Шымкентте ашық аспан астындағы музей жұмыс істейді
Шымкент қаласында «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы сәтті жүзеге асып келеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген мақсат-міндеттерге сәйкес, Шымкент қаласының даму тарихын бейнелейтін «Цитадель» (Ескі қаланы жаңғырту) бойынша ескі қалашық аумағына зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда келер жылы ашық аспан астындағы музей ашылады деп жоспарланған.
Цитадель болашақта Шымкенттің негізгі туристік орталығына айналады. Онда 500 орындық амфитеатр, ежелгі музей мен галереялар бой көтереді. Ескі қала бекінісін қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы аяқталады.
«Қазақстанның рухани киелі жерлері. Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы бойынша Шымкент қаласында жыл басынан 58 іс-шара: арнайы экскурсиялар, танымдық сабақтар, жылжымалы жиындар, ғылыми конференциялар мен зерттеулер ұйымдастырылды. Жалпы, жоба бойынша қаладағы 7 тарихи-мәдени ескерткіштер республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне, ал 8 нысан – жергілікті маңызға ие орындар қатарына енді. Шымкент қаласының киелі орындары – «Ибрагим ата», «Қарашаш ана», «Әбдул Әзиз баб», «Мірәлі баба», «Қожасалық» кесенелерінің аумағын қоршау, көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылымы реттелді.
Шымкент қаласы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі