
Фото: ашық дереккөзден
Қазақ Елінің тәуелсіздігі жолында шыбын жанын пида етіп, бүгінгі ұрпақ - біздердің болашағымыздың жарқын болуына аянбай, ересен еңбек еткен Жүсіпбек рухының жаңғыруы заңды әрі руханият жоқшысы Өзбекәлі Жәнібековтың есімін жуырда ғана алған жоғары оқу орны үшін де мәртебелі іс болды.
"Біз қазақтардың тарихи Отаны болғандықтан Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін биік деңгейге көтеруге атсалысқан, мақтаныш көрер тұлғаларымызды дәріптеу жолында қызмет атқаруымыз керек!" - деген мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің асыл сөздері осындай іс-шараға бағыт-бағдар беріп тұр еді.
Сондықтан, сағат 9.00-де басталған іс-шаралар тізбегінде келген қонақтар ретінде Университет тынысымен танысып, әртүрлі салада жеткен жетістіктерді маман қызметкерлер біздерге көрсете білді. Оқу орнының алдындағы "Ұстазға тағзым" ескерткішіне қадірлі апайымыз, ақын Ханбибі Есенқарақызымен бірге гүл шоқтарын қою рәсімін жасап, жиналған қауыммен өткіздік.
Бұдан кейін Жүсіпбек Аймауытұлына оқу орнының бас ғимаратының қасбетінде тағзымтақтаны ашу рәсімінің лентасын қию Университет басшысымен бірге қоғам қайраткері, академик Оразалы Сәбден екеумізге бұйырды. Ашылу салтанатында университет ұжымына ризашылығымызды білдіре отырып, Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлының сөздерін еске алдым. Жүсіпбек Аймауытұлы 21 жасқа келген жылы Бауыржан Момышұлы өмірге келіпті. Баукең 21-ге келгенде Жүсекең жарық дүниеден озыпты. Жүсекеңнен оқу-білім, тәрбие көрген Баукең былай деп еске алады:
"Менің ұстаздарымның бірі - Жүсекең. Өмірден өз орнымды табуыма көмектесіп, дұрыс бағыт сілтеген ол кісіге мен мәңгі қарыздармын" - дейді.
Жүсіпбектің соңында қалдырып кеткен көптеген нақыл сөздерінің бірі: "Ұстаз - ұстаз емес, өз шәкірті үшін күймесе, шәкірт шәкірт емес, өз ұстазын сүймесе" деп айтылғаны, осындай мақтан көрер шәкірттері үшін айтылған да шығар.
Сол жылдары Бауыржан Момышұлы мен Әбділдә Тәжібаевтың бірге түскен фотосы бар. Кейіннен ақын Әбділдә Тәжібаев естелігінде былай деп еске алады:
«1926-28 жылдары Шымкент қаласындағы педагогикалық техникумда оқытушы болып жүргенде мен оны өзім көрдім... Ол жас қауым үшін өте сүйкімді жан болды».
Қазақтың "Бес арысының" бірі Жүсіпбек Аймауытұлы Оңтүстік өлкеге ыстық екені белгілі. Өмірінің соңғы 1926-1929 жылдары Шымкенттегі педагогикалық техникумда ұстаздық қызмет атқарып, басшы болып басқарып, оқу-ағарту жұмысы мен шәкірттер дайындауда аса елеулі үлес қосқанына кәрі тарих куә. Шәкірттеріне сабақ беру кезі ғана емес, оларды қиыр шеттегі Қырымға қыдыртып апарғаны туралы фотосуреттер соның айғағы.
Қазақ әдебиетінде ойып орын алатын алғашқы көлемді классикалық романдарымен "Қартқожа", "Ақбілек" және "Күнікейдің жазығы" және т.б. көптеген туындылары әлі күнге таңдай қақтыратыны бәрімізге аян. Оның үстіне, басты туындыларын Шымкент жерінде жазғаны да белгілі. "Психология" оқулығы мен педагогикалық әдістемелік талдау еңбектерінің авторы Жүсіпбек Аймауытұлының Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің қабырғасында мемориалды тақтасы орнатылып, ол мыңдаған студенттердің - болашақ педагогтардың көзіне көрік, рухына тірек болатынына сенеміз.
Жүсіпбектей қазақ руханияты жанашырының есімі бүгінгі жасампаз жастар мен болашақ ұрпақтың елін сүйер патриот болуда жігеріне қайрат пен қуат береріне де сенімдіміз.
Шымкент педагогикалық техникумында ұстаз әрі басшы болған Жүсіпбек Аймауытұлының Оңтүстік өңірдегі басты педагогикалық оқу орнының бас ғимаратының қасбетінде жарқырауы - бұл тарихи тұлғаға деген зор құрмет ғана емес, білім мен ғылымға, әдебиет пен мәдениетке, руханиятқа сіңірген орасан зор еңбегі, теңдессіз мол мұрасының алдындағы парызды орындау болып табылады.
Маңызды іс-шаралардың жалғасы университеттің бас ғимаратының ішінде екінші қабатта Жүсіпбек Аймауытұлының бюст-ескерткішінің ашылу рәсімі болды. Ректор Гүлжан Дәулетбекқызының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен кейін, рәсімнің лентасын қадірлі қонақтар Кенжехан Матыжанов, Бауыржан Ысқақов, Ханбибі Есенқарақызы, Сайлау Байбосын кесті. Осы кісілермен бірге құттықтау сөздер арнаған Нұржан Қуантайұлы, Құлбек Ергөбек, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиеваның видеотүсірілімдерінен үзінділерді төменде беріп отырмын.
