Шымкентте Отанға қызмет етуге ниетті азаматтардың саны артты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі ұсынысынан кейін Шымкентте Отанға қызмет етуге ниетті азаматтардың қарасы артты.
Бүгінде қалалық әскери комиссиариятқа барып тіркеліп жатқан еріктілер көбейді. Шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімін жергілікті атқарушы орган анықтайтын болады.
Төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысымен қала бойынша әзірге 100-ге жуық азаматты қабылдау жоспарланыпты. Олар залалсыздандыру мен блок-бекеттерде патрульдеу жұмыстарын атқарады. «Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтарды тіркеуге алып жатырмыз», – дейді Шымкент қаласы қорғаныс істер жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ринат Мадияров. Қиын-қыстау кезде Мемлекет басшысының үндеуін құлақ асқан жастардың бірі – 21 жастағы Марлен Әбіл. 2018 жылы Алматы қаласындағы әскери бөлімнің бірінде Отан алдындағы борышын өтеп қайтқан. Запастағы сарбаз әскери бөлімге өзі келіп, тексеруден өтуге ниет білдірген.
«Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты қызмет етуге келіп отырмын. Бұл әрбір елім деген азаматтың міндетті борышы болуы керек. Тексеруден өтсем қай жер болса да қызмет етуге даярмын», – деді жас ұлан.
Шымкент қалалық әскери комиссариятында арнайы медицицналық комиссия жасақталған. Онда келген әрбір азаматтың денсаулығы жіті тексеріліп, сараптама жүргізіледі. Сынақтан өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақытында әскер қатарында болады. Айта кетейік,жұмысы бар еріктілердің айлық жалақысы сақталады.
Шымкент қаласы,
«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі