Мақала Редакция таңдауы

Шорман би. Ізгілікті ізді іздейік

Өткен ғасырдың кеңестік кезеңінде «Ел ардақтысы» атанған билер мен сұлтандардың есімдерін айтуға тиым салып, қайта оларды бай-шонжарлар деп қаралаған, ал хан төрелердің ұрпақтарына қағажу көрсеткен қитұрқы саясат жүрді.

Соның салдары Баянтаудың Ақкелініңдегі Шорман әулеті мен Көкшетаудың Сырымбеттегі Уәлихан ұрпақтарын сергелдеңге салғандығы жасырын емес. Бұл әулеттердің тарихы талай жылдар көзден таса болып, әлі де өз дәрежесіне лайық зерделенуді қажет етеді.

Тәуелсіздік туы желбірей бастағаннан бүгінгі күнге дейін жасалған іс-шаралар мен жарық көрген көптеген материалдардың арқасында жаңа серпінмен осы әулеттердің насихаттала бастағаны, әділдіктің өз орнын таба бастағаны, көкірек көзіміз көзайым бола бастағанына да қуанғанымызды жасырмауымыз керек.

Тектілердің қан араласынан текті тумай қоймайды дегенді дәлелдеуге де тырыстық.

Қазақ халқы жеті санын қастерлі деп есептейді. Жеті атаға толмай қыз алыспау керек деп айтады. «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөздер ежелден қалыптасып, философиялық түсінік ретінде бізді басқа ұлттардан даралап, ерекшелеп тұрады. Ұлтымыздың жеті ата мен жеті ұрпақ тәрбиесі – жеті атасының есімдерін жатқа білумен қатар, сол аталарының ата-мекенін, туған елінің белгілі би-шешендері мен шежірешілерін, ақын-жырауларын, батырларын, ғалымдарын, жалпы салт-дәстүрін ұрпаққа айтып беру ғана емес, болашақ үшін хаттауға тырысады. Мұның негізін әулие Мәшһүр Жүсіп бабамыздың еңбектерінен айқын көріп отырмыз.

Қазақ шежіресіндегі жеті ата атауы әртүрлі түрлемеде беріледі. Осы саланы терең зерттеген мамандар жеті атаны өзіңнен немесе балаңнан бастап жоғары санау дұрыс емес, жеті атаны әкеден бастап жоғары қарай санау керек дейді. Ал, жеті ұрпақ баладан бастап төмен қарай саналады. Мұның бәрі қан тазалығы арқылы ұрпақтың ақылды болуын, жеті ата араламай қыз алысып, қыз берісуді қатаң шектеуге бағыттайды. Бұндай озық көзқарас – ұрпақты аздырмау, өз ұрпақтарының сапалы болуын қамтамасыз ету болып табылады. Мұның дұрыстығын жоғарыда тоқталған кейіпкерлеріміз тағы да бір рет растады деп есептеймін.

Шорман бидің ізгілікті ізі игілікті істерімен тарихта қалғандығын және оның еліне жанашырлығын, азаматтық мінезін, оқу-білімге тарту жұмысын Мұса бастаған балалары, Сәдуақас қостаған немерелері жалғастырды. Осы ой – Би басына қойылған белгітасқа да ойып жазылды.

Шорман мен жары Топайдан қызы Зейнептен (1816 ж.) басқа ұлдары Мұса (1818 ж.), Мұстафа (1820 ж.), Иса (1824 ж.), Әужан (1826 ж.) туған. Бұл төрт ұлдың әрбіреуінің орны бар екенін ақынның сөзімен жалғар болсақ:

Шорманнан туған екен төрт асыл тас,

Дәуірлеп орнап отыр мал менен бас.

Мұстафа, Әужан, Иса, Мұса мырза

Ығыңды паналаған дос пенен қас…

Сөйтсе де мұрагерлерінің ішінде ерекшесі Мұса мырза болғандығы тарихтан белгілі. Бұл туралы көптеген мақалалар ғана емес, әсіресе, соңғы жиырма жылдықта жарық көрген кітаптар куә.

Шорман бидің тұңғыш ұлы Мұса мырза туралы әйгілі Біржан салдың мынадай өлеңі бар:

Ассалаумағалейкум, мырза Мұса,

Жүзіңді бір көруге едім құса.

Қуандық, Сүйіндіктің қазығысың,

Кешегі өтіп кеткен әкеңе ұқса…

Дәл осы Мұса мырзаның өмірі әкесі Шорман биге ұқсап қана қоймай, 66 жыл ғұмырында халқы мен еліне жасаған жақсылығы ұшан-теңіз болды. Бүткіл Баянауыл дуанын Ақкелінде 1853 жылы салына бастаған үй-жайының қонысында өмір сүре отырып басқарды. Бұны төрт асыл тас атанған інілері қостап, Сырымбеттегі Зейнеп әпкесі мен Шыңғыс жездесі де алыстан жанашыр болғандығы сөзсіз.

