкілі Мирас Килыбаевтың айтуынша, жергілікті брендтердің отандық азық-түлік өнімдері Қазақстанда сатылады және Орталық Азия елдеріне экспортқа жіберіледі. Сонымен қатар Қытай нарығы кәсіпорын үшін стратегиялық қызығушылық тудырып отырғанын айтты.
Біз осындай ауқымды шараға қатысқанымызға қуаныштымыз. Бізде Қытаймен сауда қатынастарын табысты дамыту үшін барлық ресурстар бар: қысқа логистикалық тірек, жоғары сапалы өнімдердің лайықты ассортименті және инфрақұрылымға инвестиция салуға дайындық, – деді ол.
«Еуразия Инвест» ЖШС өз өнімдерін көрмеге алтыншы жыл қатарынан қойып келеді. Құрғақ түйе және бие сүтін өндіретін компанияның бас директоры Қайыржан Мейрамбековтың айтуынша, ЭКСПО-ға қатысу арқылы Қытайдан тұрақты серіктестер табылды.
Түйе сүті Saubota және Qazbota брендтері Қытайда сәтті сатылып отыр. Қытайлық тұтынушы өнім сапасына жоғары талаптар қояды. Неміс кептіру технологиясы бізге сүттің барлық пайдалы қасиеттерін сақтауға және өнімнің сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, – деді Қайыржан Мейрамбеков.
Айта кетейік, Қытайдың халықаралық импорт көрмесі 10 қарашаға дейін жалғасады. Биыл оған қатысушы елдердің, өңірлердің және халықаралық ұйымдардың саны рекордтық көрсеткішке жетті – 154 мемлекет.