Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Шымкент сапары және Жүсіпбек Аймауытұлы - 3

3-бөлім

 Жүсекеңнің жазушылығы мен ақындығы
 
​Жүсекең туралы ойымызды қорыту мен ұсыныстарды жазбас бұрын, Жүсіпбек Аймауытұлы кім? - деген сұраққа тағы бір оралайық. Жүсіпбек Аймауытұлы қысқа ғана ғұмырында (42 жас) ұстаздықтан Ұлы жазушылыққа дейін көтерілген дара әрі біртуар тұлға. Шымкент конференциясындағы баяндамаларға сүйенсек, архив материалдарының біріндегі құжатта өз қолымен жеке парағында негізгі мамандығым – мұғалімдік дей отыра, қай салада өзіңізді қолдануды орынды деп санайсыз деген сұраққа педагогикалық және әдеби – деп жауап берген екен. Ендеше, мақаламыздың басында жазылғандай сан алуан талант иесінің сан қырлы бедерлеріне және осы салалардың көбінде мұзжарғыш кемедей тұңғыш болып, жеткен жетістіктері мен қалдырған мол мұрасына аздаған шолу жасап өтейік.
​I. ЖАЗУШЫЛЫҒЫ.
а). «Әдебиет – ұлттың жаны» - деп айтқан жазушы Жүсіпбектің шығармашылығының биік шыңы - кесек туындылары, еуропалық үлгідегі алғашқы романдар «Қартқожа», «Ақбілектен» басқа, эпикалық прозасы «Күнікейдің жазығы» атты повесі болып табылады. Қазақ Елінің классикалық тұңғыш психологиялық романының авторы, психолог-жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы болып саналады. Шығыс Қазақстанда дүниеге келген қазақ қызы Ақбілектің қайшылыққа толы өмірін Шымкент қаласында Жүсекең керемет роман жазып «Ақбілекті» тудырды. Романның толық қолжазба нұсқасының аласапыран жылдарда аман қалуы - жазушы Ілияс Жансүгіровтың тартпасында сақталғандығы туралы «Жүсіпбек шығармалар жинағының» екінші томында жазылады. Осы қолжазбаны Қазақстан Орталық архивіне тапсырған мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Мұрат Әуезовтің анасы Фатима Ғабитова болыпты.
​Бұл романға Социалистік Еңбек Ері атанған, атақты жазушы Ғабит Мүсірепов кезінде тамаша бағаны ұтымды сөзбен: «чудесный нәрсе» - деп беріпті. «Ақбілек» романы Жүсіпбек Аймауытұлы ақталғаннан соң, 90-шы жылдарға дейін бірнеше рет (50 мың данаға дейін) басылып шыққан. Романдағы текстологиялық ауытқуларды («Жұлдыз» журналында жарияланған варианты мен түпнұсқадағы мәтін) қалпына келтіруге академик Серік Қирабаев бастаған редакция алқасының (Зәки Ахметов, Дихан Қамзабекұлы, Бақытжан Қанапиянов, Сейіт Қасқабасов), М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қызметкерлерінің еңбегі өте зор.
 
б). Он үш жасында алғашқы өлеңің жазған бала Жүсіпбектің кейіннен балаларға арнап «Нұр күйі» («Күйлі сөз» поэмасы) атты хикаясы шықты. «Көк өгіз», «Үш қыз», «Жаман тымақ», «Шал мен кемпір» атты ертегілері, сонымен қатар жаңылтпаштары мен жұмбақтары өмірге келген. Жүсіпбек тақырыбынан кандидаттық диссертация қорғаған, жүсіпбектанушы, жазушы Нұржан Қуантайұлы: ...«Балалармен әңгіме», «Жаңа талап» атты шығармалар - балаларға арналған әңгімелер. Баланың ақыл-ойына орай ыңғайланған, осы бір тұщымды дүниелерді оқып отырып «қазақтан шыққан алғашқы балалар жазушысы кім?» деген мәселеге қайта бір қарауды талап ететінін бағамдайсыз» - дейді. Бұл жерде де Жүсіпбек Аймауытұлы тұңғыш болып тұр ғой дей аламыз.
 
в). Жүсіпбек - публицист. «Жүсіпбек - қазақтың ұлттық прозасының да бастауында тұрған, оның туып, қалыптасуына аса зор еңбек сіңірген жазушы. Ол алғашқы талабын газеттік мақалалар жазудан бастап, біртіндеп көрнекті публицист болып өсті. Шағын суреттемелер, очерктер, жаза жүріп, көркем әңгімелерге ауысты. Содан прозаның үлкен жанрларына қол созды» - деп баға беріледі 6 томдық жинағында. Бұл көсемсөз шеберінің шағын прозадан үлкен прозаға, өзінің атақты романдарын тудыру жолына түскендігі болатын, яғни Жүсіпбектің журналистіктен жазушылыққа бет алу жолы еді.
 