Зейнептен туған 14 жиендерінің (Шоқан 1835 ж., Жақып 1837 ж., Бәдіғұл 1838 ж., Рақия 1840 ж., Мақы 1845., Махмет 1849 ж., Нүрида 1850 ж., Мұхамедия 1852 ж., Шәрбану 1853 ж., Қозыке 1854 ж., Әпиә ?ж., Бапыш ?ж., Тәжібай ?ж., Қоқыш 1859 ж.) өзі неге тұрарлық. Әрине, ерекше қарым-қатынас жиендерінің үлкені Шоқанмен болғандығы туралы жазбалар жетерлік. Соның бірі академик Әлкей Марғұланның еңбегінде Шоқан Шыңғысұлының нағашысы Мұса Шорманұлына жазған 30 шақты хатын көзімен көргендігі және хаттардың бәрі де «Аяулы мырза ағамызға…» деп басталатындығын жазуы (осы сөздерді негізге ала отырып, Шоқанның атынан Мұса мырза кесенесінің басында жеке жазып қойдық).

Өмірлік тәжірибесі мол Мұса мырза Шоқанның ақылшысы, жол көрсетушілерінің бірі болғаны да анық. Шоқан арқылы Мұса мырза өзі де орыстың прогрессивті көзқараста болған озық ойлы адамдарымен танысты. Сырымбеттегі жездесі Шыңғыстың отбасымен өмір бойы сыйласып әрі сырласқан ерекше жылы қарым-қатынас өмірден өткенше үзілмепті.

Шоқанның қайтыс болғаның естіген Ақкелін елінен Имантай Сәтбайұлы мен Сәдуақас Мұсаұлы бастаған адамдар Жетісудың Алтынемел жотасының етегіндегі Көшен-Тоған шатқалында қоныстап отырған Тезек төренің ауылына барған деген ауыл қарияларының әңгімелерінен құлаққағыс болғанбыз.

Шоқанның ерте қайтыс болғанына қатты қайғырған нағашысы Мұса Шорманұлы көп жылдар бойы Омбы әкімшілігіне хат жолдап, тіпті арнайы барып, ғалымның қабіріне ескерткіш тұрғызу мәселесін көтерген. Осы табандылығының арқасында, Шоқан қайтыс болғаннан 16 жыл өткенде ғана 1881 жылы Жетісу әскери округінің генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскийдің пәрменімен мрамордан белгітас қойылған. Белгітастағы мәтіннің авторы Түркістан әскери округінің басшысы, Шоқанға деген құрметі жоғары генерал фон К.П.Кауфман болатын. (Қазіргі ескерткіш белгі 1958 жылы тұрғызылған, біздер ол жерде 2005 жылы болдық).

«Мұса Шорманұлының қартайған шағында да Шоқанның атын айтқанда екі көзінен жас парлап отыратынын көзі көрген Г.Н.Потанин жазады» – дейді Шота ағамыз. Шоқанның қысқа өмірінде жасаған ғаламат еңбектерін және жеке өмірін насихаттауда құрдас досы, саяхатшы-географ, ғалым-этнограф, жерлесіміз Григорий Потаниннің орны ерекше. Григорий Николаевич Ақкелінде Мұсаның, кейіннен Сәдуақастың шаңырағында, сол сияқты Сырымбетте Шыңғыстың, кейіннен балаларының отбасында бірнеше рет болған. Бұл бір-бірінен айнымас екі ауылдың екі өлкеде болғанына қарамастан талай майталман марқасқалар осы қастерлі топырақтарды табанымен басқандығына кәрі тарих куә.

Шорман би мен күйеу баласы Шыңғыс арқылы басталған құдалық, кейіннен әулеттердің ұрпақтарымен қарама-қарсы құдалыққа ұласқандығы – Ақкелін мен Сырымбетті жақындастырғаны сондай, жоғарыдағы Біржан салдың ізін басып, сонау Сырымбеттен Ақан сері де Ақкелінге келіп, Шорман бидің немересіне «Жігіттің падишасы Әмір Темір…» деп «Майдақоңыр» әнің арнаған. ​Сәдуақас Шорманұлы жан жолдасы, ғаламат зор дауысты әнші Жарылғапберді Жұмабайұлымен Ақкеліннен аттанып, Сырымбеттен алғашқы жары Нүриданы әкелерде Зейнептің тағы бір ұлы Қозыкеден (Сақыпкерей) дүйім елге белгілі «Топайкөк» әнін үйреніп, Баянаулаға Жарылғапберді әкеп жайғанын әрбір қазақ біледі.

