Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Шымкент сапары және Жүсіпбек Аймауытұлы - 4

4-бөлім

Фото: ашық дереккөзден
Жүсекеңнің қайраткерлігі мен ұйымдастырушылығы, ұстаздығы мен ғалымдығы
​III. ҚАЙРАТКЕРЛІГІ
Шынында да, Жүсекеңнің ақындығы мен жазушылығы, ұстаздығы мен ғалымдығы (соңғы екеуін алда қарастырамыз) ұлттың қайраткері атану жолына әкелген болатын. Көшбасшылық қасиеті ертеден көрінгендігін бір ғана мысалмен айтуға болады. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Семейге келгенде жастар атынан сөз сөйлеу құрметі Жүсіпбек Аймауытұлына берілген екен. Бұл кездесуде Әлімхан Ермеков пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтан басқа, Алаш ізбасарлары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев және т.б. болған. Академик Евней Бөкетовтің «Жас Қаныш» атты кітабында Ұлт ұстаздары Ахмет Байтұрсынұлы мен Әбікей Сәтбаев та аталады.
​«Семейдегі мұғалімдер семинария сыныбындағы 26 оқушының ішінде екі-ақ қазақ болыпты, олар Жүсіпбек Аймауытұлы мен Қаныш Сәтбаев» - деп белгілі қайраткер-ғалым, мықты ұйымдастырушы Шағангүл Жанаева Шымкенттегі конференцияда атап, айтып өтті.
​1917 жылдың қазан айында «Алаш» партиясының 15 кісіден тұратын, Семей облыстық уақытша комитеті Бүкілресейлік құрылтай сайлауы таянған себепті Семей мен Өскеменге 7 адам, арасында Мұхтар Әуезов бар, ал Павлодарға Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сәтбаевты сайлау мәселесін түсіндіру үшін кеткендері туралы «Сарыарқа» газетінің 5-ші қарашасында басылыпты. Соңғы екеуіне берілген мандаттың мәтіні мынадай:
«Павлодар уезінің комиссарына. Облыстық комиссариат сізден қазақ тұрғындарын ұйымдастыру жұмысы үшін уездерге іс-сапармен жіберілген Қазақ комитетінің делегаттары Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сәтбаевқа заң жүзіндегі әртүрлі жәрдем беруіңізді және Сізге сеніп тапсырылған уездегі барлық болыстық комитеттерге де өз тарапыңыздан осы туралы өкім шығаруды сұрайды. Облыстық комиссариат төрағасы үшін Троицкий, тұрақты мүше міндетін атқарушы полковник Киниц» (ҚР ОМА. 15-қ., 1-т, 428-іс, 49-п.).
Сөйтіп, Жүсіпбек Аймауытов пен Қаныш Сәтбаев «Алаш» партиясының бағыт-бағдарымен таныстыру жұмыстарын жүргізуді бастаған. Бұл мәліметтерді Жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлы өз жазбаларында келтіреді.
​Кейіннен Алаш партиясында ұлттың қамын жеп, аянбай қызмет атқарған арысымыз Жүсіпбек: «Ұлттық санасы биік, терең білімді адам ғана ел игілігіне қызмет етеді» - дей келе, сауаты мол, білімді қазақтарға көпке белгілі «Ұлтты сүю» мақаласында былай деп арнау айтады: «Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр». Бүгінгі таңда да бұл сөздердің өзектілігі мен маңызы артып-ақ тұр.
​Саяси тақырыптағы мақалалары мен өлеңдерінен көретініміз, оның Қазақтың мұңын мұңдап, елі мен халқың бірлікке шақырып, үндеуі. Алаш зиялысының көшбасшылық әрі ұлтын шексіз сүю қасиетінен шошынған қызыл Кеңес үкіметі Алашорда қайраткерлерінің ішінен алғашқы болып атып тастағаны да Жүсіпбек Аймауытұлы болды. Сондағы ОГПУ-дің коллегиясының 1930 жылғы 4 сәуірдегі қаулысының мәтіні мынадай:
​«- Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мерякуб, Испалов Мырза-Ғазы, Әділов Дінмұхамед, Аймауытов Жүсіпбек, Болғанбаев Хайротдин, Бірімжанов Ғазымбек, Ғаббасов Халел, Юсупов Ахмед Сапа.