г). Жүсіпбек - драматург. Бұл саладағы өлеңмен жазылған «Шернияз» пьесасынан (төменіректе толығырақ тоқталамыз) басқа, «Рәбиға», «Мәнсапқорлар», «Қанапия-Шәрбану», «Ел қорғаны», «Сылаң қыз», «Тас мейман», «Сараң сері» атты 8 драмалары оның есімін қазақ драматургиясының негізін салушылардың бірі ретінде ғана атап қоймай, қазақ театр өнерінің іргетасын қалаушылардың қатарында көрсетті. Мұндай өнерінің бастауы Семей қаласында Абай Құнанбайұлының қайтыс болғанының 10 жылдығына арналған әдеби кеште, аз уақыттан кейін «Біржан-Сара айтысы» театрлық қойылымын сахнаға дайындауында және өзі басты рөл Біржанды ойнау арқылы режиссерлығы мен актерлік шеберлігінде көрініп, қалыптаса бастайды. Бұл қойылған спектакльде 16 жасар Қаныш Сәтбаевта ойнаған екен.
​Жалпы, пьесалар жазуда тәжірибе алып, машықтанған Жүсіпбек 1920 жылы Семейде Баянауылдық жерлесі Жұмат Шанинмен «Ес-аймақ» театр труппасында спектакльдер қойса, 1922 жылы «Еңлік-Кебектің» қайта жазылған нұсқасын сахналаған. Осы жылы комедия жанрында «Сылаң қыз», ал 1925 жылы өзінің ең озық саналатын «Шернияз» пьесасын да жазып шыққан. Бұл пьесасын Жүсіпбек: «...Арқаның арқар жанды, асқар жүректі, аяулы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың аруағына арнаймын» - депті.
1926 жылы Қазақ Халық ағарту комиссариатының 32 пьеса қатысқан конкурсында екінші орын алған (бірінші орынды «Қаракөз» пьесасымен Мұхтар Әуезовке, сен Ленинградқа оқуға бара жатырсың ғой, бәйгенің қаражаты саған қажеттірек деп жолын да берген - дейді). Сол жылы Шымкентке ауысқанға дейін Қызылордада сахналап та үлгеріпті. Ақ өлең түрінде жазылған «Шернияз» пьесасы поэзиядағы шешендіктің драматургиядағы жаңа стилін Жүсіпбек қалыптастырғандығын замандастары да мойындаған. Жалпы, Жүсіпбек пьесалары мазмұны мен берген идеясы бойынша жиырмасыншы жылдардағы жаңа құбылыс болып табылатындығын зерттеушілер жазған болатын.
​1925 жылы Қызылордада «Ел қорғаны» пьесасын да Жүсіпбек сахнаға дайындап шығарған. Б.Құндақбаевтың авторлығымен «Жүсіпбек Аймауытов және театр өнері» атты кітапта бұның бәрі баяндалады. 1926 жылы қаңтар айында Қызылордада Қазақ театры ашылғанда, басшылығына халық таланттарының ішінен Жүсіпбек Аймауытұлының есімі де аталады. Алайда, Шымкентке педагогикалық техникумға қызметке баратындықтан және өзінің аталас інісі, кейіннен Қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы, алғашқы режиссер атанған Жұмат Шанин тағайындалғанына қуанады. 1931 жылдың 13 қаңтарында Халық комиссарлар кеңесінің жарлығымен Қазақ Елінің ең алғашқы халық әртісі атағында алған Жұмат Шанин болды. Бұл кезде Жүсіпбек Мәскеудегі темір тордың аржағында жатты.
​Әділдігіне қарай айтар болсақ, 1926 жылы Жүсіпбектің Шымкентке ауысып барғаны өте орынды болған сияқты. Себебі, Жүсіпбекті Жүсіпбек биігіне көтерген оның басты туындылары мен еңбектері шырайлы Шымкент жерінде (1926-1929) өмірге келген еді. Тек, 1929 жылы 14 мамырда қайтадан Қызылорда қаласына, өзі қызмет атқарған «Еңбек туы» газетіне (бүгінгі «Егемен Қазақстан») Шымкенттен ауысып барғаннан соң, көп кешікпей жаламен ұсталып, «Революцияға қарсы жасырын ұйымның мүшесі» деген айып тағылып, 1931 жылы 21 сәуірде Мәскеуде атылды. Жеті жылдан кейін РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58-статьясының 7, 8, 11 тармақтары бойынша ССРО Жоғарғы сотының шешімімен 1938 жылдың 26 ақпанында Жұмат Шанин де ату жазасына кесіліп, сол күні үкім орындалыпты.
​1972 жылы Шымкент Қазақ драма театрына Жұмат Шаниннің есімі беріліп, өткен жылы Шымкент қаласының орталығында орналасқан қала әкімдігінің дәл қасындағы осы театрдың алдында зәулім де сәулетті ескерткіші ашылды. Биыл жаз айында арнайы барып, жазушы-ғалым Құлбек Ергөбек ағамыз екеуміз гүл шоқтарын қойып, тағзым еттік.
 