Жаяу Мұсаның жас кезінде Сырымбетте Шоқанмен, інісі Жақыппен дос болғанын баянауылдық жазушы Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» романынан білсек, атақты әні «Ақ сисаның» өмірге келуіне Ақкелінде болған тосын оқиғаның себепкері – «Ақкелін» ауылының болысы Шорманның Мұстафасының әнге қосылуы куәгер. Сөз ретіне қарай айта кетейік, атақты әнші Майра Шамсутдинова Ақкелінге Мұсаның немересі Жәржанға күйеуге шығып, келін болып түскен. Орыстың қаншама озық ойлы, белгілі адамдары (К.К.Гутковский, А.К.Гейнс, Н.М.Ядринцев, Г.Н.Потанин және т.б.) Ақкелін мен Сырымбетте, осы екі әулеттің арқасында талай рет болған. Қасиет қонған екі кішкентай ғана ауылдардың арасындағы соқпақ жолдың бастамасын арғы заманда Бұхар бабамыз сырқаттанғанын естіген Абылайхан Бурабайдағы Хан Ордасынан ақ боз аттарымен жеделдете келіп, көңіл сұрағандығы, яғни бұл тұлпарлардың дүбірімен салынған сара жол десек те артық емес шығар.

Ақкелін ауылында (Кеңес үкіметі 1928 жылы Теңдік ауылы деп атап, 90 жылдан кейін 2018 жылы Мұса Шорман есімі берілді) туып өскен біздерді осының бәрі ойлантатын. Ата-бабаларымыз табаны тиген Сырымбетті де барып көрсек деген ойдың сәті 2009 жылы достарымыз, профессорлар Оралғазы мен Гуляның (Сырымбеттің тумасы) арқасында іске асты. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарайтын Сырымбеттегі Хан ордасынан кейін, Айғаным әже, Шыңғыс сұлтан, Зейнеп әжеміздің бастарына зиярат жасауға жұбайым Әтіргүл екеумізді достарымыз апарды. Әрине, Сырымбеттен аздап шалғайлау жатқан Ақан сері, аудан орталығындағы Құлагер ескерткіші, Ағынтай және Қарасай батырлар басында да болып, құран бағыштадық. Сонда байқағаным, батырлардың басынан басқаларынікі өз дәрежесінде емес болып көрінді. Уақыт өте келе 2016 жылы Айғаным әже кесенесі бой көтерді. Ақан сері мазары жаңартылатын уақытта алыс емес шығар.

Ал, екінші дүние жүзі соғысы кезінде Ресейден көшіп келген жетімдер үйінің балалары сыртқы қоршауын өртеп жіберген Шыңғыс төренің зираты (Сырымбеттегі музей директоры Құлбаев Уәлиханның айтуы бойынша) мен Зейнеп әжеміздің басын көтеру мәселесі – маған Шота ағамыз екеуміздің ортамызда болған оқиғаны еске түсіреді: 2005 жылы Талдықорғанның Алтынемел бойындағы Шоқан бейітіне ол кісі бастап бірге барған едік. Сол жерде бейіт басынан бір уыс топырақ алған Шота ағамыз: «Бауырым, Алтынбек, мына бір шөкім топырақты Ақкеліндегі Мұса мырза бейітіне аманат ретінде апарып сал, аруағы риза болсын, мен өзім мына бір уыс топырақты Сырымбеттегі Зейнеп әжеміздің басына апарайын!» – деп еді. Аманатқа қиянат етпей орындаған миссиямыз, кейіннен Мұса Шорман әулетіне арналып салынған кесене мен музейге ұласты.

Бұл туралы жазбалардан басқа, Шота ағамыздың толық шығармашылық мұрасын насихаттайтын, биылғы жылы баспадан жарыққа шыққан «Шот-Аман Уәлихан» атты 7 томдық керемет кітаптарды қызы Баян Уәлиханова аса ыждағаттылықпен дайындап, әке алдындағы парызын, әулет алдындағы міндетін, жалпы Қазақ Еліне керекті дүниені абыроймен орындап шықты. Өткен жылы Кеңсайда Шота ағаның басында дұға бағыштағанымнан кейін, Баян Шотақызы сол жерде тұрып, «Әкеме сөз бердім, 90-жылдық тойға дейін қандай қиындық болса да көптомдығын бастырып шығаруға» – деп еді. Серті орындалғанына қуаныштымын, сол жолда кеңесші болып редакциялық алқада атсалысқанымды өзіме мәртебе санаймын. Жұбайы Зинаида Кәрімқызының қуанғаны өз алдына бір бөлек. Ағамыздың 90-жылдық мерейтойының құрметіне кітаптардың тұсаукесері Алматы және Қызылжар қалаларында жоғары дәрежеде өтті. Ендігі кезек Елордада.

