Жаңалық

Шарана шайқау туралы не білеміз?

Сәби өмірге келмей тұрып орындала бастайтын дәстүрлердің бірі – шарана шайқау. Мақаланы оқу арқылы «шарана шайқау» қандай дәстүр, оны қай кезде шайқайды, «шілде суы» дегеніміз не және ол қандай ауруларға ем болады» деген сияқты бірнеше сауалдарға жауап таба аласыз. Бір қажеттеріңізге жарайды деген үміттеміз. Ежелден бабаларымыздың дағдысына айналған салттарды бірге жаңғыртайық, қадірлі оқырман.

Жаңадан түскен келіншек ауыл-үйді аралап, қайын жұртымен жақыннан танысады. Жасы үлкен апалар мен абысын-ажындар оған күміс теңге, маржан-моншақ, жүзік, сырға, білезік секілді әртүрлі асыл тастар береді. Сыйға берілген асыл бұйымдарды келін сақтап қалуы тиіс.

Жас келінге неліктен әшекейлер тарту еткен? 

Халқымызда ана мен балаға арналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың өзі 40-қа жақын. Кейбіріне олар ерсі көрінуі мүмкін. Алайда қазақ ешбір жөн-жоралғыны, дәстүрді себепсіз қалыптастырып, ғасырдан ғасырға жеткізбеген. Әрбірі өзіндік мәнге ие. Келіншекке түрлі бұйымдар беруінде үлкен даналық бар. Мұндай бұйымдарды «жас келін тезірек бала сүю бақытына ие болып, балақайды шомылдыратын күнге жетсін» деген ниетпен ырымдап, тарту еткен. Келіннің аяғы ауырлап, дүниеге бала әкелгенде оны шаранасынан шайқап, жуады. Су құйылған ыдыстың ішіне жүктілік кезінде берілген әсем бұйымдар салынады.

«Шарана шайқау» дәстүрінің мәні неде? Ол қандай сөзден шыққан?

Осы тұста шілде суына неліктен күміс әшекей бұйымдары салынады деген сұрақ туады. Ата-бабамыз сонау ықылым заманнан бастап алтыннан қарағанда күмісті көбірек қолданған. Себебі: күмістің адам денсаулығына пайдасы мол. Нәрестені жуындырған алғашқы суды «шарана суы» немесе «шілде суы» деп атайды. Бір топ әйел бөбекті бірге шомылдырады. Балдырғанды кейбірі кіндігі түскенге дейін, екінші біреулері кіндігі түспей тұрып-ақ шомылдыруды бастап кетеді. Соңында судағы дүниелерге барлығы таласып, шайқап алады. Яғни басқа келіншекшерге де жұғысты болсын деп ырымдайды. «Шарана шайқау» деген осыдан қалған.

Шілде суының (шарана суы) қандай қасиеттері бар?

Шақалақты шомылдырған алғашқы шарана суы көптеген ауруға: аллергиялық, инфекциялық жаралар мен тері ауруларына дауа. Мәселен, баланың құлағы, қолтығы немесе тамағы ауырып, асты қызарғанда, шілде суымен сүртіп жіберсе, тез қайтады. Қазақ мұны ертеден біліп, судың аузын мықтап жауып, сақтап қоятын болған. Осылайша ертеректе, дәрілік заттарға адамның қолы жете бермейтін уақыттарда шілде суын кәдеге жаратқан.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button