ШІРІК-РАБАТ ҚАЛАШЫҒЫ (б.з.д. ІҮ-ІІ ғғ.)
Сыр өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірі. Қармақшы ауданы, Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 87 шақырым жерде орналасқан.
Шірік-Рабат қалашығы оңтүстік-батысында Парсы елі, терістігінде Ресей мен оңтүстік-шығысында Қытайды жалғастырған Жібек Жолы бойында орналасқан. Қалашық Сыр бойы халқының Хорезм, Парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған. Өйткені, бұл елдердің байланысы кезінде арнасы тасыған Жаңадария арқылы жүріп отырған.
Шірік-Рабат қалашығын алғаш зерттеушілердің бірі С.П. Толстов Шірік-Рабатты ХІІ ғасырдағы «Инша» құжаттар жинағында көрсетілген Хорезм-Жент жолының бойында, Женттен 20 фарсах (120 км) жерде орын тепкен Саг-дере мекенімен байланыстырады. Сонымен қоса, Саг-дере – түркі-иран сөздерінің тіркесі, мағынасы «оң аңғар, оң жақ алап» деген мағына береді.
Қаланың Жаңадария өзенінің оң жағалауында жатқандығы белгілі. С.П.Толстов осындай дәлелдерді келтіре отырып, Шірік-Рабат қаласы ерте ортағасырлық Саг-дере қаласы деп тұжырымдайды. Шірік-Рабат қаласында үлкен қамалдар тұрғызылып, қарауыл мұнаралары болған. Әскери мақсаттағы маңызға ие қаланың бірі. Ол бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді.
Шірік-Рабат қаласын зерттеу 1946 жылғы С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясымен байланысты. 2004 жылдан бері Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Сақ тайпаларының үлкен орталықтарының бірі Шірік-Рабат қаласы ортағасырларда да халық қоныстанған мекендердің бірі болған. Қала орны қазақ халқының байырғы ата-бабалар мекені ретінде қастерленеді.