​- 1921 жылы Орынбор қаласында контрреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистік ұйымның бастығы Валидовпен байланыс жасағаны үшін;
​- далаға барып, қарулы көтеріліс ұйымдастыру туралы жиналыс өткізгені және далаға сіңіп кетуге дайындалғаны үшін;
​- 1927 жылы ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қастандық әрекет жасауға тырысқаны үшін;
​- Юсупов А.С. - ОГПУ-дің құпия тыңшысы бола тұра, Бірімжановтың Валидовке кеткенін хабарламағаны үшін
​РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58-статьясының 2, 4, 8, 11, 13 тармақтары бойынша ату жазасына кесілді».
​Бұны «Шырмалған шындық немесе бір тергеудің тарихы» атты мақаласында белгілі алаштанушы, профессор ағамыз Тұрсын Жұртбай 1989 жылы газетте жариялаған болатын.
​IV. ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҒЫ
​Жүсіпбектің ұйымдастырушылық қабілеті Семей қаласында ашыла түскен.
​Алаштың атымтай жомарты атанған Қаражан Үкібайұлы (Семей қаласында жылына 1,5 миллион бас мал сойылатын ет өнеркәсібінің негізін қалаған, 500 қазаққа жұмыс орнын берген. Ол 1906 жылы 100 нөмірлі телефон станциясын әкеп орнатқан. Міржақып Дулатов 1906 жылы Семей түрмесіне түсіп қалғанда, 2500 сом кепілдік ақша беріп, шығарып алған да осы кісі және т.б. көптеген істерімен Алаш өкіметінің дамуына қамқоршылық жасаған) 1914 жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының қайтыс болғанына он жыл толуына орай Семейде әдеби еске алу кешіне демеушілік жасаған.
Осыдан төрт жылдан соң, Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезов екеуі «Абай» журналының он үш санын жарыққа шығарады. Сол кезде Мұхтар Жүсіпбекті ертіп меценат Қаражан Үкібайұлына алып келгенде, қанша керек болса да осы «Абай» журналын шығаруға толықтай көмектесем деп, қолдаған екен. Бұл журналдың бас редакторы Жүсіпбек Аймауытұлы, орынбасары Мұхтар Әуезов болған және екеуі бірге бірнеше мақалаларды «Екеу» деген бүркеншік атпен жариялаған.
«Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай» - деп немесе «Абайдың істеп кеткен қызметі әдебиетімізге асыл іргетас» - деп беретін байыпты бағасы әрі жазатын кезі осы «Абай» журналын шығарған уақытта болатын.
​Кіндік қаны тамған жері - Баянауылды да ұмытпаған. 1921 жылы Баянауылдың Қызылтауында ірі байларды демеуші ете отырып, бастауыш мектеп ашады. Онда 1928 жылғы кәмпескелеуге дейін балалар оқыған. Бұл жерге жақын ауылдардан балалар көп келгендіктен, әкімшілік пен шаруашылық ғимараттарын, дәрігерлік пункт және т.б. нысандарды да ашып, ауылды «Мәдени кіндік» деп атапты.
Бұл үрдіс Жүсіпбектің өмір сүрген елді мекендерінде жалғасқандығын, сол заманның ірі қалалары - Семейде (Губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы), Орынборда («Еңбек туы», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің редакторы, 1923-1924, Орынбор әскери мектебінде оқытушы 1925-1926), Қызылордада (Қазақ АССР Халық ағарту комиссарының орынбасары), Ташкентте (Ташкент халық ағарту институтында оқытушы, «Сәуле», «Шаншар» журналдарының редакторы, «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, 1924-1925) Шымкентте (Педагогикалық техникумның директоры) басшылық қызметтерде жалғасып отырған. Мықты менеджерлік әрі адамгершілігі мол білімді азамат екендігін әрдайым әр қызметінде сөзсіз дәлелдеген.