Жүсекеңнің кеудемүсіндік ескерткіші студент жастарды күн сайын құшағын жая қарсы алып тұратындығына көңіліміз шаттанғандығын ешкімнен жасыра алмадық.
Осы шаралардан кейін сағат 10.30-да Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның негізгі жұмысы басталды. Өзінің видеоарнауында ҚР Ғылым және жоғары білім Министрі Саясат Нұрбек:
"...Алаш ардақтылары туралы сөз еткенде, Жүсіпбек Аймауытұлының сан салалы, жан-жақты еңбегі жөнінде сөз қозғамай өту мүмкін емес. Арда азамат қазақтың ғылымы мен өнерінің, мәдениеті мен әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосты..." - деді құттықтау сөзінде.
Конференцияның модераторы, оқу орнының басшысы Гүлжан Дәулетбекқызы арнау сөзінің соңында ресми түрде биыл университет құрамында ашылған Педагогикалық колледжге Жүсіпбек Аймауытұлының есімін беруге шешім қабылданғандығын айтып баршамызды қуантты.
Одан кейін ән шашудың реті келіп, алдымен Жүсекең туралы салиқалы ойларын айтқан, Жүсекеңдікі деп жүрген әндерді әуелеткен белгілі әнші Ерлан Рысқалиға арнайы рахметімді білдірем, себебі қауырт графиктегі концерттеріне қарамай, Жүсекеңнің сүйіп айтқан әндерін халық алдында орындау мен үшін де мәртебе дегенінің өзі не тұрады.
Бұдан кейін бірнеше (Нұркен Асанов, Әбдімәжит Сыздықбеков, Алтынбек Нухұлы, Бекет Алиғожин - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары) құттықтау сөздер айтылып, өз ойымызды білдірдік.
Конференцияға қатысушыларға жасалған игілікті істің бірі ретінде "Сенімен Болашақ" қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асановтың демеушілігімен Жүсіпбек Аймауытұлының қазіргі оқырманға лайықтап жаңа нұсқада қайта басылып шыққан «Психология» және «Тәрбиеге жетекші» атты оқулықтары таратылды.
Негізгі баяндамаларды белгілі ғалымдар, Алаштанушы, Жүсіпбектанушылар Кенжехан Матыжанов, Жамбыл Артықбаев, Нұржан Қуантайұлы, Шағангүл Жанаева, Сағымбай Жұмағұл, Айман Зейнулина, Қайырбек Кемеңгер, Айткүл Досыбаева жасады. Тұщымды әрі өте мазмұнды, тың мәліметтерге толы баяндамаларды Жүсіпбектанушылардың аузынан естуіміз - осы бағытты терең зерттеп жүрген ғалымдардың баршамызға Жүсекеңдей заңғар тарихи тұлғаны жаңа қырынан көрсеткендері үшін тағы да алғысымызды білдіреміз. Үш сағаттан аса болған конференция түскі 14.00-де өз мәресіне жетті.
«Аса көрнекті қаламгер, ағартушы, педагог, журналист Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдығына орай өтетін «Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының рухани мұрасы: ұлттық идея, мәдениет және көркемдік құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының ғылыми мақалалар жинағы» деп аталатын материалдар топтамасы Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде басылып шықты. Ойға алған іс-шараларымыз толығынан жоғары деңгейде орындалып шыққанына шын көңілден риза болдық.
Келген қонақтар да шырайлы Шымкент еліне, университет басшысы мен ұжымына рахметтерін айтып, ризашылықтарын білдірді. Белгілі бір себептермен, "әттеген-ай" айтқызған баспасөз орындарына сұхбат бере алмадық. Алайда, әрбір қатысқан, "мүйізі қарағайдай" қадірлі қонақтар мен ұжым қызметкерлері өздерінің алған айрықша әсерлерін әлеуметтік желіде жазып жатты.
Соның бірі Жүсекең тақырыбынан кандидаттық диссертация қорғаған ғалым Айткүл Досыбаеваның жазбасынан үзінді келтіруді жөн көрдім: "...Жүсіпбек Аймауытұлы – халықтың бағына бір-ақ рет бітетін, елі үшін жаралған ерен тұлға. Әрбір ұлттың генофондының негізгі құнары – тұлғалар. Ұлттың ақыл-ойын, парасатын құрайтындар да осындай тұғыры биік тұлғалар. Олар – замананың желінен ықпайтын, шындықтан қашып бұқпайтын, сабыры үгілмейтін, ұсақ-түйекке үңілмейтін, шара басы шарға түссе де түңілмейтін, сыр-сандығы - көкірегiн пендешіліктен таза ұстайтын, өнерді өрістетіп, ғылымды өрге сүйрейтін ерекше талант иелері... - дей келе, қаланың ең көрікті деген жеріне «Ақбілектей» Арудың мүсіні қойылатындығы туралы жазушы-ғалым ағамыз Құлбек Ергөбектің ұсынысы барша жұртты қуантты деп жазыпты.
Жүсіпбек Аймауытұлы атамыздың мұрасын салиқалы оймен сипаттап, келістіріп жазған жазбаға Семей қаласынан ойын білдірген, қадірлі апайымыз Бағила Сайлаубаева былай деп түйінін айтады: "Аймауытұлы шығармашылығы бүкіл болмысын баураған! Жүрегінен шыққан сөздері жүрегімізге жетті! Танысаң, осылай таны, танытсаң осылай таныт!".
Алтынбек НУХҰЛЫ
ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Баянауыл ауданының құрметті азаматы