д). Жүсіпбек - аудармашы ретінде шетел жазушылары В.Шекспир, Дж.Лондон, Г. Мопассан, В. Гюго, Ф. Дюшен, Р.Тагор, Н.Гоголь, А.Пушкин, Л.Толстой, А.Чехов, А.Горький, К.Беркович, С.Чуйков еңбектерін қазақ тіліне аударып, басқа елдердің әдебиеті мен мәдениеті арқылы Қазақ Елінің де дамуына әсер етіп, байыта түсті. «Молодая гвардия», «Интернационал», «Марш юных пионеров» атты сол заманның өлеңдерің, тіпті саяси-тарихи және экономика, заң саласындағы еңбектерді де (Н.Бухарин, М.Покровский, С.Богданов, Орыс тарихы, РСФСР Конституциясы) аударған. Бұл Жүсіпбектің орыс тіліне жетік болуын ғана емес, жан-жақты білімділігі мен ғалымдығын айшықтай түседі. Оқуға жеңіл болып, шығарманың мәні мен рухты көтеретін сарынын жоғалтпай, әдеби тілде аударма жасау шеберлігі де өте жоғары болған. Оған бірнеше оқиғаларды келтіруге болады, алайда ұзақтау болған соң, тағы бірде жариялармыз деп ойлаймын.
 
ж). Жүсіпбек - сыншы. Бұл салада Жүсекеңнің жазған мақалалары баршылық. «Аударма туралы», «Сұңқар жыры» жазбалары ерекше, сонымен қатар сындарлы сыншылдығы Семейде Мұхтар Әуезовпен бірге «Абайдан соңғы ақындар» мақаласында айрықша байқалған. Бұл сын тақырыбындағы мақаласы «Абай» журналының алғашқы санында 1918 жылы «Екеу» деген бүркеншік атпен жариялаған. Жалпы, Абайды өзіне рухани ұстаз тұтқан Жүсіпбек, ұлы ақын тақырыбына арнаған «Журнал туралы», «Абайдың өнері Һәм қызметі» атты мақалаларын да ұлттық әдебиеттегі тақырыптарды қаузай түседі және Жүсіпбектің Абайтанушы болғандығын нақтылай түседі. «Мағжанның ақындығы туралы» сыни мақаласында әдеби шығарма талдаудағы сынның міндеттерін, әдебиеттанудың өзекті мәселелері жайында жазғандары неге тұрады?!
​II. АҚЫНДЫҒЫ.
Расында да Қазақтың алдыңғы қатарда тұрған марқасқа ақиық ақындары Абай, Сұлтанмахмұт, Мағжан үшеуінің өлеңдеріне жоғары баға беру үшінде ақындық қасиет бойында болуы қажет емес пе. Ең алғаш қалам тартып, өлеңін алғашқы мүшел жасында жазған Жүсіпбек, туған жері Баянауылда өлеңдер жазған шығар деп ойлаймын. Алайда, баспада тек 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде «Сарыарқаның сәлемі» атты өлеңі жарияланады. Осы жылы «Алаш» газетінде де бірнеше өлеңдері жарық көреді.
Келесі 1918 жылы өзі ашқан «Абай» журналында өлеңдері мен мақалаларын көптеп жариялайды. Заманына қарай лирикалық өлеңдерден патриоттық лептегі «Әскер марсельезасы», «Жас әскер» және т.б. өлеңдерге бойсұнады. Сол кезде Семейде құрылған Алашорданың «Ұранын» - Қазақ Елінің алғашқы әнұранын тудырады. Кеңес өкіметі орнағанға дейін ұлттық гимн ролін атқарған. Бұл Жүсіпбектің қазақ халқының рухын көтерудегі баға жетпес өлеңдері болатын. «Әнұранды» көзі ашық әр қазақ орындағаны күмән тудыра қоймас.
​Жүсіпбектің өз сөзі: "Жазушылық, ақындық сүйекке бітетін өнер: қанша машықтаса да, кім болса сол жазушы бола алмайды, кемелдікке жете алмайды" - демекші, кемелдіктің шыңын Жүсіпбек Аймауытұлы поэзиядан гөрі прозадан іздегенге ұқсайды. Бұл ойымызды Шымкенттегі конференцияда бүгінгі заманның белгілі ғалымы, тарихшы, профессор Жамбыл Артықбаев нақты айшықтай түсіп қана қоймай, жаңа қырларын, әсіресе, ұлтты сүю, жалпы ұлтшылдығын аша түскенді: «Ж.Аймауытов шығармашылығында нашар дүние жоқ, бәрі де ұлт мүддесінен және заман талабынан туған еңбектер. Жүсіпбекке біз тек өрнекті, ырғақты прозаның негізін салушы ретінде қарап, оның азаматтығын, ұлтшылдығын, әлеуметшілдігін ескермесек, жазушының жұмбағын да шеше алмаймыз» - деді.
 
 
Алтынбек НУХҰЛЫ
ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Баянауыл ауданының құрметті азаматы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button