​V. ҰСТАЗДЫҒЫ
​Сол замандағы оқыған, тоқығаны мол білімді азаматтардың біразы ағартушылық жолда қызмет атқарғаны мәлім. Соның бірі Һәм бірегейі Жүсіпбек Аймауытұлы десек, қателесе қоймаспыз. Оның ұстаздық жолы, парасатты педагог болуына, ұлағатты ұстаздықтың іргетасын қалауына, білім сусынын алуына себепкер Павлодардағы орыс-қазақ училищесі болды (бұл училищені аяқтағанда жас Жүсіпбектің тек бестік бағаға бітіргендігі туралы құжаты және оған соңында қол қойған оқу орнының директоры Әбікей Сәтбаевтың қолтаңбасы маржандай әдемі болса, Жүсіпбектің де қолтаңбасы, жалпы жазуы меруерттей тізілген әдемі әріптер болыпты. Жүсіпбектің қолтаңбасын таптық деген хабарды павлодарлық ақын ініміз Бейбіт Бөженов пен ғалым Амантай Құдабаев жазған болатын).
Ал, жалпы терең білімінің негізін қалап, шыңдаған Семейдегі мұғалімдер семинариясы оқу орны болды. Бала оқытуда мұғалім бола жүріп, ұлағатты ұстаздық деңгейіне көтерілген Жүсекең Семейде, Қарқаралыда, Орынборда, Қызылорда мен Шымкентте қаншама шәкірттерді тәрбиеледі, туған жерінде мектеп ашты. «Бір күн әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» - деген де Жүсіпбек болатын.
​Мол тәжірибе жинақтаған Жүсіпбек, жиырмасыншы жылдардың басында алғашқы оқулықтарды жазуға білек сыбана кірісті. Психолог-жазушылығы мен әдіскер-ұстаздығы оны қазақ тілінде жазылған «Психология» атты осы саладағы алғашқы оқулықтың авторы атандырды. Бұл оқулық арқылы тұңғыш ұлттық психология ғылымының негізін қалаушы болып Жүсіпбек Аймауытұлы танылды. Бұл жолдың еңбекқорлыққа толы жалғасы оны ғұлама ғалымдыққа әкелді.
​VI. ҒАЛЫМДЫҒЫ
​Энциклопедист-ғалым, кемеңгер ұстаз Жүсіпбектің ана тіліндегі төлтума кітаптары «Тәрбиеге жетекші» (1924, Орынбор), «Психология» (1926, Ташкент), «Жан жүйесі мен өнер таңдау» (1926, Мәскеу), «Комплекспен оқыту жолдары» оқу-әдістемесі (1929, Қызылорда), «Жаңа ауыл» оқу құралы (1929, Қызылорда) өз заманында педагогика, психология, тәрбие саласында өзектілігі мен құндылығы жағынан таптырмайтын жоғары дәрежелі еңбектер болды (сөз орайына қарай өтініш: Ғалымдарымызға көрсетілген еңбектердің жылы мен қай қалада баспадан шыққанына дұрыс сілтеме беруде мұқият болуын сұраймыз). Тіпті бүгінгі таңда да маңыздылығын жойған жоқ. Мыс.: «Жан жүйесі мен өнер таңдау» атты зерттеу туындысы жастарға мамандықты дұрыс таңдай білуге бағыт-бағдар беруде орны бөлек еңбек.
