Шұбаттың қандай пайдасы бар?
Түйе сүтінің сиыр сүтінен айырмасы, құрамындағы өзгешеліктері, ішек-қарын, асқазан жүйесінде сырқаты бар адамдардың шұбатты ішуге болатын-болмайтыны, шұбатпен емдеу орындарының бар-жоқтығы жайлы жұрттың білгісі келетіні анық. Соларға орай кейбір ойларымызды ортаға салсақ дейміз.
Жер шарындағы құрлықтың төрттен біріне жуығы шөл екені белгілі. Шөл даланы игеруде түйе шаруашылығынын да маңызы бар. Соңғы отыз бес жыл ішінде дүние жүзінде түйе саны екі есе көбейіп, 15 миллионға жуықтауы да кездейсоқ жағдай болмаса керек.
Түйенің сүттілігі ерекше. Қазақтың қос өркеш інгені орта есеппен сауын маусымында 1000-1200 литр сүт берсе, түрікмен аруанасы орта есеппен 2000-2500 литрге дейін сүт береді. Қазақтың технологиялық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында түйе өсіру тәсілі зерттеліп, онын өнімділігін арттыру жолдары қарастырылуда. Түйе сүтінің емдік ерекшеліктері де жан-жақты зерттелуде.
Түйені сиыр, қой сияқты күнделікті сауынға пайдаланып отырған жерлер де аз емес. Түйе сүтінің қоректілігі, оның шипалық және емдік қасиеті Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтарға ежелден мәлім. Дәрігерлердің бақылауы бойынша, Қазақстан, Түркменстан және Қырғызстанның кейбір жекелеген аудандарының тұрғындары үнемі шұбат ішкендіктен, туберкулез ауруына сирек шалдығатыны байқалады. Қазақтың халық медицинасы түйе сүті мен шұбатын әр түрлі созылмалы ауруға, әсіресе, туберкулезге қарсы адамды әлдендіретін тағам ретінде пайдаланған.
Шұбатты дұрыс пайдаланса, ол өкпе ауруына қарсы қолданылатын осы заманғы дәрі-дәрмектің әсерін күшейтеді. Өзінің кұрамдык ерекшелігіне сай қасиеті мен қуаты жағынан шұбат сиыр сүті мен қымыздан да асып түседі. Шұбаттың шипалық ерекшелігі оның құрамында басқа сүт өнімдері құрамында болмайтын микроэлементтерге байланысты. Мәселен, шұбаттың құрамында процент есебінен алғанда мыс — 0,1, мырыш — 0,3, күміс — 0,02, темір — 2,52 (сиыр сүтінде 0,15), кремний — 0,3, магний — 84,0 (сиыр сүтінде — 14,0), кальций — 115,0 (сиыр сүтінде — 98) бар. Шұбатта сондай-ақ, 4,93 пайыз белок (сиыр сүтінде — 2,8), 3,2 пайыз углевод, 5-тен 8 процентке дейін май (сиыр сүтінде — 2,4-3) болады. Шұбаттың қуаты 108,8 килокалория (сиыр сүтінде — 62,0). Шұбатта тіршілікке қажетті барлық амин қышқылдары бар, ал оның құрамындағы сүт қышқылы мен спирт ішек-қарын кызметін жақсартып, тыныс алу процесін кеңейтеді, фосфат пен кальций тұздары денедегі әртүрлі жара, жарақаттың жазылуын тездетеді.
Қазақстанда тұңғыш рет 1965 жылы шұбатпен емдейтін «Тұщыбек» санаторийі ашылды. Ол Маңғышлак облысы, Маңғыстау ауданының Шетпе поселкесінен 18 километр қашықта. Мұнда емделуге тек Қазақстанның аудандарынан емес, тіпті, Түркменстаннан, Қаракалпақ АССР-інен және РСФСР-ден адамдар келеді. Бұл жылдардың ішінде санаторийде 4 мыңнан астам адам емделді. Бұл турасында Ғабиден Құрмановтың «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарық көрген мақаласы да бар еді.
Тамақтану институтының Алматыдағы қазақ филиалында тұңғыш рет қарын және ішек ауруларымен ауырған адамдарды емдеуде шұбат пен түйе сүті қолданыла бастады. Түйенін еті де жұғымды. Еттілігі жағынан ол ірі қарадан артық болмаса кем түспейді. Әдетте, 3,5-4 жасар түйе 500-600 килограмм салмақ тартады.
Қазақстанда жыл сайын 7-10 мың тоннаға дейін түйе еті, 700-800 тонна түйе жүні және 4,5 мың тоннаға дейін шұбат өндіріледі. Оныншы бесжылдықта республикада түйені 131 мыңға, онын ішінде совхоздар мен колхоздарда өсірілетін түйе санын 73 мыңға жеткізу белгіленіп отыр.
Түйе түлігін өсіруді онан әрі жетілдіруде кезек күттірмейтін бірқатар мәселелер туындап отыр. Ол үшін алдымен мұны мал шаруашылығының бір жеке саласы ретінде қарап, жоғары класты түйе өсіріп, сату үшін 2-3 түйе заводын ұйымдастыру қарастырылуда. Оныншы бесжылдықта республикадағы барлық түйені 42 совхозға жинақтап, 20 түйе өсіретін комплекстер салудың жоспарлануы қуанарлық жай. Түйе өсіретін шаруашылықтарда сүтті, етті әрі жүнді түйе өсіруге бейімдеу де қолға алынды.
Халық шаруашылық жоспарларында түйеқора, осы заманғы құрал-жабдықпен жабдықталған қырқым пункттерін, сауын қондырғылары мен сүт жабдықтары бар сауын алаңдарын салу үшін қаржы бөлінсе, бұл түліктің көбеюіне игі әсері болары сөзсіз. Шаруашылықтың бұл саласын ғылыми тұрғыдан кеңінен зерттеп, дамытуда әлі де шешімін таппаған жайлар көп. Әсіресе, түйенің өніп, өсу биологиясын, қолдан ұрықтандыру әдісін зерттеу, түйеден алынатын өнімдерді өндірудің осы заманғы технологиясын жасау алдағы күннің міндеттері.
Түйе өсіру — көп салалы мал шаруашылығының бір саласы.
Сондықтан түйе өсіруді дамыту— Қазақстандағы бүкіл ауыл шаруашылық өндірісінің тиімділігін көтерудің ең маңызды әрі басты шартының бірі болып табылады.