Шота Уәлиханов туған жері Сырымбетке келгенде қарсы алатын туысы, музей директоры Уәлихан Құлбаевтың айтқаны: «Шота ағамыздың Шыңғыс бабасы мен Ақ әжесінің басына қоятын жобаны дайындағанын өз аузынан естігем» – дейді. Марқұм Шота ағаның бұл да бір соңғы аманаты ма екен?! Алла сәтін салса, ол да орындалар. Сырымбетте туған Шыңғыс пен Ақкеліннің тумасы Зейнептің тұңғышы Шоқанның рухы осыны сұрап тұрғандай.

1865 жылдың 23-ші сәуірінде (ескіше 10-ы) қайтыс болған Шоқан туралы «Жиырма тоғыз жарым ғана жас жасаса да, кемеңгер азаматқа айналған ұлы болған, біздің халық қандай бақытты десеңізші» – депті тағы да Шота ағамыз. Алматының орталығында Қазақ Ғылым Академиясының ғимаратын салған Қазақтың Қанышы Ақкелін ауылында туса, Айғаным әжесінің бауырында Сырымбетте өскен Шоқанның еңселі ескерткіші қарама қарсы қатарласып ойға батып тұрғаны – мен үшін Ақкелін мен Сырымбеттің сиқырлы сырын айғақтап тұрғандай!

Осы екі киелі топырақтың әйгілі тарихи тұлғаларының тізіміне тоқталсақ, бастапқысына тікелей қатысы бар Бұхар жырау бабамыздан бастап, Шорман би, Мұса Шорманұлы, Зейнеп Шорманқызы, Сәдуақас Шорманов, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев, Кемел Ақышев деп, ал екіншісіне Айғаным Сарғалдақтегі, Шыңғыс Уәлиханов, Шоқан Уәлиханов, Мақы Уәлиханов, Сақыпкерей Уәлиханов, Кәкімбек Салықов, Шота Уәлиханов, Қожахмет Балахметов деп кете береді. Бұл текті тұлғаларды биікке көтерген қайнар көз – ол БІЛІМ. «Білекті бірді жығар, Білімді мыңды жығар» дегеннің дәлелі дәл осындай тарихи тұлғалар.

Қазақтың кең даласында қаймағы бұзылмаған, тарихы терең, берері мол осындай ауылдар заманның күрделігіне қарамай (урбанизация мәселесі де бар) әлі де аз емес, жетерлік. Тек соны зерттеп, насихаттап жазып, көрсете білуді бүгінгі күн талап етеді. Мұндай құт пен бақ қонған ауылдарда туған тұлғалардың зердесі туралы, жалпы білім туралы, 125-жылдығы аталып өткен кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов: «Білім – бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы» депті. Темірқазығы мықты бақ – біліктігі мықты азаматтармен толыға беретіні хақ!

​Академик Қаныш Сәтбаевтың «Ел тарихын есіңнен шығарма» деген сөздері бүгінгі біздерге айтылған сияқты әрі осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуде өткен тарихқа шолу жасау – туған жерге деген сүйіспеншілігіңді арттыра түседі. Көңілге түйер тағы бір ой – ол жеті атаңды тани отырып, өзіңнің руыңды білу, алайда рушылдыққа бой ұрмау. Мен өз жеке басым бұған түбегейлі түрде қарсымын. Себебі, оның ұлтты ұйыстыру жолында «ұйқыңды қашыруы» көбірек.

​ ТҰЛҒАТАНУ идеясы ойымның негізгі өзегі болғандықтан, ЕЛДІК сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен патриотизмді нығарлау, біртұтас ұлт болу мұратына жетелеу болып табылады. Бұл әрбір Отаның сүйетін азаматтың ары мен міндеті. Әсіресе, келешегіміз − оқушылар мен студент жастар үшін маңызды. Бүгінгі жастар арасында жақсы білім алған, бірнеше тіл білетін, халқының тарихы әрі дәстүрімен қатар заманауи өмір салтын ұстанатын жаңа қазақтар буыны аз емес. Болашақ ұрпақты ел тізгінін ұстаған ақылман абыздарымыз, білгір билеріміз бен данагөй жырауларымыз, батыр бабаларымыз, ғұлама ғалымдарымыз туралы туындыларды көрсете отырып, тәрбиелесек деген ниет.​

Халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген тәмсіл бар. Жасампаз ұрпақ тәрбиелеу – халқымыздың келешегіне қызмет ету деген сөз. Ұлттық құндылықтарымызды қазіргі таңның жетістіктерімен үйлестіріп, ТҰЛҒАТАНУ жолында ата-бабаларымыздан қалған мұраларды жастардың санасына сіңіре беруіміз керек.

Түйіндей айтсақ, Шорман би және оның ата-бабасы мен ұрпақтары, жалпы осы мақалаларда есімі аталған Ұлы адамдардың салған сара жолдарының ізгілікті ізі де осында жатса керек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button