​Белгілі психолог-ғалым Қ.Жарықбаев: «Жүсіпбек Аймауытов бас-аяғы бес жылдың ішінде психология мен педагогикадан қомақты бес еңбек жазып үлгерді. Бұлардың қай-қайсысында да халқымыздың ұлттық тыныс-тіршілігінен туындайтын тәлім-тәрбиелік тағылымдар баршылық...Тәлімдік тұрғыдан аса ерекше мәні бар, қазір де біздің әрқайсымызға үлгі-өнеге боларлықтай ендігі бір мәселе - Жүсіпбектің сөз саптау ерекшелігі, оның ана тіліміздің небір інжу-маржандарын пайдалана білу шеберлігі. Аймауытов сөйлемдері мірдің оғындай,әрқайсысы өз орнында. Тіпті, басы артық сөзді табудың өзі қиын...» - деп жазады.
Сонымен қатар «Біздегі ғылыми психологиялық терминдердің алғаш жүйеге түсуі де Аймауытов есімімен байланысты» десе, академик Ш.Құрманбайұлы: «Психология» оқулығында 320 шамасында термин қолданылған» - деп тұжырымдайды. Қазақ тілінде жаңа терминдердің бастауында да Жүсіпбек Аймауытұлы тұңғыш болып тұрғандығы сөзсіз. Жалпы, көрсетілген кітаптар (бүгінгі тілмен монография, оқулық) Жүсекеңнің сол заманда-ақ төрт-бес докторлық диссертацияны жазып тастағандығына сай, теңеуге балайтын еңбектер.
​Осы жазушылық, ақындық, публицистикалық, ұстаздық, ғалымдық болып тізбектелген сан-салалы негізгі еңбектерінің бәрі - Жүсіпбек Аймауытұлы өмірінің небәрі соңғы 10-12 жылында жасалынғандығы қайран қалдырады. Қалай бәріне үлгірген, оның үстіне сол кездегі саяси ахуалға байланысты жиі жұмыс пен мекен-жай ауыстыруын қоссаңыз, не деген жанкештілікті еңбекқорлық деп ойлайсыз.
​Мақаламда қағаз бетіне түсіріп, жазылып отырған негізгі ойлар - Жүсіпбек Аймауытұлының Үкімет қаулысымен 1988 жылы 4 қарашада шыққан Қазақ ССР Жоғарғы сотының шешімімен (бұл ақтау туралы толығынан 1988 жылдың 28-ші желтоқсанындағы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған "Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың творчестволық мұрасын зерттеу жөніндегі 32 мүшеден тұратын комиссияның қорытындысы") ақталғанынан кейін шыққан мақалалар мен кітаптардың біразын сараптау барысында жазылғандығын айтқым келеді. Қолданылған әдебиеттер тізімін де мақаланың соңында (соңғы постта) беремін.
​Жаз айларында Жүсіпбек Аймауытұлының 2013 жылы Алматыда жарық көрген 6 томдық шығармалар (1 том - пьесалар, өлеңдер, 384 бет; 2 том - романдар, 385 бет ; 3 том - повесть пен әңгімелер, аудармалар, 384 бет; 4 том - Псиқолоғия, жан жүйесі мен өнер таңдау, 384 бет; 5 том - Тәрбиеге жетекші, Жаңа ауыл (оқу құралдары), 384 бет; 6 том - «Комплекспен оқыту жолдары» оқу-әдістеме, мақалалар, хаттар, 384 бет.) жинағымен қайта танысып (әрбіреуі 384 беттен тұратын көптомдықтың жалпы саны - 2305 бет), оқып шығуға уақыт табуға тырыстық.
Міне, осы ой-түйіндерімізді жазуға да себепші болған осы жинақ пен Шымкентте өткен конференция және ондағы нәтижелі іс-шаралар. Бұл жазған ойларымыздың біразына ғалымдар да тоқталып өтті, ұсыныстар да жасалынды.
 
Алтынбек НУХҰЛЫ
ҚР Парламенті Сенатының депутаты,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Баянауыл ауданының құрметті азаматы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button