Мақала

Шымкент сапары және Жүсіпбек Аймауытұлы - 1

1-бөлім

​Баянауылдық Жүсіпбектің Шымкенттегі өмір жылдарын ұлықтауға қалай келдік?
 
Қазақ Елінің мақтан көрер перзенті, "Бес арысының бірі", Ұлы жазушы, ғалым-педагог, ағартушы, драматург, аудармашы, сыншы, Абайтанушы - сан алуан таланттың иесі, біртуар сұңғыла, Алаштың асыл жауһары, ұлт қайраткері - Жүсіпбек Аймауытұлының келесі жылы аталып өтер 135-жылдық мерейтойының алдында Шымкент кезеңіндегі өмірінің өшпес жылдарын (1926-1929 жж.) жаңғырту мақсатымен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде 27-ші қазан күні өткен «Жүсіпбек Аймауытұлының рухани мұрасы: мәдениет және көркемдік құндылықтар» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы көптен бері ойда жүрген іс-шараның жемісті нәтижесі болды.
 
​Көптен бері деп отырғаным, бұдан екі жыл бұрын Семей қаласындағы тарихы терең педагогикалық техникумның алғашқы директоры болып қызмет атқарған Алаш қайраткері, ұлт ұстаздарының бірі - Әбікей Сәтбаевқа Семей педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаеваның басқаруымен бас корпусының қасбетіне тағзымтақтасын (мемориалды тақта) ашқан болатынбыз. Әбікей Сәтбаев Павлодар қаласындағы орыс-қазақ педагогикалық училищесінің директоры болып тұрғанында Жүсіпбек Аймауытұлы мен Қаныш Сәтбаевты (1911-1913 жж.) оқытып қана қоймай, оларды бірге Семейге де аттандырған. Сәл кейінірек өзі де Семейге қоныс аударып, екі оқушысына әрі қарай да қамқорлығын көрсеткен. Бұл екі талантқа Семейде тағы екі талант, алдымен Мұхтар Әуезов, одан соң Әлкей Марғұлан қосылып, барлығы Әбікей Сәтбаевтың (Семейдегі педагогикалық техникумның да алғашқы директоры осы кісі болған) сүйікті шәкірттері болған.
 

 

Шымкент сапары және Жүсіпбек Аймауытұлы - 1

 
Осы 2021 жылғы 7-ші шілде күні өткен Әбікей Сәтбаевтың 140-жылдығына арналған тарихи шарада шәкірті Жүсіпбек Аймауытұлының Шымкент шаһарында осындай педагогикалық техникумның басшысы қызметін атқарғандығы ғана емес, мол шығармашылық мұрасының таңдаулыларын да шырайлы Шымқалада жазғандығымен тереңірек танысқандықтан, аса көрнекті қаламгердің тағзымтақтасын ашсақ деген алғашқы ой басымызға келген болатын. Мұны менен сол Семейлік сапарда бірге болған, Сенатта әріптесім болып, құрметті елағасы атанып отырған генерал-майор Нұржан Нұрсипатов ағамыз сұрағандықтан, Шымкенттегі сапарда ол кісіге осылай деп жауабымды айтқан болатынмын.
 
​Арада біраз уақыт өткенімен, бұл ойға қайта оралуымыз биылғы жылдың көктемінде басталса (алдымен қолдаған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан техникалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Дария Қожамжароваға алғысым шексіз), ал негізгі дүмпуге 17-ші маусым күні Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының мына сөздері әсер еткен еді: "...Бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып жатыр. Жақында сол құжаттардың ішінен "авторы Жүсіпбек Аймауытұлы" деп көрсетілген шығарма табылды. Мұны екі дерек көзі растап отыр" - деді. Әрине, бұл тарихи жиыннан кейін қол қусырып отыра алмай, білекті сыбанып кірісуге бел байладық.
 
​Тамыз айының 16-сы күні Шымкентте ОҚПУ-дың ректоры, құрметті Гүлжан Сүгірбаева мен проректоры Баршагүл Исабекпен осы университеттің ректорының кеңесшісі, белгілі жазушы, сыншы-ғалым Құлбек Ергөбек (көп жылдан бері алаштың Жүсіпбегінің де шығармашылығын терең зерттеуші) ағамыз біздерді жақынырақ таныстырып, Жүсіпбек Аймауытұлына арналатын іс-шаралардың алғашқы талқылауын өткіздік және күз айында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізетін болып келістік.
Жүсекеңе арналған тағзымтақта (мемориалды тақта) мен кеудемүсінді (бюст-ескерткіш) мойнымызға аламыз деп айтқанымда, ОҚПУ басшысы Гүлжан Дәулетбекқызы биыл университет құрамында ашылған Колледжге Жүсіпбек Аймауытұлының есімін беруге ниеттеніп отырмыз деп мені де қатты қуантты.
 

Шымкент сапары және Жүсіпбек Аймауытұлы - 1

Сол күні Оңтүстік Қазақстан телеарнасына жазушы, профессор Құлбек Ергөбек екеуміз "Елім-ай" хабарына қатысып, оны толықтай Жүсіпбек Аймауытұлына арнадық (видеотүсірілімі төменде). Қырық минуттай Құлекеңмен бірге көсіліппіз. Бұл хабарда Жүсекең туралы ауыз толтырарлықтай әңгіме айтылған сияқты. Алдағы болатын конференция жайында және сол күні университет басшылығымен өткен кездесудегі мәселелерді де көтеріппіз.
 
​Университет басшыларымен кездесудің жалғасы қазан айының 6-сы күні Сенат қабырғасында болып, қосымша пысықталды. Әрине, кез-келген конференцияның деңгейі оған ат сабылтып арнайы келген танымал тұлғалардың қатысуымен әрі мазмұнды баяндама жасауымен көтеріліп әрі көрсетіліп жатады. Сондықтан қадірменді қонақтар ретінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевты, Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, Жүсіпбектанушы, филология ғылымдарының кандидаты Нұржан Қуантайұлын, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры, руханият жанашыры, профессор Мұхтар Төлегенді, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің кафедра меңгерушісі, Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының шөбересі, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгерді, Алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Cағымбай Жұмағұловты, М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің директоры, руханият ұясын қастерлеп отырған филология ғылымдарының кандидаты, II-ші дәрежелі Барыс орденінің иегері Шағангүл Жанаеваны, С. Торайғыров атындағы Павлодар университетінің профессоры, Жүсіпбектанушы, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнулинаны, ақын, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Жүсіпбек Аймауытұлының аталас туысы, республикалық "Ақбеттау" журналының бас редакторы Сайлау Байбосынды, "Сенімен Болашақ" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұркен Асановты, осы бірлестік басшысының кеңесшісі, генерал-майор Нұржан Нұрсипатовты, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқалиды, Мәшһүр Жүсіп әулиенің шөбересі Абай Шарапиевті, Жүсіпбектің туған інісі Жақыпбектің немересі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ысқақовты отбасымен келіп қатысуын сұрадық.
 
Әрине, Шымкент қаласынан белгілі қоғам қайраткері, елімізге кеңінен танымал ақын Ханбибі Есенқарақызы, Университет директорлар кеңесінің басшысы, белгілі ғалым, қоғам қайраткері, академик Оразалы Сәбден, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан техникалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Дария Қожамжарова, жазушы, сыншы-ғалым Құлбек Ергөбек, филология ғылымдарының кандидаты, Жүсіпбектанушы Айткүл Досыбаева, көрші Өзбекстан және Қырғызстан ғалымдары қатысатынын университет басшылары айтты. Министрлік пен Әкімдіктің басшылары немесе өкілдері болатыны туралы да айтылды.
 
Шымкент қаласына келетін қадірлі қонақтармен жеке-жеке телефон байланысында болып, шақыртуымызды қабыл алған ғалымдар мен өнер қайраткерлеріне ризашылығымызды білдіріп, күтетінімізді айттым. Бірқатар Алаштанушылар, оның ішінде "Қазақ газеттері" ұйымының басшысы, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы (Жүсіпбек Аймауытұлының 6 томдығын дайындаушылардың бірі әрі насихатшысы) мен филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова (Жүсіпбек Аймауытұлының көркем және ғылыми дискурсын зерттеп, танытып насихаттаушы ғалым) белгілі себептермен жол түспейтінін өкінішпен айтты.
 
​Жүсіпбек Аймауытұлын ұлықтау іс-шараларының негізгілері болып, Ұлы жазушыға тағзымтақтаны (мемориалды тақта) Университет қабырғасында ашу және оқу ғимаратының фоэсіне жазушының кеудемүсінін (бюсті) қою болатын. Осы жоспарды орындау жолында арнайы түрде Қарағанды қаласында гранит таста Жүсіпбектің суретін салып, ғалымдармен ақылдаса отырып, мынадай мәтінді жазуға тоқталдық: Қазақтың ұлы жазушысы, ұлт қайраткері, ағартушы-педагог, Алаштың ардақты перзенті ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТҰЛЫ 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының ұстазы әрі басшысы болды. «Ақбілек», «Қартқожа» сынды классикалық туындылардың, «Психология», «Тәрбиеге жетекші» атты құнды еңбектердің авторы.
Фотосуретінің астына 08.03.1889 (Баянауыл) – 21.04.1931 (Мәскеу) деген жазулар жазылды. Менің өтінішім бойынша жасап шыққан өз ісінің шебері Жомарт Оразбековке ризашылығымды білдірем.
 
Ал, бюст-ескерткіші де Жүсіпбектің туысы Бауыржанның өтінішімен басталып, Қарағанды қаласында жасалды. Авторы белгілі мүсінші Дүйсен Ержановқа алғысымызды тағы да білдіреміз. Бұл тағзымтақта мен бюст-ескерткіштің бұзылмай, сынбай Шымкент қаласына жетуі үшін арнайы түрде жабдықтаған, руханият жанашыры, көптеген жобалардың авторы, менің өтінішімді жерде қалдырмай, аянбай атсалысқан бауырым Амантай Акишевке ерекше ризашылығымды білдіремін.
 
​Осы іс-шараның өтуіне Университет ректоры Гүлжан Дәулетбекқызы бастаған ұжымның аса ыждағаттылықпен дайындалуы және келетін қонақтардың Жүсіпбектей Алаштың асылына деген құрметі бізді шабыттандырғаны сөзсіз. ""Қуат" пен "ниет" серіктесіп бірге жүреді. Бірі болмады-ақ, талап босқа кетеді" - деген Жүсіпбектің асыл сөздерінің растығын осы іс-шарада сыналғанын байқадық. Әйтеуір, ниетіміздің дұрыстығынан, қуаттың серіктес болғандығынан талабымыз босқа кетпеді. Сөйтіп, 27-ші қазан күні даңқты да аса көрнекті қаламгер, ғалым-педагог, ұлт қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлын Шымкент шаһарының Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде, оның басшыларының ұйымдастыруының арқасында зор құрметпен ұлықтауға дайын болдық.
 
 Алтынбек Нұхұлы
ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button