Шымкентте Абайдың 175 жылдығына орай кітап сөресі ашылды
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Bookcrossing» жобасы аясында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай кітаптар сөресі ашылды.
Бұдан былай кез келген оқырман осы кітап сөресінен өзін қызықтырған оқулықты тегін алып оқуына, сонымен қатар ұнатқан кітабын өз қорындағы кітаппен алмастыруына болады.
Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Жәни Қамбардың айтуынша, мұндай әдіс арқылы көпшілікті кітап оқуға шақыру, үндеуге мүмкіндік бермек. Әрі кітап қоры да үнемі жаңарып отырады деп күтілуде. Айта кетейік бұл «Bookcrossing» жобасы аясында ашылып жатқан бесінші сөре. «Bookcrossing» қозғалысының тарихына тоқтала кетсек, ол алғаш рет АҚШ-та пайда болып, қысқа мерзімде көптеген елдерде қолдау тауып, оның мүшелерінің саны қазіргі таңда 1,5 миллионнан асқан. Аталмыш кітап сөресінің ашылуына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаменті, Абай атындағы кітапхана мен Шымкент қалалық жастар мәслихатының өкілдері атсалысты.
Шымкент қаласы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі